• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 11:45:18
Алматы
+35°

21 Ақпан, 2019 Әлеумет

Ұлтынан, тілінен мақұрым қалған қазақстандық әжей өз-өзін іздеп жүр

Қазір Қазақстанның даласына, әр ағашына, шөбіне ұзақ үңілем де, түпсіз, тамырсыз екенімді түсінемін.

Esquire редакциясының тілшісі соғыс жылдары лагерде тәрбиеленген бүгінде 70-тен асқан әжейдің хикаясын тыңдады. Әжей өзінің шын аты-жөнін де, ұлтын да білмейді. Есінде қалғаны – тек қараңғы, суық лагерь.

Анна Михайловна Широшена, зейнеткер:

–Туған күнім, жылым, есімім, әкемнің есімі, тегім, тіпті ұлтым да – ойдан шығарылған. Халық жауларына арналған лагерге қалай тап болғаным еміс-еміс есімде. Алайда ата-анамның қандай кінәсі үшін келгенімді түсінбедім.

Лагерде тағдырлары әр қилы балалар болатын: бірі сонда дүниеге келген, бірі халық жауының баласы болды, енді бірінің түп тамыры кулактан шыққан. Ал мен бұлардың қайсысына жатқанымды да білмедім.

Тек ұзақ жол жүріп келгеніміз есімде. Темір жол, пойыз, дала, атылып жатқан бомбалар... Әр станцияда өліп жатқан адамдардың денесі... Біз анам және кішкентай сіңлім үшеуміз бірге болған сияқтымыз. Бірақ одан бері қаншама уақыт өтті, нақты айта алмай отырмын.

Анна Михайловна

Қайсысы өңім, қайысысы түсім екенін ажыратудың өзі қиын болып кетті.

Лагерде бәрінен үлкен мен болған секілдімін, себебі бойым ұзын еді. Адамдар мені ақыл-есі дұрыс емес деп ойлайтын, олай ойлайтын жөндері бар еді. Ешкіммен сөйлеспейтінмін, ешкімді түсінбейтінмін де... Шамасы, тіл білмеген болуым керек.

Балалар үйінде тәрбиеленген өзге балалар секілді менің де жағдайым мәз емес еді: аш жүру, соңғы наныңа дейін тартып алатын қатал тәрбиелеушілер, әр шалыс басқан қадамың үшін жазаланатын күндер. Қышыма, трахома сынды түрлі жұқпалы аурулар... Күзетші Вася аға әр апта сайын келіп, балалардың өлі денесін арбаға салып алып кететін. Оларды Долинка поселкіне апарып көметін. Қазір ол жер «Ананың зираты» деп аталады.

Ол жердегі балалар ешкім емес еді, тәрбиелеушілер аты-жөндерін ойдан құрастыратын. Үстел үстінен майды көрсе – Маслова, тәрелкеге көздері түссе – Тарелкин, сол секілді Иванов, Петров немесе Сидоров атанып жүре беретін. Әрине, ата-аналары тірі болса, мұндай фамилиялармен балаларын қалай іздеп тапсын?

Мен қайдан келдім, кіммін, отбасым қайда? Жанымды күн сайын жегідей жейтін сұрақтар – бұлар. Осылайша лагерге дейінгі өміріңе түбегейлі нүкте қойылады.

Ол жақтағылар менің ұлтымды «орыс» деп жазатын, бірақ олай емес екеніне сенімдімін. Орыс тілі ана тілім емес еді.

Лагерден кете сала, өз-өзімді іздей бастадым. Ұлтымды білгім келді. Отбасымды тапқым келді. Маған ең болмағанда бір дүниені еске салар деген ниетпен айнаға ұзақ қарайтынмын. Түрімді еуропалыққа, біресе латвиялыққа немесе беларус ұлтына ұқсататын едім.

Анна Михайловна

Архивтегі құжаттарды, қағаздарды ақтарғанымды айтпай-ақ қояйын. Әйтеуір Қазақстанның азаматшасы болып шыға келдім. Советтік құжатымды қазақстандық куәлікке ауыстырып алдым, ұлтым – қазақ деп тұр. Осылайша тағдыр мені Қазақстанға айдап әкелді. Бірақ өзімді іздеуді доғармадым.

Түрлі елдің мәдениетімен, тарихымен танысып жүрдім, бірдеңені жүрегім сезіп қалардай... Әкемнің аты құжатта «Михайловна» деп жазылған. Бәлкім, лагердегі менен өзге жүздеген баланың тегі «Михайловна» болып кеткен болуы керек.

Үйім әлемдік әдебиетке тұнып тұр, діндері, ділдері – бәрін оқыдым. Иә, бәрі өзінше қызық, ерекше, бірақ маған тән емес секілді.

Тіпті бір кездері өзімнің басымнан кешкендерімді «Жди меня» бағдарламасы арқылы айттым. Бұдан соң зор үмітпен Мәскеуге аттандым. Арманыма жақындағандай болдым. Бірақ жүрегім шыдамады, бірнеше станциядан соң жүрегім сыр беріп, пойыздан түсуіме тура келді. Мені өлдіге санаған дәрігерлер мәйітханаға апара жатты. Бірақ жолда қайта тірілдім де, артқа қайттым.

Қазір Қазақстанның даласына, әр ағашына, шөбіне ұзақ үңілем де, түпсіз, тамырсыз екенімді түсінемін.

Қартаң жастамын, отбасым, екі балам бар. Бір қызым Германияда, менің туғандарымды сол жақтан іздестіріп жүр. 70 жылдан аса уақыт өтті, өзімнің кім екенімді, қайдан шыққанымды сол күйі біле алмадым. Бірақ біл білерім – Қазақстанның ен даласын тастап кете алмаймын.

Аударған: Гүлім Жақан

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір