• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 14:49:53
+35°

14 Тамыз, 2018 Әлеумет

"Гиганттан" сақтаныңыз: Жалғызбасты ананы риэлторлар мұзға отырғызып кетті

Алматы қаласы Медеу аудандық сотының судьясы С. Жолманова да риэлтор жағына шықты.

Дина Сүлейменова есімді Алматы қаласының тұрғыны шарасыздықтан бұқаралық ақпарат құралдарынан қолдау күтеді. Пәтер аламын деп басы бәлеге қалған жалғызбасты ананың жанайқайы бізді бейжай қалдыра алмады. Еркін ой-пікір алаңы екендігімізді ескерте отырып, екінші тараптың да түсініктемесін жариялауға дайынбыз деген ақпарды оқырманға жеткізгіміз келеді. Жоғарғы сот қандай шешім шығаратынын білмейміз, алайда адамгершілік сотына салсақ, жалғызбасты ананың көз жасына қалу барып тұрған қылмыс екендігін айтпасақ сын болар. Дина Сүлейменова өз хатында былай деп жазады:

"ҚР Жоғарғы сотының төрағасы Жақып Асановтан, ҚР Бас прокуроры Қайрат Қожамжаровтан және ақпарат құралдарынан көмек сұраймын!

Пәтер аламын деп риэлторлардың алдауына түстім. Алматы қаласы Медеу аудандық сотының судьясы С. Жолманова да риэлтор жағына шықты. Қысқаша баяндайын.

2016 жылдың қыркүйек айынан бастап Алматы қаласынан 2 бөлмелі пәтер іздедім. Пәтерді тек риэлтор арқылы ғана көре аласың, үй иесімен кездесу мүмкін емес. Кейбір риэлторлар қағазға қол қоймай, пәтерді көрсетуден бас тартады, ол не қағаз екенін сұрағанымда, «пәтерді көрсеткенім туралы есеп» деді. Күніне қаншама пәтер көріп жүрген соң, кейде қағаздарына үңіліп, оқып та қарамайсың, солардың сөзіне сеніп, қол қоя саласың. Сөйтіп жүріп риэлторлардың бірінің құйтырқы әрекетіне кез болып, әуре-сарсаңға түстім.

2017 жылы наурыз айында «КРЫША» сайтынан үй іздеп жүріп «Империя Недвижимости» агенттігі арқылы Медеу ауданынан құрқылтайдың ұясындай 2 бөлмелі ескі пәтер көрдім. Үй иелері Көкшетау қаласында тұрғандықтан олар осы агенттікке кілтін қалдырып, сатуға рұқсат берген және бұрынғы көршілеріне де кілт қалдырған екен. Бірақ пәтерді қымбатсындым. Риелтор компания пәтер иесі Алматыға келетінін, келісуге болатынын айтты. Сөйтіп сол агенттікпен Келісім-шартқа отырдым, олар үй иелері келген кезде хабарлайтынын және өзім үй тапқан жағдайда оларға ескертіп, келісімшартты бұзу керектігін ескертті. Біраз уақыт өтіп, хабарласпаған соң, сол кезде доллардың құлдырауына байланысты қайтадан пәтер іздеуге кірістім.

«КРЫША» сайтынан қарап жүріп, Ербол деген риэлторға кез болдым. Ербол пәтер көрсетпес бұрын, ештеңе толтырылмаған қағаз ұсынды, қол қоймасам пәтерді көрсетпейтінін айтты. Пәтерді көрсеткені жайлы есеп беретін қағаз деген соң оқымастан қол қойдым. Кейін сол қағаз басыма пәле болатынын білмедім. Келісімшарт екенін айтпаған еді. Келісімшарт болса 1 данасын маған беруі керек емес пе? Оны да берген жоқ. Кешке жұмыстан шығып, пәтерді көруге барғанда сол баяғы көрген пәтер екенін білдім.

Ербол пәтер бағасын 13 млн 700 мың деді, оның үстіне қызметі 1 мың доллар екенін айтты. Оған шама келмегендіктен Ерболдың риэлторлық қызметінен бас тарттым. Сонымен бәрі қалды.

Сөйтіп жүргенде мамыр айында, алдында өзім сөйлескен «Империя Недвижимость» риэлтор компаниясының директоры звондап, үй иелерінің келгенін және олардың менімен кездескісі келгенін айтты. Сөйтіп бағасын келісіп, келісімшарт жасап, қарызданып, қауғаланып пәтерді сатып алдым.

Арада төрт ай өткенде сотқа шақыру келді. Баяғы Ербол деген риэлтор жұмыс істейтін «ГИГАНТ» компаниясы сотқа беріпті. Ербол қол қойдырған қағаз «менің сол компаниямен отырған келісімшартым екен, мен келісімшартты орындамаған екенмін. Ербол көрсеткен пәтерді бұл компанияның қызметіне ақша төлемей сатып алып, бұл компанияға 858 мың теңге шығын келтіріппін».

Бәрінен таңғалып отырғаным, әлі сот шешімі шықпаса да жеке сот орындаушысы хабарласып, көлігім мен пәтерімді арестке қоятыны туралы хат жіберіпті. Телефон соғып, зіркілдеп ескертеді тағы. Сонда, әлі шықпаған сот шешімін сот орындаушысы қайдан біледі?

Сот барысында «ГИГАНТ» риэлтор компаниясы осы пәтердің сатылымға қойылғанын «КРЫША» сайтынан көріп, көршіден кілтті алып, клиенттерге пәтерді көрсете бастағаны белгілі болды. Кейін, олар мен бас тартқан соң да осы пәтерді бірнеше адамға сатпақшы болғанын қазіргі көршілерден білдік.

«Гигант» компаниясының пәтер иелерімен ешқандай келісімшарты болмаған. Оны растап, қазір Көкшетаудағы пәтер иелері де хат жіберіп отыр.

Мен риэлторларға мүлде төлемеймін деп отырғаным жоқ. Сол пәтерді ең басында тауып берген, пәтер иесімен арамызда делдалдық еткен «Империя Недвижимости» агенттігіне риэлторлық қызметі үшін келісілген соманы төледім. Бүкіл құжаты, чегі тұр. Ол компания да растап отыр.

Олай болса айдаладағы «Гигант» деген риэлтор компанияға не үшін төлеуім керек? Сот аяқталмай тұрып үйім мен жеке көлігім неге арестте тұруы қажет? Рас, олар да пәтерді көрсетті, бірақ бағасына келістіре алмаған соң қош айтысып кеттік емес пе? Есеп-қисап деп ылдым-жылдым көрсеткен қағазы келісімшарт болса, оны заңды түрде толтырып, адамша көрсетпей ме, бір данасын бермей ме?

Өзім Алматыда он жылдан астам жатақханада тұрып келе жатқан жалғызбасты анамын. Мектеп бітіруге жақындаған ұлым екеуміз ақыры пәтер алғанымызға шексіз қуанып едік. Бірақ мынадай озбырлықты көріп, күйзелдік. Өзімнің де денсаулығым жоқ (онкологиялық ота жасатып, әр 3 ай сайын дәрігердің қарауындамын), маған жығылғанға жұдырық болды.

Осыған дейін адвокат қызметін атқарған заңгеріммен қоса, таяуда кәсіби адвокат жалдауға тура келді. Мен риэлторлық қызмет туралы заңның бүге-шігесін білмеймін. Адвокат олардікі зорлық екені анық деп отыр. Бірақ уақыт өткен сайын сотта өзімізді ақтап аларымызға сенімім азайып барады. Ол аз десеңіз «ГИГАНТ» компаниясының қызметкері Ербол есімді жігіт, көршіме келіп, егер мені қазіргі көршіңізбен, яғни менімен, екі рет көргеніңізді сотта айтсаңыз, біз сотты жеңіп тұрмыз,-деп сенімді түрде айтып кеткен. Ол сенімділіктің артында не тұр?

Ақыры таяуда «Гигант» компаниясының талап арызын қанағаттандырған сот шешімі шықты, сөйтіп барлығы 803260 теңге төлеуге міндеттеді, ол аз болса сот орындаушының қызметі үшін 45380 теңге төлеуім қажет екен. Осы да әділет пе?

Апелляциялық шағым түсірдім. Сөйтіп ол сол сот маған салынған ақша шығын екі есеге азайтып берді. Соттан шаршағандықтан, төлеп құтылайын деп келістім және төледім. Төлемді алғаны жөнінде қағаз беріп, іс осымен жабылды деген. Енді Жоғарғы сотқа шағым түсіріп, мұнымен де тоқтамаймыз деп отыр".

 

Zhazira Baidaly

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір