• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

28 Наурыз, 23:39:28
Алматы
+35°

18 Шілде, 2018 Аймақтар

Цифрлық «Түнгі сот» арқылы бұзылған құқықты қалпына келтіруге болады

Маңғыстау облысында бұзылған құқықтарды қалпына келтіруге бағытталған «Түнгі сот» пилоттық жобасы іске қосылды

Маңғыстау облысында бұзылған құқықтарды қалпына келтіруге бағытталған «Түнгі сот» пилоттық жобасы іске қосылды. Бұл туралы Маңғыстау облыстық сотының баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі digitalkz.kz сайтына сілтеме жасап.

Аталған жобаның мақсаты – жәбірленушілердің бұзылған құқықтарын қалпына келтіру, уақытты үнемдеу, материалдық шығынды азайту, істі тезірек шешу. Мұның барлығы аудио-бейнежазбалар арқылы электрондық форматта қаралады.

«Цифрлық технологиялар әкімшілік істерді анықтауға жәрдемдесіп жатыр. Яғни, түнгі уақытта орын алатын жол-көлік апаттары туралы мәліметтер бірден базаға түсіріліп, сол мезетте қаралады. Бұл өз кезегінде уақытты қысқартуға өз үлесін қосып, әкімшілік істер таяу уақытта өз шешімін тауып жатыр», - дейді ақпараттық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Гаухар Нұрханова.

Оның айтуынша, сот процедураларын цифрландыру оң нәтижелерге жеткізеді. Атап айтқанда, электрондық форматқа ауысу қағазбастылықтан құтқарып, уақытты үнемдемек.

«Бұрын сот қызметкерлері сенбі, жексенбі күндері қағаз толтыру үшін жұмысқа шығатын. Ал, қазір ондай жоқ. Неге десеңіз бәрін аппарат жазады. Осылайша, уақытты үнемдеуге едәуір жәрдем жасауда. Күн өткен сайын түрлі мәселелер туындап, азаматтық істер көбеюде. Осы ретте жаңа технологиялар жұмысымызды уақытылы реттеуге мүмкін береді» – деді Г. Нұрханова.

Сонымен қатар, ол цифрландырудың тиімділіктерін баса айтып, ауылдағы ағайын үшін маңызды екеніне тоқталды.

«Цифрландыру экономикалық тұрғыдан тиімді. Бұрын бірнеше тонналап қағаз көтеріп жүретін сот қызметкерлері үшін электрондық жүйе айтарлықтай тиімді. Түрлі жағдайлар бойынша сот ісіне келе алмай қалатын адамдар үшін электрондық жүйе аса маңызды. Яғни, қиын жағдайдағы адамдарға көп жеңілдік болып отыр. Сондай-ақ, ауылды елді мекеннен келушілер үшін көп көмегі бар. Осы ретте, олар өз ризашылықтарын білдіруде», - деді бөлім басшысы.

Қазақстандағы сот жүйесін цифрландыру процесіне келер болсақ, соңғы жылдары сот реформаларының нәтижесінде бұл салаға ақпараттық технологиялар енгізіле бастады. Яғни, сот залдары қазіргі заманға сай сапалы аудио-бейнежазба жүргізуге арналған құралдармен жабдықталып, барлық іс-қағаздар мен құжат айналымдары электрондық форматқа ауысты. Сонымен қатар, бірқатар электрондық сервистер жұмыс істейді. Атап айтсақ, «Төрелік» ақпараттық жүйесі, «Сот кабинеті», дыбыс пен бейне жазба құрылғылары, бейне-конференц-байланыс жүйесі, «Электронды қылмыстық іс» жобасы, электрондық цифрлық қолтаңба, «Виртуалды сот» жобасы, «құқықтық қызмет орталығы» мен «тергеу соты» жобасы жұмыс істейді.  

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір