• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 22:13:33
Алматы
+35°

17 Қаңтар, 2019 Оқиғалар

"Жынын шығарамын" деп жанын шығарған бақсы: Күдікке ілінгеніме өкінбеймін

Полиция дерегінше, Шамалған ауылының тұрғыны ауыр дене жарақатынан қайтыс болған.

Бақсының емінен кейін көз жұмған марқұм жігіттің туыстары емшіге қарсы іс қозғалғанына қарсы. Дәстүрлі медицинадан шипа болмағандықтан, ақыл-есінің ауытқуынан үш жылдай қиналған 28 жастағы жігітті жақындары бақсыға өз еріктерімен әкеліпті. Алайда науқас 4 күн бұрын белгісіз жағдайда қайтыс болды деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі "Алматы" телеарнасының дерегін негізге алып.

Полицияның дерегінше, Шамалған ауылының тұрғыны ауыр дене жарақатынан қайтыс болған. Алайда,  емші жігіттің денесіндегі жарақаттарды бұрын да байқағанын айтады. Экзорцизм сеансы, яғни "кісі денеден жын қуу кезінде қайтыс болды" деген айып шындыққа жанаса ма? Тергеу изоляторынан қолхатпен шыққан бақсыны марқұмның туыстары неге айыпқа тартқысы жоқ? 

"Алла құр қалдырмас. Сондықтан мұны Алланың бұйрығына, тағдырдың жазуына қалдырайық. Жақсылық емес, мен сеземін, жақсылық емес. Мен қазір кінәлімін де. Сондықтан екі жылдан төрт жылға шартты жаза алуым мүмкін, болмаса әрмен қарай кетіп қалармын", — дейді емшінің өзі.

Төрт бүркіт, үш тазысын серік ерткен Әбдікәрім құсбегілік өнерімен өңірге танымал. Үйіндегі мақтау қағаздары мен кубоктары ұлттық спортқа қосқан еңбегіне орай берілген. 63 жасында "жын кірген жанды емдеймін" деп басы дауға қалған құсбегі бірнеше күн қамалған соң, бүгін қолхатпен бостандыққа шығыпты.

"Иә, қолын байлап алып келеді. Солай алып кетеді. Күндіз, таңертең әкеледі. Бір сағаттай емдейді, содан қайтып кетеді", — деп мән-жайды баяндап өтті құсбегінің әйелі.

Ем сұрағанға дем беру қасиеті бар құсбегі ем-дом кезінде дұғадан өзге, қамшы, мүйіз сынды заттарды қолданады екен. Қасқыр мен түлкі терісі ілінген шағын бөлменің қабырғасындағы қызғылт түс – 28 жастағы Тұрар Оразалиевтің қаны.

"Тынышталмай, басын қабырғаға соқты, бірақ күдікке ілінгеніме өкінбеймін. Ауырған жанды жақындары байлап, қолын кісендеп әкеліп, жарты сағат ем салған соң, алып кететін. Жетінші күнге қарағанда есін жинап, жақсарып қалған еді", — дейді құсбегі.

Ал жігіттің туыстары Тұрарды үйде байлап ұстағандарын, ол өзінің саусағын да шапқанын, көліктің астына да жүгіргенін баяндады.

"Айтуынша,  жатқан кезде аузыма бір нәрсе кіріп кетті деді. Содан қараңғы бөлмеге қаша беретін болды. Қатарға қосылмайтын болды. Біреулер жын деді, біреулер дуалаған деді. Біртүрлі болып кетті", — деді марқұм Оразалиевтің ағасы Амантай.

Қабырғасы күлдіреп қайтыс болған жігітті жақындары Талғардағы жүйке аурулары ауруханасынада жатқызған. Жаны жай таппаған жігіт өзіне бірнеше рет қол жұмсамақ болған соң, туыстары оны үйде кісендеп, күшпен ұстапты.

"Отын шабамын" деп қолын шауып тастаған. Содан қашып, Шамалған станциясына кетіп қалды. Одан машинаға салып, Ұзынағашқа алып келді. Мен Ұзынағашқа барып, Қаскелеңдегі ауруханаға апардық. Білмеймін ғой, жын кірсе, неше молдаға барды, жазылмады ғой. Психикалық ауруға шалдыққан ба деймін", — деді марқұмның туысы Еркеғали Әбдіғалиев.

Марқұмның туыстары тікелей камераға тілдесуге қарсы болды. Бірақ ауызекі айтуларына қарағанда, олар медицинадан медет таппаған соң, бауырларын қырықтан астам емші мен молдаға апарып емдеткен. Алайда, жігітке ем де, ес те кірмей, өмірінің соңы осылай өкінішпен аяқталған.

"Бүркітші кінәлі емес, тағдыры солай болды. Сондықтан алдағы уақытта соңғы рет апарып емдеткен бақсыны сотта барынша ақтап алуға тырысамыз, оған өкпе, ренішіміз жоқ", — десті.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір