• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

23 Сәуір, 16:40:10
Алматы
+35°

20 Қыркүйек, 2018 NEWS

Вице-министрлер отандық ІТ-қауымдастығымен тағы да бас қосты

Елордамыздың Аstana hub технопаркінде дәстүрлі кездесуге айналған Digital Arena алаңында мемлекеттік органдар мен IT өкілдерінің екінші форумы өтті

Елордамыздың Аstana hub технопаркінде дәстүрлі кездесуге айналған Digital Arena алаңында мемлекеттік органдар мен IT өкілдерінің екінші форумы өтті. Еліміздің цифрландыру процесі жөнінде ой қозғап, отандық ІТ-мамандарының сауалдарына жауап беріп, ұсыныстарын тыңдағандар арасында 4 министрліктің вице-министрлері болды.

Аталған кездесуге ҚР Ақпарат және коммуникациялар вице-министрі – Динара Щеглова, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі – Арман Евниев, ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі – Тимур Тоқтабаев және ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі – Марат Нұрғожин қатысты. Ал, басқосудың басты қонағы ретінде – инноватор, Be In Tech компаниясының директоры – Бағдат Мусин шақырылған болатын.

«Әрбір адам бақытты өмір сүргісі келеді. Денсаулық маңызды дейміз-қадірін білмейміз. Жанұя маңызды дейміз, бірақ отбасы мүшелеріне уақыт тауып, көңіл бөлмейміз. Бай болғымыз келеді, бірақ неден бастарымызды білмейміз, әрекет жасауға ерінеміз. Тіпті күнделікті кездесулерге кешіккен кезде өзімізге мыңдаған сылтау тауып, өз-өзімізді алдаймыз. Адамға шын мәнінде бір нәрсе маңызды болса ол оның қолында болады», – деген жалынды сөздерімен Мирус Құрмашев «Атамекен» ҰКП IT-кеңесінің төрағасы форумның модераторы ретінде жиынды бастады.

М. Құрмашев осы басқосуды ұйымдастыру оңайлыққа түспегенін, ел мен жер тағдырына немқұрайлы қарай алмайтынын жеткізді.

Вице-министры

«Бүгінгі жиналып отырған себебіміз – мен үшін маңызды. Соңғы айдың ішінде мемлекеттік қызметкерлерді осында жинау үшін қағылмаған есік, жазылмаған хат, соғылмаған телефон қалмады. Кейбіреулері есігін ашты, кейбіреулері сөзінде тұрмай қашты. Анда-санда ойлап қоям: «Мирус не істейсің сен мұның бәрін? Біреулердің артынан жүгіріп қайтесің?». Бірақ, елімнің тағдыры мен үшін маңызды», – деді модератор.

Ал, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Арман Евниев ауылшаруашылығы саласын цифрландыру процесіне сәйкес алдағы тың жобаларымен бөлісіп, жаңа технологиялардың көмегімен өндіріс өнімін арттыруға, шығын көлемін азайтуға болатынын айтты.

«Мемлекет басшысы жыл басында АӨК дамыту туралы нақты тапсырмалар берген болатын. Отандық өнімдердің санын ұлғайтып импорт көлемін шектеуге, экспорттауға мән бере отырып, бес есе ұлғайтуды тапсырған еді. Қазіргі уақытта ауылшаруашылығының екі ірі саласы ол өсімдік шаруашылығы мен мал шаруашылығының 25 бағытын дамыту арқылы елімізде агрокәсіпкерлікті ІТ шешімдерсіз қолға алып дамыту мүмкін емес», – деді  А. Евниев.

Вице-министр

Сонымен қатар, ол еліміздің ауыл шаруашылығы саласында көптеген кедергілердің барын айтып, оны цифрлық технологиялардың көмегінсіз шешудің мүмкін еместігін жеткізді.

«Әлемдік тәжірибеде көріп отырғанымыздай цифрлық жаңашылдықтарды қолданған елдердің экономикасында айтарлықтай өсім болған. Бізде ауқымды мемлекеттік бағдарлама бар. Оның маңыздылығы – салалы боуында. Біз цифрлық технологияларды бизнесті ілгерілету үшін, өндірістегі өсім көлемін ұлғайту үшін пайдалануымыз қажет. Осы мақсатта біз агрокәсіпке не қажетті екенін, олардың неге мұқтаж екендігіне сараптама жасап, талдадық», – деді вице-министр.

Оның сөзінше, цифрландыруға байланысты бүгінде бірқатар іс-шаралар жүзеге асып та, жоспарланып та жатыр. Мәселен, еліміздің 2 ірі жоғары оқу орны АТ-мамандарын даярлауды қолға алды. Ал, жоспарларға келер болсақ, жуырда жер кадастры бойынша қызметтер ашық формада көрсетіліп, ауыл шаруашылығын қолдау мақсатындағы несиелерді алу жеңілдемек. Қажеттіліктерге тоқталар болсақ, Қазақстанның агроөнеркәсіп секторына Е-агроном, Е-ветеринар, Е-Селекция, AgroUber сияқты жаңа жобалар қажет.

Ал, ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі Тимур Тоқтабаев цифрлық технологиялардың транспорт саласындағы кедергілерге тосқауыл бола алатындығына тоқталды.

«Біз цифрландыру бағдарламасына сәйкес өнеркәсіп орындарына жаңашылдықтар енгізіп жатырмыз. Қазіргі таңда цифрлық фабрикалардың 7 моделі таңдап алынды. Соларға цифрлық жүйелер біртіндеп енгізілетін болады. Кен өндіру көлемінің төмендеуіне қандай себептер әсер етеді деген сауалға келер болсақ, бұл әртүрлі апаттардан  немесе қоймаларға жеткізуді синхрондау проблемаларынан орын алып жатады. Мұның барлығы өз кезегінде тиімсіздікке әкеліп, заманауи технологияларды енгізуді талап етуде. Мәселен, кен тиелген жүк машинасы мерзімінен ерте не кеш келіп қоятын болса, тауар бағасы түсіп кетеді. Ал, цифрлық технологиялар болса мұндай кедергілердің болуына жол бермейтін болады», – дейді Т. Тоқтабаев.

Вице-министр

Вице-министрдің айтуынша, 2020 жылға қарай Қазақстанның транзиттік түсімін 5 млрд. АҚШ долларына дейін көбейту көзделіп отыр. Бұл едәуір қаражат ел тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға жұмсалады. Еліміздегі транзиттік сала «ақылды» және тиімді болуы шарт. Осыған орай, интеллектуалды көлік жүйесінің элементтері (ауа райы туралы ақпарат, әсер етуші факторлар) енгізіледі. Мұның бәрі жүк тасымалдау жылдамдығын арттыруға мүмкіндік бермек.Десе де, ҚР Ақпарат және коммуникациялар вице-министрі Динара Щеглова өзге вице-министрлер сөз етпеген мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру мен оңтайландыру мәселесін тілге тиек етті. «Мемлекеттік қызмет бойынша ҚР вице-Премьер-министрі Асқар Жұмағалиевтің қатысуымен кеңес өткізіліп отырады. Онда біз мемлекеттік мекемелердің қызметтерін және оларды автоматтандыру әрі оңтайландыру мәселесін қозғаймыз. Сондай-ақ, мұның барлығы азаматтарға жайлы ма, жайлы емес пе соны қарастырамыз. Бұған қоса, ашықтықтың артқанын қалаймыз» - дейді Д. Щеглова.

Вице-министр

Сондай-ақ, ол форумға қатысушыларды бірге жұмыс істеуге шақырып, ұсыныстарымен бөліскендерге көмек қолы созылатынын жеткізді. Тағы да айта кетерлігі, Динара Ринатовна ҚР Мәдениет және спорт министрлігі киберспортты жеке спорт түрі ретінде танығанын айтып, жақын күндерде елімізде киберспорт бойынша чемпионаты өткізілетінін хабарлады. Аталған ауқымда шараға 40 мыңнан астам адам қатысады деп жоспарлануда.Ал, төртінші болып сөз сөйлеген ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Марат Нұрғожин ақпараттық қауіпсіздікке кеңінен тоқталды.

«Біздің негізгі бағыттарымыздың бірі – ақпараттық қауіпсіздік. Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі осы саланы реттеп отырады. Осы ретте, тауарларды тіркейтін бағдарламалық кешен жасақталды. Оған мысал ретінде «Фаворит» компаниясын айтсақ болады. Ол осы салада лидерлердің бірі саналады. Қазіргі таңда ақпараттық қауіпсіздіктің жедел орталығы жасақталу үстінде. Мен де IT-қауымдастықты осындай жобаларды бірге жасауға шақырамын», - деді ол.

Оның айтуынша, еліміздегі барлық министрліктерде 341 шешімін күтіп отырған міндеттемелер бар. Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі оның әзірге 44-ін шешті. Ауыл шаруашылығындағы нақты егіншілікті ғарыштық зерттеулерсіз елестету қиын. Ақпарат, телекоммуникация, логистикада да ғарыштық программалау жүйелері ауадай қажет.  

Ал, форумға арнайы шақырылған қонақ Бағдат Мусин болса цифрландыру процесіндегі негізгі проблемаларды сөз етіп, мұны шешу үшін оның нағыз ошағына бару қажеттігін айтты.

«АТ саласы индустрияға біртіндеп ене бастады. Цифрландырудағы мәселе – цифрландыру өз алдына өмір сүреді, индустрия болса өз-өзімен жұмыс істейді. Цифрландыру ауыр индустрияда болу қажет, ондағы мәселелерді шешу керек. Ауыл шаруашылығы, мұнай, денсаулық сақтау салалардағы проблемаларды табу керек», – дейді Б. Мусин.

Оның айтуынша, әлем ақпараттық технологияларды дамыту бойынша бәсекелес ортаны тудырып, нарықты қалыптастырып отыр. Кімнің ақпараттық жүйелері мықты, сол ел-қуатты, - деп түйіндеді инноватор.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір