• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

18 Сәуір, 18:15:59
Алматы
+35°

18 Ақпан, 2019 Айтты-ей, бауырың!

Жақсы ененің 15 әдеті

"Келінімнің мен «мама» деп атағанын қаламадым.

"Келінімнің мен «мама» деп атағанын қаламадым. Өйткені, анасы жалғыз, ене ешқашан ананың орнын баса алмайды. «Келінді де қызымдай көрем» деп шатаспау керек, келін келін болғаны секілді, ене де ана болмайды, ене болып қала береді". Біреудің үкілеп өсірген қызы келін етіп алғаннан соң, аяқты созып, қолды жылы суға малып отыруды қалайды енелер. «Бір отбасы мүшелерін отырғызып қойып, барлығын өзі істейтін, зыр жүгіріп аяғы жерге тимейтін» келінді тек ертегіден ғана еститін шығармыз. Сондықтан, енелер мен болашақ енелер өмірге шынайы көзбен қарағаны дұрыс шығар. Себебі, ұл сіздікі болса да, оның өмірі сіздікі емес. Отбасындағы тыныштықты қалайтын, ұлының бақытты өмір сүргенін қалайтын бір ананың қолданған 15 түрлі амалын сіз де қолданып көріңіз, бәлкім пайдасы тиер...

1. Сананы шарлап кететін түрлі жаман ойларға жол бермедім. Құрбыларым, абысындарым өздерінің келіндері жайлы айтқанда салқынқанды қалпымнан таймадым. Олар өздерін келіндерінің ұнатпай жүргенін айтып налығанда көңіл жұбатарлық сөздерімді айтқаныммен, оларды азғырмадым, келіндерін өздеріне қосыла жамандамадым. Өйткені, бір-біріне бөтен адамдар (алғашында ене мен келін бір-біріне бөтен болмай ма? Жылдар өте олар бір-бірінен жақын адамды таппайды) бірден қалай бір-бірін жақсы көріп кете алады? Құрметтеуді, иілуді, тіпті, қорқынышын түсінуге болады, бірақ, адамға бауыр басу үшін уақыт керек. Мен сол үшін келінімді келген күннен бастап мені жақсы көруін талап етпедім.

2. Келінімнің мен «мама» деп атағанын қаламадым. Өйткені, анасы жалғыз, ене ешқашан ананың орнын баса алмайды. «Келінді де қызымдай көрем» деп шатаспау керек, келін келін болғаны секілді, ене де ана болмайды, ене болып қала береді.

3. Ұлымның махаббатын, көңіл аударуын келініммен таласып талап етпедім. Отбасының әуелгі анасы менмін, сондықтан, ұлымның келінімді менен жоғары ұстамайтынына сендім. Екіншіден, ұлымның ақыл-парасаты бұл мәселеге жетеді. Ананы қалай сыйласа, жарына да қамқор болуы тиіс деп ұқтым. Ол ешқашан мені ренжітпейді, отбасын да, сүйген жарының да көңілін таба алады. Үшіншіден, келінмен жағаласып, таласудан да басқа қызықтар бар бұл өмірде.

4. Келінімді «балам» деймін. Жағымпаздану емес, баламдай жақын болсын деген ниет. Өзін еркін сезінсін деген тілек. Өзімсінгенім, менікі екендігін сездіргенім.

5. Жас отаудың ішіне тұмсығымды орынсыз сұға бермеймін. Келін неше күнде төркініне бару керек, қанша жалақы алады (жұмыс істесе), тапқан табысының қаншасын менен жасырады деген секілді сұрақтарға басымды қатырмаймын. Мен балаларымды өсіріп-жеткіздім, ендігі кезек келінім де өз өмірін сүрсін, отбасының арбасын өздері сүйретіп үйренсін.

6. Ұлым бойдақ кезіндегідей ұзақ уақыт менімен әңгіме-дүкен құрып отыруын немесе жұмысына ерте тұрып кетіп бара жатқанда үстіне киген киімінің немесе галстугінің жарасып-жараспай тұрғанын сұрауын талап етпеймін. Енді ол менен басқа тағы бір әйелдің көңілін табуы, тыныш өмір сүруі қажет. Баламды қинағанда не ұтамын?

7. Өзі сұрамаса ешқашан кеңес бермеймін. Насихат айтпаймын. Осы кезге дейін айтылған насихатты санасына тоқып үлгергеніне сенімдімін. Егер анасымен ақылдасуы керек шаруалары болса өзі айтады.

8. Егер өзі мені қуантуға асығып, бір жерге ертіп барғысы келсе барамын. Ал, келінмен бірге оңаша қыдырып қайтқысы келсе жолын бөгемеймін. Өйткені, осындайда әңгімелесіп, сырласпаса қашан бір-біріне жақын болады?

9. Келінімді ешкімге жамандамаймын. Мейлі ол жаман бола қойсын, басқалар кемшілігін түзетіп берер ме еді?! Қолынан келсе, әркім өзінің келінін түзеп, тәрбиелеп алсын. Керек болса, өзім тезге салып аламын. Тек жылы сөзімен, жылы қабағымен ағайын-туғанға жақса болды.

10. Ұлымның отбасында шешімі табылмай тұрған мәселе пайда болса, бір бұрыштан қарап отырмай, көмек көрсетуге ұмтыламын. Келініме шұлығы, қол орамалы немесе жейдесі жуылмағаны үшін ұрысып жатса, тазасын шығарып беремін. Ұлымның да мейірімі артады, келінімнің де... Ең бастысы, жанжалдың алдын аламын.

11. «Ерлі-зайыптының ортасына есі кеткен түседі»... Егер де ұлым мен келінімнің бөлмесінен қатты дауыстар шығып жатса, теледидардың даусын көтеріп немесе көршінің үйінен шәй ішуге кетемін.

12. Ұлым мен келінімнің арасында сөз тасымаймын. Ешқашан ұлымнан естіген сөзді келініме, келінімнен естіген сөздерімді ұлыма айтпаймын. Әзірше, олар мені өздеріне сырлас адам деп біледі.

13. Екі жасты өзара жақындастырудың жолдарын іздедім. Отбасылық өмірдің кейбір тұстарында бір-біріне ренжіп, ол реніштерін маған айтып, мұңын шаққанда «сенікі дұрыс» деп соңына дейін тыңдадым. Соңынан ұлыма әйелдің көңілі нәзік болатынын, оның тілін таба білу керектігін, келініме ұлымның мінезін қалай етсе ыңғайластыруға болатынын айтып, бір-біріне жақындастыруға тырыстым.

14. Ең алдымен жүйке жүйемді, денсаулығымды ойлаймын. Келінімнің пісірген асы ұнамаса, жекіріп, айқайлап шаршамаймын. Оған жұмсаған энергиямды тез бірдеңе пісіріп жеуге жұмсамаймын ба? Қиналатын жұмыс жоқ, кірімді машина жуады, үйімді шаңсорғыш тазартады. Келін өз отбасын ептеп алса болғаны.

15. Немерелі болғанда «талай баланы өсіргенмін» деп әр нәрсеге кіріспеймін. Ол заманда басқа еді, қазір басқа. Бесікті тербетіп отыруым мүмкін, бірақ, бала сырқаттанып қалса «өзім-ақ емдеп аламын» демеймін. «Неге дәрігерге жүгіреді болмашыға?», «неге бағасы удай дәрілерді сатып алып, балаға беріп жатыр?» деген сұрақтармен басымды қатырмаймын. Өйткені, баласы үшін ненің жақсы екенін менен гөрі туған ата-анасы жақсы біледі. Кейбір аналар ұлын ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстағысы келеді, есесіне келін жәбір көреді. Ұл болса анасының «разылығы» үшін әйелін мазасыз күйге түсіреді, қорлаудан да тайынбайды. Сондықтан, ұлының бақытты отбасы болғанының куәсі болған ана да бақытты екендігін естен шығармағаныңыз жөн.

Дайындаған: Г. Жұмаділдаева

Кәмшат Мұқашеваның фейсбук парақшасынан

Ұсынған: Әсел Болатқызы

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір