• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 05:41:26
Алматы
+35°

06 Ақпан, 2019 NEWS

Көпбалалы аналар "Біз үшін тудың ба, жұмыс істе!" дегендерге жауап берді

Министрліктің көп балалы отбасыларға жәрдемақыны көбейту жайлы ұсынысы әзірге сөз жүзінде.

Астанада көпбалалы аналар мемлекеттің қолдауына мұқтаж. Бүгін бір топ елордалық  күміс, алтын алқа иегерлері жәрдемақы көлемінің тым аз екенін айтып шағымданды. Сол үшін ұл-қыздарын үйде тастап, күні-түні жұмыс істейтін әйелдер де бауыр еті баларының өмірі үшін алаңдаулы. КТК арнасының тілшілері көпбалалы аналардың зарын тыңдап қайтты. 

Алтын алқа иегері Тәжігүл Еркеншаева 9 баланың анасы. 5 ұл, 4 қызды тәрбиелеп отыр. Бала-шағасымен қуықтай ғана бөлмеде тұратын келіншекке ай сайын 16 мың теңге жәрдемақы төленеді. Бірақ бұл ақша азық-түліктен артылмайды дейді ашынған ана. 

-Бір қап ұн, бір қап картоп, бір қап шекілдеуіктің майын аламын болды. Басқа ештеңе тимейді 16 мыңға. Жейтін тамағымызға ақша жетпей отыр ғой. Сосын пәтерақымыз бар. Қарызымыз бар. Несиені қашанғы ала береміз? - дейді Тәжігүл Еркеншаева.

Несие алып күн көріп жүрген батыр аналар жетерлік. Барлығы көп балалы жанұяға берілер жәрдемақы өсіп, көрсетілер көмек артса дейді. Өйткені, 5-6 баланы бауырына басқан келіншектер бір жағына шығысып, жұмыс істейін десек мүмкіндік жоқ дейді. Кішкентай ұл-қыздарды жалғыз қалдыра алмайды.

-Бәрі біз үшін тудың ба дейді? Өз тіршілігіңді өзің жаса дейді, - деді көпбалалы ана.

Негізі күміс пен алтын алқа иегерлеріне мемлекеттен  10 мыңнан 16 мың теңгеге дейін жәрдемақы төленеді. Енді «жанұя-2030» орталығы көпбалалы аналарға ақшалай ғана емес, пәтер алу жағынан да қолдау көрсетілсе дейді. Өйткені, көбі 5 баласынан айырылып, қайғыдан қан жұтқан отбасы секілді сарайда өмір сүреді.

 -«Көп балалы отбасы деген» бағдарлама ашылуы керек. Неге олардан алғашқы жарна сұрайды? Өздері пәтер жалдап жүр. Бізде тіркелген жүздеген ананың барлығында баспана жоқ. Арнайы аналар үшін арзан пайызбен алғашқы төлемсіз үй берсе, сол пәтер ақыны аналардың төлейтіндеріне сенім білдіремін, - «Жанұя-2030» ана мен баланы қорғау орталығының директоры Жаннұр Сахиева.

Ал Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі көп балалы әйелдерге берілетін ақшаның аз екенін әйтеуір мойындап, шаралардың қарастырылатынын кеш те болса мәлімдеген еді. 

-Жанұяда 4 баладан көп  болса, көпбалалы болып саналады. Оларға берілетін әлеуметтік көмектің түрі көп. Биыл мұндай отбасыларға бюджеттен 365 миллиард теңге бөлінген. Бірақ, қазір жәрдемақыны тағы өсіру туралы ұсыныс жасадық, - деді кеше журналистердің сұрағына жауап берген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова.

Сондай-ақ, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі, бала-шағасын асырау үшін түнделетіп жұмыс істейтін ата-аналарға қатысты да мәлімдеме жасады. Айтуынша, бұл олардың өз таңдауы екен. Қапыда 5 баласынан көз жазып қалған отбасы осы уақытқа дейін шенеуніктерден ешқандай көмек сұрамапты. Ал министрліктің көпбалалы отбасыларға жәрдемақыны көбейту жайлы ұсынысы әзірге сөз жүзінде. Сондықтан оның нақты қаншаға өсетіні  де беймәлім.

Ұсынған: Гүлім Жақан

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір