• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 18:24:52
Алматы
+35°

07 Ақпан, 2019 Әлеумет

Көпбалалы отбасылардың мәселесін Венгрия қалай шешті?

Халық демографиясын шынайы ойлайтын билік елдегі отбасылық қиындықтарды жіті тексеріп, соған орай әрекет жасауы тиіс. Венгрия секілді...

Көпбалалы отбасылардың мәселесі елде белең алып тұр. Әлеуметтік желі, БАҚ-тың жазары да, көшеде кетіп бара жатқан жандардың да айтары – сол. Қозғалған тақырыптың атауы сондай әдемі (көпбалалы отбасы болу бәрімізге бұйырсын), алайда ойы – кілең негатив. Неге? Себебі мемлекеттің істеп жатқаны негативті ойларға әкеледі. Мұның себептері, шешудің жолдарын жазып та, айтып та жатыр халық. Ал біле білсеңіз, демографиялық қиындықпен күресудің жолын тапқан бір мемлекет бар. Былтырғы, яғни 2018 жылды «Отбасы жылы» деп атаған ол мемлекет елдегі отбасылар үшін тиімді, шын мәнінде тиімді жағдайлар қарастырды. Ол – Венгрия.

 2017 жылдың мамырында Будапештте өткен Бүкіләлемдік отбасылар конференциясында елдің премьер-министрі Виктор Орбан «елдің демографиясын қайтсек көтереміз?» деген сұраққа жауап іздеп көріпті.

Шынтуайтында, Еуропа демография бойынша артта келеді. Алайда Венгрия мұнымен күреспек ойда. Мемлекет демографиялық мәселелерді иммиграциялық жолмен емес, табиғи ресурстар арқылы шешуді мақсат еткен. «Ұлт алдындағы басты борышымыз – отандық өндірісті қайта қалпына келтіру. 2030 жылы әр жұптардағы балалар саны 1,5-нан 2,1-ге өсуі тиіс», - деп мәлімдеген еді сол кезде премьер-министр.

Халық саны жыл сайын он мыңдаған адамға азаятын Венгрия билігі әлемдік дәрежеге сүйене отырып, мынадай шешім қабылдады: «бала қандай отбасында дүниеге көбірек келеді? Әрине, алдында ешқандай кедергісі жоқ жайлы отбасында... Сол себепті мемлекет жаңа әлеуметтік саясат құрады».

Осыған орай 2018 жыл Венгрияда «Отбасы жылы» деп аталды. Онда қарастырылған мәселелер:

-Екі немесе одан да көп баласы бар студенттер сәбиі екіге толғанша тегін білім алады;

-Үш немесе одан да көп баласы бар студент дисконтталған тұрғын үй несиесін және 3300 еуроға дейінгі тікелей субсидиялар алады.

-Декреттік демалыстың уақыты бір жылдан екі жылға дейін созылады.

-Ипотекалық несиесі бар көпбалалы отбасылардың әр баласы үшін 1 миллион форинт көлемінде мемлекеттік көмек қарастырылды;

-Несиесі бар көпбалалы отбасыларға да билік көмек қолын созды: 2 баласы бар отбасының несиесінің 50 пайызын, ал үш баласы бар отбасы алған несиенің 100 пайызын мемлекет жапты;

Премьер-министр «отбасылы адамдар өмір сүретін мемлекет балабақшалар салады немесе бар балабақшаны жөндейді» деп айтты.

Билік, сонымен қатар, шет елдерде өмір сүретін венгрлік отбасыларды да қалыс қалдырған жоқ. Олар да түрлі жеңілдіктерге ие болды. Сонымен қатар, жүкті әйелдер босанған соң берілетін жәрдемақы көлемі де артты.

Халық демографиясын шынайы ойлайтын билік елдегі отбасылық қиындықтарды жіті тексеріп, соған орай әрекет жасауы тиіс. Венгрия секілді...

Gulim Zhaqan

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір