• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 09:26:40
Алматы
+35°

21 Мамыр, 2019 Саясат

Тоқаев: "Қазақстан мен АҚШ арасындағы стратегиялық әріптестіктің мәні бар ма?"

Қасым-Жомарт Тоқаевтың біз сол кезде білмеген қырлары оның әлемдік деңгейдегі саяси салмағы мен беделін бұрынғыдан да арттыра түскен болатын.

2007 жылдың қоңыр күзінің соңғы күндері Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға 2010 жылғы төрағалыққа сайлануы біз үшін айтулы оқиға болғаны рас. Бұл жеңісіміз бүгін неге есімізге түсіп отыр? Негесі сол, айтулы осы жеңістің бастауында тұрған Қасым-Жомарт Тоқаев дәл қазір Қазақстан Республикасы Президентігіне үміткер болып тіркелді. Сондықтан да осыдан он жылдан астам уақыт болған оқиғаны бүгін тағы бір терең талдап шығудың еш артықтығы бола қоймас.

Бұл төрағалық ең алдымен Қазақстанға әлемдік қауымдастықтан өзінің лайықты орнын ойып алуы және өз-өзімен томағатұйық өмір сүрмей, қасаңдықтан қашып, әлемдік іргелі істердің басы-қасынан табылып жүруі үшін аса қажет еді. Тәуелсіз Қазақстанның көк байрағы Еуропа қауымдастығының төріне тігілгені – шын мәнінде біздің ұлы жеңісіміздің бірі.  ЕҚЫҰ сияқты аса беделді ұйымға төраға болу мәртебесі,  сөз жоқ, еліміздің абырой-беделін  көтере түсті. Осы төрағалықтан кейін Қазақстан өз дамуында жаңа бір биік сатыға көтерілді. Кейбір шетелдік саясаткерлер айтып жүргендей, бұл – жәй ғана қатардағы іс емес,  жас Қазақстанның  дүниежүзілік аренадағы  салмақты орнын танытатын бітімі бөлек мерейлі табыс болды.

Сонымен қатар Қазақстанның төрағалық етуі нәтижесінде Батыс пен Шығыс арасындағы ынтымақтастық аясы кеңи түсті, ЕҚЫҰ  Қазақстан арқылы  Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы және Шанхай ынтымақтастық ұйымы сияқты өңірлік белді ұйымдармен ынтымақтаса білді.

ЕҚЫҰ-ға төраға болу арқылы Қазақстан гуманитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісін жетілдіріп,  Орталық Азия мен Еуропа елдерінің барлық аумағында қауіпсіздік пен ынтымақтастықты сақтауға байланысты белсенді саясат жүргізіп, біздің еліміз әлемдік аренада өзінің беделін сақтай отырып, еуроатлантикалық және еуразиялық кеңістіктегі жаңа сападағы үнқатысу алаңына айналғанын көптеген елдер толық мойындады.

Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға 2010 жылғы төрағалыққа сайлануы Қазақстанның экономикалық өркендеудегі және бірінші кезекте қоғамымызды демократиялық тұрғыдан реформалаудағы табыстарымыз және Қазақстанның Орта Азия аймағы қауіпсіздігіне ғана емес, жалпы ғаламдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісіне де зор үлес қосып келе жатқанымыз ашық мойындалды. Көп ұлттың өкілдері тұратын елімізде келісім мен бейбітшілікті сақтауға байланысты жинақталған тәжірибеміз ұйымға қатысушы елдердің назарын аударды. Бұл таңдауды осы ұйымның байырғы және жаңа мүшелерінің ұстанымдарын жақындастыруға Қазақстанның әлеуеті жететінін ЕҚЫҰ қауымдастығының жете ұғынғандығымен де түсіндіруге болады.

Қазақстан қол жеткізген табыс бізге не берді, қандай  пайдасы болды? Қазақстанның Еуропа қауіпсіздігі және ынтымақтастығы ұйымына төрағалық етуі тек Қазақстанның ғана емес, бүкіл Орталық Азияның  одан әрі демократиялануына тың серпін берді. ЕҚЫҰ-ына Қазақстанның төрағалығы нәтижесінде Орталық Азияның, соның ішінде біздің көршіміз Ауғанстанның проблемаларына баса назар аударылды. Адам және қару саудасымен, есірткі тасымалымен, ұйымдасқан қылмыс және лаңкестікпен күрес күшейе түсті. Мұның бәрі аймақтағы қауіпсіздіктің, тұрақтылықтың нығаюына жәрдемін тигізді.

Алайда, бұл өзі бір күнде бола қалған жеңіс емес еді. Бір айда бола қалған шаруа емес еді. Бір жылда бола қалған қуаныш емес еді. ЕҚЫҰ-ға төраға болу оңайлықпен келген жоқ. Қазақстан дипломатиясы бірнеше жыл бойы аса ауқымды да күрделі жұмыстар атқарды. Құбылып тұрған дүниеде, әркім саясат ойынын шыр айналдырып, өз мүддесі тұрғысынан қадам жасап  жатқан кезде олармен тіл табысу  біршама  қиындықтармен жүзеге асты.       

Айтулы оқиғаға байланысты келіссөздердің басы-қасында жүріп, Қазақстанның іргелі де құрметті ұйымға төрағалық етуіне орасан еңбек  сіңірген Қасым-Жомарт Тоқаевтың аты тарихта алтын әріптермен жазылып қалды. ЕҚЫҰ-ға  төрағалық ету барысындағы саяси "тар жол, тайғақ кешулерде" Қасым-Жомарт Тоқаев ғажап дипломатия мен білімділіктің тамаша үлгісін көрсеткенін бүгін айту – парыз. Бірнеше жылға созылған ұзақ марафонның барлық драматизмін оқырманның көз алдына келтіру мақсатында Қасым-Жомарт Тоқаевтың аталмыш оқиғаға қатысты естелігінен үзінді келтіруді жөн көріп отырмыз:

"Мен қалыптасқан жағдайда мейлінше бар мүмкіндікті пайдалану керек деп есептедім. Сондықтан Мемлекеттік хатшының бірінші орынбасары Николас Бернспен (айқай-шуға толы қайшылықтардың болатынын сезген болуы керек, К.Райс Брюссельге келген жоқ)  шұғыл консультация өткізуді талап еттім. 15 минут бойы америкалық дипломат менің уәжімді тыңдауға мәжбүр болды. Жасыратыны жоқ, салмақты қағытулар да айтуға тура келді: «Егерде осы мәселе бойынша бізді қолдамайтын болсаңыздар, Қазақстан мен АҚШ арасындағы стратегиялық әріптестіктің мәні бар ма?"  Пікірталас барысында мен Қазақстан жағы консенсусты бұзатындығын да жоққа шығарғам жоқ, онда ЕҚЫҰ қиын жағдайда қалатынын да ескерттім. Алайда, біз Еуропада бөлініс шебін құруды қаламайтын едік.

Н.Бернс АҚШ-тың принципті ұстанымына нұқсан келтірмейтіндей ымырашыл шешімдерді іздей білетін ірі дипломат екендігін бұрындары да айтқан едім. Сұхбаттасушының осындай пайдалы қасиетін білетіндіктен мен  орын алған проблемаға орай ешқандай шешім қабылдамауды, ал  мәселені 2007 жылы Мадридте өтетін сыртқы істер министрлерінің кезекті мәжілісінің төрелігіне тапсыруды ұсындым. Бұл ұсыныс америкалық делегацияны біршама солқылдатып тастады, әйтсе де амалы құрыған Н.Бернс біздің ұсынысымызбен ақыры келісіп тынды. Осылайша, ұзақ-сонар бітпейтін тескентаудың түбінен сәуле көрінгендей болды.

С.Лавровпен өткен консультация қысқаша болды, дегенмен кесек тураған әңгіме көп айтылды. Ресейлік министрмен біз ЕҚЫҰ төрағасының қорытынды құжатының төңірегінде уағдаластық. Мен алдын ала өз ескертулерім мен түзетулерімді енгіздім, әріптесім олармен келісті, алайда  ол, меніңше, бұрынғы кеңестік елдер үшін қабылданбайтын мәлімдеме мәтініндегі кейбір ережелерді алып тастауды ұсынды. Ымыраласудың онсыз да нәзік жібін үзіп алмау үшін оған кейбір тұстарда қарсылығымды білдіруге тура келді.

Брюссельдегі ЕҚЫҰ-ның министрлер кездесуінде орын алған драмалық шежіре осылайша аяқталды. Қазақстан  алдын ала күткендей, 2009 жылы төрағалық құқына ие бола алған жоқ.  Бірақ осы маңызды мәселе бойынша дипломатиялық келіссөздердің әрі қарай жалғасуына қол жеткізілді. Ашығын айтқанда,  бұл басқалар күтпеген және біз үшін қиындығы көп шаруа болатын. Біздің еліміз басқаларды мазалай білетін нысанаға айналуының өзі жеңіске жақын қалғанымыздан хабар берген еді».

Міне, бұған дейін еліміздің сырты істер ведомствосын басқарған Қасым-Жомарт Тоқаев төрағалыққа жету жолында кездескен көптеген қиындықтарды осылайша баяндайды. Ұстамдылықпен жазылған осы естеліктің өзінен Қасым-Жомарт Тоқаевтың сол жылдары қандай жанқиярлықпен жұмыс істегенін байқамау мүмкін емес. Алпауыт Америка Құрама Штаттары мен аюдай ақырып отырған Ресейдің белді дипломаттарымен терезезі тең отырып,  иық тірестіре сөйлесіп, өз ойына оларды мойындаттыра білген Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл ерлігін біз ешқашан ұмытпауымыз керек-ақ. Өз елінің болашағы үшін күрескер осындай-ақ болсын!  

Айтып-айтпай не керек, құланның қасуына мылтықтың басуы тап келіп, Қазақстан Еуропа қауіпсіздігі және ынтымақтастығы ұйымына төрағалық ету туралы бастама әу баста нағыз дер шағында қолға алынған-ды. Сөзіміз сенімді шығуы үшін бірнеше дәлелдерді алға тартайық.

Біріншіден, сол жылдары әлемдік аренадағы халықаралық қарым-қатынастар жан-жақты бағытта дами бастады. Эпицентрі Еуропадан басталған процесс көп ұзамай Қазақстанға да келді. Даму дөңгелегіне тапталып қалмай, керісінше оған үлес қосқысы келетін ел боламын десек, ішкі саясаттағы темірқазық принциптер – прагматизм, көпвекторлық және ұлттық мүдделерді алдыңғы қатарға шығара отырып, ілгерілеу қажет екендігін түсіндік. Дүние жүзіндегі дамыған елдерге тән осы үрдістердің барлығы Қазақстан мемлекетінің де ішкі-сыртқы саясатында айқын көрініс тапты.

Екіншіден, тарих қатпарында "қырғи-қабақ соғыстың" салқынына шалдыққан кәрі құрлық уақыт өте келе Шығыс Еуропаға, посткеңестік кеңістікке деген қырбайлық идеологиядан арылды. Еуропаның саяси аренасындағы дуалы ауыздардан Венаның шығысында жатқан жұртпен, Азияның алымды елдерімен сындарлы байланыс орнатудың маңызы зор екендігі туралы пікірлер айтыла бастады. Осы орайда, Еуразия кеңістігіндегі Орал тауының қос қапталында жатқан құрлықтардың арасында тұрақты қарым-қатынас орнауына өз ықпалын тигізуді көздейтін Қазақстанның бейбітсүйгіш мақсаты Еуропа елдерінің мүдделерімен өзара үйлесім тапқан болатын. Бұл посткеңестік елдердің ішінде тұңғыш болып ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету құқығын иеленген Қазақстанның басты артықшылықтарының бірі екендігі сөзсіз.  

Үшіншіден, Еуропа – әлемдік даму дөңгелегін ілгерілетуде айрықша күшке ие аймақтардың бірі және бірегейі. Мемлекеттік қауіпсіздік, лаңкестікпен, экстремизммен және есірткі тасымалымен күрес мәселелері бірнеше елдердің өзара ынтымақтаса отырып күресуінің арқасында ғана нәтиже беретіндігі белгілі. Бұл идеяны да әлемдік аренада алғаш көтерген Еуропаның Ұлыбритания, Франция, Германия  сынды локомотивтер болатын. Осы орайда, тарих Қазақстан сияқты жас мемлекетке беделді ұйым құрамындағы елдердің сан қырлы саясатына атсалыса отырып, өзінің кем-кетігін түзеп алуға мүмкіндік берді. Коммунизмдік казармадан, тоталитарлық темір тәртіптің құрсауынан босанған мемлекет әлемдік өркениет көшіне қосылып, азаматтық қоғам қалыптастыруға талпынды. "Екі түйе сүйкенсе, ортасында шыбын өледінің" кебін киіп қалмай, өзге елдермен тізе қосып қайрат көрсетуге ұмтылды. Еуроқұрылым мен қазақ жұрты арасындағы екіжақты мүдделердің тоғысынан туындаған азаматтық идеялар Қазақстанды Еуропа қауіпсіздігі және ынтымақтастығы ұйымына төрағалық етуге жетеледі.

Төртіншіден, Қазақстан тәуелсіз мемлекет ретіндегі тұғырын нық қадамдармен және уақытылы жүргізілген реформалар арқылы бекіте білді. Егемендігін, территориялық бүтіндігін заң жүзінде тиянақтап, оны әлемдік қауымдастықтың назарына ұсынды. Еліміздің халықаралық аренадағы бет-бейнесі жан-жақты тұрақты, саяси төңкерістер мен басқа да келеңсіздіктерден ада кейіпте қалыптасты. Әлем жұртшылығы қазақ жұртын дінаралық, мәдениетаралық, өркениетаралық диалогтарды қолдайтын және оған атсалысатын ел ретінде мойындады. Халықаралық құқықтық нормаларды сақтайтын ел ретінде әлемдік қауымдастық тарапынан оң бағаға ие болды. Жер шарындағы төрт құрлықта қоныс тепкен елуден астам елдің басын біріктіріп отырған алып ұйымның абырой-беделі болашақта арта түсетіндігі көкейде күмән тудырмайды. Әрине,ТМД бойынша топтан озу Қазақстанға оңайға соқпағаны аян.

Бес жыл бедерінде (2002-2007 жылдар) үздіксіз жүргізілген сындарлы саясат пен дипломатиялық дидарласулар түптің-түбінде жемісін берді. Ішкі саясаттағы тұрақтылықты, ұлтаралық, дінаралық татулықты ту еткен, азаматтық қоғам қалыптастыруды мақсат тұтқан мемлекеттің құлшынысын әлемдік қауымдастық құп алды.

Осы істердің архитекторы болған Қасым-Жомарт Тоқаевтың біз сол кезде білмеген қырлары оның әлемдік деңгейдегі саяси салмағы мен беделін бұрынғыдан да арттыра түскен болатын. Сондықтан да біз онымен бүгін қалай мақтансақ та жарасады. Әлемдік масштабта осындай іргелі істерді абыроймен атқара білген Қасым-Жомарт Тоқаев – ел басқаруға лайықты саясаткер.

Ұсынған: Әділет Мәдениет

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір