• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 03:32:59
Алматы
+35°

18 Қаңтар, 2019 Экономика

Шетелдіктер бізді жарылқамайды. Шикі уранды шетке жібере беруді тоқтату керек

Дүниежүзілік ядролық қауымдастықтың мәліметінше, 2020 жылға қарай әлемде жұмыс істеп тұрған 463 атом электор стансаларынан бөлек, 184 қосымша АЭС салынады

Лондондағы дүниежүзілік ядролық қауымдастықтың мәліметінше, 2020 жылға қарай әлемде жұмыс істеп тұрған 463 атом электор стансаларынан бөлек, 184 қосымша АЭС салынады. Осыған байланысты алдағы екі-үш жылда әлем бойынша уранға сұраныс артып, тіпті кейбір елдерде уран тапшылығы да туындамақ. Мұндайда көпшілік елдің назары әрине Қазақстанға түсетіні даусыз. Себебі біздің еліміз уран өндіруде қазір әлем бойынша бірінші орында тұр. Әлемде 2017 жылы 62 мың тонна уран өндірілсе, соның 24,5 мың тоннасын Қазақстан өндіріпті.

Біз негізінен уранды Қытай, Оңтүстік Корея, АҚШ тағы басқа Еуропа елдеріне  импорттаймыз. Сала мамандары болашақта шикі уранды шетел асыра берудің орнына өзімізде ұқсатуды қолға алу керектігін алға тартып отыр. «Бұл салада Қазақстанмен шетелдіктер арасында біріккен кәсіпорындардың көптігі, маман біліктілігінің жетіспеушілігі, уран өңдеуді толық меңгере алмауымыз болашақ үшін аса қауіпті» дейді мамандар.

Мәселен, техника ғылымының докторы, профессор Жанғабыл Абылдаевтың айтуынша,  соңғы жылдағы «ҚазАтомпром» ұлттық акционерлік қоғамы Ресей, Канада, Жапония елдерімін бірлесіп қазақ даласындағы уранды өндіруге кіріскен.

Ресейдің «Росатом» мемлекеттік корпорациясының қарамағындағы «Атомредметзолото» компаниясы біздегі «Energy» компаниясының илелігіндегі «Қаратау» кәсіпорынының  50 пайыздық, ал «Ақбастаудың» 25 пайыздық акциясын сатып алып отыр. Уранға қатысты қазақ-жапон келісімі бар екенін де біз ұмытпауымыз керек. Бұл ретте  елдегі  «Аппақ»  барлау кен орынының акциялық үлесінің 65 пайызы «Қазатомпромға» тиесілі болса, қалған акцияларының 25 пайызын Жапонияның «Sumitomo Corporation» компаниясы, 10 пайызын «Kansai Electric Rower»  компаниясы өз үлестеріне сатып алған. Елдегі  «Хорасан – 1» және Хорасан – 2» деп аталатын уран кеніштерінде де жапондардың үлесі бар. Канаданың «Cameco» компаниясымен бірігіп құрған «Ульба Конверсия» жобасындағы «Қазатомпромның» үлесі – 51 пайыз, ал Camecoның үлесі – 49 пайызды құрайды. Сондай-ақ, «Инкай» уран кенішінің акциясының 60 пайызы «Қазатомпромға» тиесілі болса, 40 пайызы тағы сол канадалықтардың үлесінде. Қай жағынан алып қарасақ та, біздегі біріккен кәсіпорындардың саны тым көп. Сондықтан бұл арада алдымен біріккен кәсіпорындар мәселесін шешіп алған жөн тәрізді. Себебі күні ертең осы шетелдік инвесторлар бізде аларын алады да, тойынған соң кете барады. Шетелдіктер бізді жарылқайды дегенге өз басым сене қоймаймын»-, - дейді ғалым Жанғабыл Абылдаев.

Сондай-ақ Жанғабыл Абылдаевтың айтуынша,  Францияның ядролық отын жасайтын компаниялары да біздегі уран өндіретін кәсіпорындармен бірігіп жұмыс істеуде. Француздар Өскемендегі Үлбі металлургия компаниясында қуаты жылына 1 200 тонналық атом электрстансаларына арнап ядролық отындық жинақ таблеткаларын өндіруді жоспарлауда. «Өзгелер электрстансаларына ядролық отын даярлау үшін біздің уранымызды пайдаланып қарқ болуда. Ал біз "олар уран өндірісімізді алға сүйрейді,  олардан көп нәрсе үйренеміз" дейміз. Шындығында олар бізге үйретуге емес, өздерінің пайдасын еселеуге келеді.  Сондықтан бұл бізді алаңдатуы тиіс. Елдегі уранның әр грамына бақылауды күшейту керек,- дейді Жанғабыл Абылдаев.

Экономист ғалымдардың біразы да маманның бұл сөзін қуаттап отыр. Экономика ғылымының докторы, профессор Жұмаділда Баяхметовтың айтуынша, бізге болашақта шикі уранды шетел асыра беру емес, ол уран көзінен энергия алуды үйрену тиімді.

-Қазақ қазір өзінің табиғат берген байлығын шикідей сатуды ғана меңгеріп отыр. Әлем бойынша уранның ең көп қоры біздің елде. Қазір біз әлемдік нарыққа уранның 35-40 пайызын жеткізіп отырмыз. Біздегі уран қоры 80-100 жылға жетеді. Ал енді соны шикідей сата бергеннен оны ұқсатып энергия көзін алсақ, ол болашақ ұрпақ үшін тиімді еді. Арзан энергия, арзан жылу мен жарық, арзан газ осының барлығын ураннан алуға болатын еді. Көгілдір отын бер, энергия бер деп көршілерімізге телмірмейтін едік. Қазақстанның атом өнеркәсібі әлемдік брендке айналуға мүмкіндігі зор. Әттеген-айы, бұл салада білікті мамандар жетіспейді. Жыл сайын біз «мынанша уран өндірдік" деп аттандаймыз. Оны шикі күйінше экспорттаймыз. Меніңше, елдегі кен байлықтарын қосымша қор ретінде болашаққа сақтап отыру керек. Оны өзіміз ұқсатуды, энергия көзін өндіруді меңгеру қажет. Сонда ғана біздің келешегіміз қамсыз болады»-,-дейді Жұмаділда Баяхметов.

Біз Қазақстанның уран өндірісіне қатысты деректерді арнайы сызбаға салып көрсеттік. Сызбада елімізде өндірілетін уранның көлемі қанша екендігі, оны қандай елдер импорттайтыны нақты көрсетілген.

Уран

Сөйтіп, мамандардың пайымдауынша, Қазақстан үшін болашақта уранды өзгелердің ұрасына салып беру тиімді емес. Уран өнідірісінде шетелдіктерге акция пакетін беріп қою да аса оңтайлы әдіс емес. Бұл арада Қазақстан мен шетелдіктер біріккен кәсіпорындарға қатаң бақылау орнатқан абзал. Сондай-ақ алдағы уақытта біз үшін осы салаға білікті мамандар легін жасақтап, өз уранымызды өзіміз ұқсатуды қолға алғанымыз жөн.

-Әрине, бұл арада «ешкіммен араласпаймыз» деп бүркеніп, жан-жағымызды қоршап алайық деп тұрған ешкім жоқ. Біздің айтпағымыз, шикі дүниені сата бергеннен гөрі, ең соңғы сапалы өніміне дейін ұқсатуды меңгерудің пайдасы зор екендігі. «Жеті рет ойлап, бір рет кес» деген сөздің мәні тереңде жатыр. Біз де қай салада болсын, нақты ойланып барып шешім қабылдасақ ұтылмаймыз»-,-дейді экономист-ғалым Жұмаділда Баяхметов.

Қарлығаш Зарыққанқызы

Nazerke Labihan

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір