• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 02:15:17
Алматы
+35°

Қазақ жастары ХХ ғасырдың отызыншы жылдарынан бастап дене шынықтыру мен спорт саласы бойынша жоғары оқу орындарында оқи бастаса, екінші дүниежүзілік соғысқа дейін алаш даласының әр қиырында спорт үйірмелері жұмыс істей бастады. Сол дүрмекпен спорттың сан түрін дүркірете қуған қазақ саңлақтары 1960 жылдан бастап әлемдік ареналарда атой салды. Бірақ большевиктердің отарлық саясаты спорт саласын да қатты шарпыды. Сол кезеңде Олимпиада, әлем чемпиондары болуға қарым-қабілеті толық жететін Қабден Байдосов, Әбілсейіт Айханов, Жәнібек Сауранбаев, Әбдісалан Нұрмаханов, Аманжол Бұғыбаев секілді сайыпқырандарымыз Мәскеудің көпе-көрнеу қиянаты салдарынан тұсаулы жүйріктің күйін кешті. Жетпіс үшінші жылдан бастап Совет одағы чемпионатында жүлде алған Жақсылық Үшкемпіров бірінші рет Еуропа чемпионатына 1979 жылы барды. Империяның екі ғасырдан аса сірескен тоңы осы жылдары ғана жіпси бастады.

Енді олимпиадалық спорт түрлері бойынша қазақтан шыққан дүние жүзінің чемпиондарын тізіп көрейік:

1) Шәміл Серіков, грек-рим күресі,1978-1979 ж.ж.

2) Жақсылық Үшкемпіров, грек-рим күресі, 1981 ж.

3) Нұрлан Меңдіғалиев, су добы, 1982 ж.

4) Тимур Досымбетов, қазіргі бессайыс, 1982 ж.

5) Марат Сатыбалдиев, велоспорт, 1989 ж.

6) Дәулет Тұрлықанов, грек-рим күресі, 1989 ж.

7) Бақтияр Байсейітов, грек-рим күресі, 1998 ж.

8) Болат Жұмаділов, бокс, 1999 ж.

9) Серік Сәпиев, бокс, 2005,2007 ж.

10) Ердос Жаңабергенов, бокс, 2005 ж.

11) Біржан Жақыпов, бокс, 2013 ж.

12) Мерей Ақшалов, бокс, 2013 ж.

13) Данияр Елеусінов, бокс, 2013 ж.

14) Жәнібек Әлімханұлы, бокс, 2013 ж.

15) Жасұлан Қыдырбаев, ауыр атлетика, 2014 ж.

16) Назым Қызайбай, бокс, 2014, 2016 ж.ж.

17) Дина Жоламан, бокс, 2016 ж.

18) Ләззат Күнгейбаева, бокс, 2016 ж.

19) Елдос Смет, дзюдо, 2015 ж.

20) Қайрат Ералиев, бокс, 2017 ж.

Советтің бодандығында болған кезеңде 6 әлем чемпионы, тәуелсіздік тұсында 14 жеңімпаз шықты! Әзірге спорттың жеті саласынан ғана. Бәрі спорттың жазғы түрлерінен. Озық тұрғаны бокс – 11 чемпион! Одан кейін балуандар – 5 жеңімпаз! Осы жерде жанымызға қатты бататыны: арғы жағын айтпағанда, кейінгі ширек ғасырда еркін күрестен бір әлем чемпионын баптауға жарамадық... Әзірге шыққан асуымыз осы. Аз ба, көп пе? Өздеріңіз сараптай беріңіздер.

Қыдырбек Рысбек

Nazerke Labihan

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір