• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

27 Сәуір, 06:07:09
Алматы
+35°

18 Шілде, 2018 Оқиғалар

Үнді отбасында қыз болып туудың өзі мұң

Біздің әулетімізде қыз бала меншік, зат ретінде қарастырылады.

Қыз баланың қоғамдағы рөлі, құқығы ескірмейтін тақырып. Кей елдерде әлі күнге дейін қыздың құқығы аяққа тапталып жатқаны жасырын емес. Алысқа бармай-ақ отбасында жергілікті дәстүр мен наным, сенімнің жетегінде кетіп, туған баласының болашағына балта шауып жатқан жағдайлар болып тұрады. Мәселен, Үндістанда қызға білім алып, өз өміріне, болашағына қатысты таңдау жасауға мүмкіндік бермейді. Үнді фильмдеріндегі қыздың еркінен тыс күйеуге беру секілді жағдайлар шын өмірде де жиі көрініс табады. Оған Ануша есімді үнді қызының бастан өткерген жағдайы дәлел. Қазір Британияда тұратын үнді қызының оқиғасын BBC жариялады. Ондағы мақсаты әлемде қыздың құқығын қорғау мәселесі өршіп тұрғанын көрсету болса керек. Махаббат, отбасылық өмір, ата-ана мен баланың, ата-ене мен келіннің арасындағы қарым-қатынаста мәселелерді қозғаған Анушаның әңгімесін назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік. 

Бала кезімнен танымайтын, сүймейтін адамға тұрмысқа шығатынымды білдім. Біздің әулетімізде қызды меншік, зат ретінде қабылдайды. Бірінші ата-анаңның, одан кейін күйеуіңнің меншігі боласың. Қызға ер адамдарға қызмет етіп, баланы дүниеге әкелетін зат секілді қарайды.

Мен үндістандық отбасында дүниеге келдім. Екі ағам еркіндікте өмір сүрді. Олар университетте оқыды. Ал мен үй жинап, тамақ пісіру секілді жұмыстармен айналысатынмын.

Мектепте оқып жүріп, ЖОО-да оқуды, маман болуды армандадым. Ол үшін арнайы курсқа да барып жүрген едім. Бірақ ата-анам курсты тастауға мәжбүрледі. Болашаққа деген жоспарымның күл-талқанын шығарды. Мен маман иесі емес, жақсы жар, ана болу керектігімді айтып оқудан шығарып алды.

Ата-анам 60-шы жылдары Үндістаннан Британияға көшіп барды. Олар танысқанынан бір апта толғанда отбасын құрған. Ата-анамның бір-біріне деген махаббатын, жылулығын көрген емеспін. Бір-біріне бөтен адам секілді өмір сүріп келеді.

Балалық шағым қиындыққа толы болды. Ата-анамның досы мен бой жетіп келе жатқанда қырындайтын. Азияттық болғаным үшін мектепте талай қорлықты көрдім.

Маған «бүлінген тауар» секілді қарады. 19 жасымда Үндістанға «тазару» үшін жіберді. Бойымнан жын мен шайтанды шығару керек екен-мыс. Тазарды дегенде туыстарым маған күйеу іздей бастады. Мен отбасын құруға әлі дайын емес екенімді айтып, барлық жігіттің бетін қайтарып тастадым. Туыстарым екі айдан кейін мені Британияға қайтарды.

Бірнеше күннен кейін түнде үйден қашып кетіп, баспанасы жоқтарға арналған орталықтан бірақ шықтым. Тамырымды кесіп, дәрі іштім. Есімді жисам ауруханада жатыр екенмін.

Екі аптадан кейін ата-анам маған күйеу іздеуге қайта кірісті. Олар менің суретімді индуистік ғибадатханаға іліп, үндістандықтар қалыңдық іздейтін сайттарда жариялады.

Ата-анам болашақ күйеу баласын ұзақ таңдады. Бірі кәрі болса, екіншісінің тәрбиесінде кінәрат болды. Енді бірімен кастамыз әртүрлі болып шықты. Таңдап жүріп маған лайықтысын тапты.

Мен бөлек бөлмеде отырдым. Ол уақытта ата-аналар өзара бір-бірімен келісті де, мені ата-енеме көрсету үшін бөлмеге кіргізді.

Жігіттің туғандары отбасымызды білетін. Олар ғибадатхана арқылы ата-анаммен байланысты. Оның отбасын бірнеше минут қана көрдім. Болашақ жарым маған салмақты болып көрінді. Ол мейірімді және қамқор болады деп ойладым.

Ол басқа қалада тұратын. Екеуіміз хат алмасып тұрдық. Хатында маған уәдені үйіп төгіп берді.

Хаттарды ата-анама көрсеткенде олар таңғалды. Олар үшін біреудің қызға сүйіп, мәпелеуге уәде бергені ерсі көрінді. Алайда уақыт өте келе менің  жақсы отбасына келін болатыныма қуанатынын айтқан еді.

Бала кезімде бастан өткерген жағдайға байланысты күйеуіммен жыныстық қатынасқа түсу қиынға соғатынын айтқан едім. Ол бір-бірімізді жақсы білгенше күтетінін айтты.  Десе де той кезінде нағыз сұмдықты бастан өткердім. Фотодан менің қатты қорқып тұрғанымды байқауға болады. Некемізді мемлекеттік мекемеде одан кейін ғибадатханада қидық.

Жасым 20-да еді. Тойдан кейін күйеуімнің үйіне көшуім керек болды. Танымайтын адамдармен бір шаңырақ астында тұру керек деген ой қорқыныш ұялатты.

Той болған түні күйеуім мені зорлады. Төсекке жатпақ болған жерімнен құлатты да ойындағысын іске асырды. Анасына «іс бітті» деп хабарлады.

Мен төсекте отырып алғашқы неке түні мұндай болмау керек еді ғой деп ойладым. Оның романтикаға толы хаттарында маған мүлде басқа өмір сыйлайтынын айтқан еді ғой.

Ата-енемнің үйіне көшкенде өмірім тозаққа айналды. Анасының жасауыма көңілі толмайтынын айтып, ашуға булықты.

Ол 1000 фунт, жаңа көлік пен қымбат теледидарды талап етті. Ата-анамның оған шамасы жетпейді. Енем оның есесін меннен алды.

Ол мені күнде таңғы бесте оятып үйді жинауға мәжбүрлейтін. Таңғы үшке дейін ұйқы бермейтін. Шашымды қырқып, не жеп не ішетінімді аңдумен болды. Мұндай өмірге шыдамай, ауруханадан бірақ шықтым. Ол жерден ата-анам үйге алып кетті. Күйеуіммен ажырастым.

Ажырасқаннан кейін өзімді еркін сезіндім. Өмірімде өзгертемін деп шештім.

Гипнотерапия курсы мен Рейка терапиясын қабылдадым. Бұл – стресстен арылудың жапондық әдісі.

Ер адаммен таныстым, екеуіміздің қызымыз бар. Өкінішке қарай, ажырасып кеттік.

Қазір жасым 30-да. Жалғыз тұрамын. Өміріме ризамын. Қызым еркіндікте өмір сүргенін қалаймын. Қызым біреудің меншігі емес, жеке тұлға екенін сезінетіндей тәрбиелеймін.

Жақындарым туралы жаман ойламауға тырысамын. Себебі олар көз ашқалы көрген, білгендерімен өмір сүріп келеді. Отбасындағы дәстүр, мәдениетпен сусындады.

Олардың ата-анасы да дәл осындай қарым-қатынас орнатқан. Жақындарымның оларға қарсы шығайтындай жігері болмады.

Менің ойымша, өмір – қорлыққа, бассыздыққа шыдау үшін емес, махаббат үшін берілді.  

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір