• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Сәуір, 14:35:02
Алматы
+35°

17 Шілде, 2018 Спорт

Серік Ноянбайұлы. Шапанды шоумен – Шүменов

Халықтың ыстық ықыласын ысырап етіп, дәрежемді өсірсем дейтін көзбояушылықтар да жоқ емес.

Бүгін редакциямыздың хат қоржынына белгілі спорт журналисі Серік Ноянбайұлының мақаласы келіп түсті. Автор кәсіпқой боксшы Бейбіт Шүменовтің 7 шілде күні Астанада өткізген жекпе-жегіне қатысты ойларын ортаға салыпты. «Қамшы» порталы ашық пікір алаңы болғандықтан, мақаланы қаз-қалпында жариялауды мақұл көрдік. Оқырмандардың айтары болса, оған да сайт бетінен орын беруге дайынбыз.

Qamshy.kz ақпарат агенттігі

     
        Білекті де жүректі жігіттері намысқа шауып, боз кілемде немесе рингте күшін паш етсе және жеңіске жетсе, қазақтың қаны қызып қиқулайды. Баяғы батырларының майдандағы жекпе-жегін, ұлының спорттық бәсекеде бақ сынауы алмастырған бейбіт заманда да біздің тілеулестігіміз мен жанкүйерлігіміз еш ортаймаған. Алайда кей-кейде халықтың осы ыстық ықыласын ысырап етіп, дәрежемді өсірсем дейтін көзбояушылықтар да жоқ емес. Мысал ретінде 7 шілде күні елорда төрінде рингте ойқастаған, шапан киген шоумен-боксшыларды атауға болады.
 
 
        520 МЫҢ ДОЛЛАР! Иә, Бейбіт Шүменов Астанада титулды жекпе-жегін ұйымдастыруға осыншама қаржы шығындаған. Қазақстан ауқымында бұл әжептәуір қаражат болғанымен, әлемдік деңгейдегі кәсіпқой бокс үшін түкке тұрмайтын ақша. АҚШ-та жұдырықтасып жүріп, бiр кеште бірнеше миллиондаған пайда табатын Головкинмен салыстырсаңыз да жеткілікті. Елорданың 20 жылдық тойы қарсаңында еліме осындай сыйлық жасаймын деген Шүменовтің бастапқы ниеті қолпаштауға лайықты еді. Дегенмен, оның мырзалығының астарында қандай мақсат жатты? Бейбіт бұл ақшасын халыққа шоу ұсынамын деп шашты ма, әлде жеке басының жарнамасына жаратты ма? Шымкент шаһарының базарларын уысында ұстап отырған ауқатты әкесінің қалтасына 520 мың доллар аса салмақ түсірмесе керек. Ұзақ күткен осы бокс бәскесін өз көзіммен тамашалап қайтқан соң Шүменов қыруар қаражаты желге шашты деген қорытындыға келдім.
 
 
          Ең бірінші себеп – құрғақ уәде! Жария етілген бірнеше жаһандық бокстың танымал тұлғалары, аталмыш спорт додасында бой көрсетпеді. Күні бұрын әйгілі ринг-анонсер - Майк Баффердің бұл кешті жүргізетіні, белгілі бокс аңыздары – Роберто Дюран, Эвандер Холифилд, Хасим Рахман мен Хорхе Линарес, Заб Джудалар мейман ретінде төрден орын алатыны айтылған еді. 50 cent, Snoop Dogg сынды АҚШ-тың өнер жұлдыздары да келіп ән шырқауы тиіс болатын. Алайда 7 шілдеде «Барыс Аренаға» жиылған жұрт жоғарыда аталған айтулылардың бірде-бірін көре алмады. Мүмкін Шүменов командасының ақшасы жетпей қалған болар?! Бірақ Бейбіт елдің алдында берген сөзінде тұруға тырысқан болса, біреуінің қаламақысын үстемелей төлесе де, Қазақстанға келтіретін қауқары бар еді. Жалпы, талай концерттер мен өзге де шараларда айтылған адамның келмей қалуына жерлестеріміз жиі куә болып жүр.
 
 
       Мына қызыққа қараңыз... Шүменовтің рингтегі кездесуіне санаулы күндер қалғанға дейін әлгі тізімдегі VIP қонақтардың Астанаға келетіні жайлы беделді ақпараттық-спорттық сайттар жарыса жазды. Халық та бұл жарнамаға иманындай сенгені анық. Жұлдыздар көші уәделі сәтте көрінбеген соң Шүменовтің жанкүйерлері әлеуметтік желіде оларға сұрау да салған. Алайда ұйымдастырушы тарап мәртебелі меймандардың шақыртудан неге бас тартқаны жайлы еш ресми мәлімдеме жасаған жоқ. Бұдан туындайтын пайым біреу ғана. Шүменовтің титулды жекпе-жегін өткізуге мұрындық болғандар аталмыш бокс кешін барынша жарнамалап қалу жолында осындай арзан айланы жүзеге асырған. Атақты тұлғалардың есімін пайдаланып, елді елең еткізу үшін мұндай құйтырқы маркетингтік әдісті қолдану қашан да тиімді. Дарқан көңілді қазақ бұл олқылықтарға да көз жұмып, ертең-ақ ұмытады деп ойласа керек Шүменовтің командасы. Бірақ судың сұрауы бар екенін олар естен шығармауы тиіс! Көтере алмайтын шоқпарды белге байлаудың қажеті жоқ еді. Жаһандық деңгейдегі бокс кешін ұсынамын деп жар салсаң, соған лайық бол! Сенің мерейіңді үстем етіп, шашбауыңды көтеріп жүрген осы халық. «Айдағаны бес ешкі, бірақ ысқырығы жер жаратын» мұндай спорттық ивентті ұйымдастырушылардың бүгінгі нарықта ғұмыры ұзақ болмайды.
 
 
ҚАНАТ ИСЛАМНАН ҚАЛЫП ҚОЙДЫ!
 
 
       Әділдігін айту керек. Шүменов - қос салмақ дәрежесінде әлем чемпионы атанған Қазақстандағы жалғыз боксшы. Мансабындағы екі жылдық үзілістен соң бірден WBA тұжырымының уақытша белбеуі үшін айқасқа шығу және оны жеңіп алу оңай шаруа емес. Бейбіт бұған дейін алты жекпе-жегін Қазақстанда, яғни біреуін Астанада, қалған бесеуін Шымкентте өткізіпті. Соңғы рет 2011 жылы туған жерінде рингке көтерілген қандасымыз әркез азулы боксшының бірі саналған. Оның спорттық дәрежесіне баға беретін де – тек халық.
 
 
      Кәсіпқой бокстағы бағындырған биігі біршама болса да, Шүменов елімізде аса белгілі емес. Себебі ол әуел бастан АҚШ-тың спорттық аудиториясына өзін таныту жолында тер төкті. Біршама жыл сол мемлекетте тұрып та көрді. Жарақаттары жиілеп, жасы да келіп қалған шақта Қазақстанға оралған отандасымыз Қанат Ислам секілді боксшылармен салыстырғанда абыройының аласа екенін ұққандай еді. Бұл – кез келген намысқой спортшының шамына тиетін фактор. Шүменов секілді әйгілі тұжырымдардың чемпиондық белбеулерін тағынбаса да, Қанат Ислам Алматы мен Астанада қос бірдей бокс шоуын ұйымдастырып, жанкүйерлерін молынан жинай білген болатын. Тура сол 12 000 адамға лайықталған «Барыс Аренада» 7 шілде күні рингке шыққан Бейбіт болса спорт кешенінің үштен бір бөлігін жұртқа әрең толтырды. 120 мемлекетке тікелей эфирде таратылған титулды жекпе-жек кеші үшін бұл – өте нашар көрсеткіш. Елорданың 20 жылдығын тойланған тұста Астанада қыдырған халық та көп болатын. Дегенмен неліктен ешкім келмеді? Ұйымдастырушылар жіберген басты қателік – аталмыш бокс додасында Шүменовтен өзге елге есімдері мәлім қазақстандық былғары қолғап шеберлерінің жұдырықтаспауы. Мысалы, Батыр Жүкембаев, Абылайхан Құсайынов, Жанқош Тұраров, Садриддин Ахмедов секілді өз фанаттары бар жігіттерге лайықты ұсыныс жасалса, олар бас тартпас еді. Бастапқыда бұл аталған боксшылар да, 7 шілдеде Шүменовпен қатар рингке шығады деген ақпарат та тарады. Тек тағы да сөз жүзінде! «Барыс Аренада» өткен жекпе-жек кешіне қатысуға тілек білдірген жерлестеріне Шүменов командасы «қарсыласты өзің табасың және бар шығынын мойныңа аласың» деген талап қойған көрінеді. Сол себепті нағыз бокс майданын көрсете білетіндердің орнын өз ләззатына төбелесіп жүрген әнші Ибрагим Ескендір секілділер басты. Олар 1-2 мың доллар үшін бәсекеге шығуға дайын, ешкім танымайтын ортаңқол спортшыларды әкеліп, алғашқы раундтарда-ақ жайпап салды.
 
 
ҚАҢБАҚ ҚАРСЫЛАСТАР!
 
 
     Туған жерінде жеңістің туын көтеріп, мерейі үстем етуден кім ат-тонын ала қашсын?! Шүменов командасының тағы бір сүрінген тұсы - бокс кешінің файт-кардын (жекпе-жектер тізімін) жасақтауда жаңылыс басуы. Қазақ боксшыларының бұл кештегі басымдығының бар сыры - әлсіз қарсыластары еді. Шүменовті есепке алмағанда, елге ұсынылған 10 жекпе-жектің басым көпшілігінде боксшыларымыз Әзірбайжан, Грузия мен Ресей секілді үш-ақ елден келген «қаңбақ қарсыластарды» қалпақпен ұрып алды. Тисініше, сол күнгі жекпе-жектердің біразы тартыссыз әрі тартымсыз өтті! Аталмыш кеште Түркияның намысын жыртып келген Хизни Алтункая ғана, басты айқаста Бейбіт бауырымызды 9-раундқа дейін біраз қара терге түсірді. Әйтеуір біздікілер шықаннын шетінен қырады, ұрғанын құлатады! Бірақ, неке екенін қайдам, Головкин, Шүменов пен Жақиянов секілді чемпиондарымыз әзірге аз...
 
 
   Еуропаның, АҚШ пен Латын Америкасының тәуір спортшыларын Астанаға шақыртып, жарнамасы жер жарған бокс кешінің географиялық ауқымын кеңейтуге болмады ма деген заңды сұрақ та туындайды. Ұйымдастырушылар бәрін қу ақшаға тірейтіні де түсінікті... Дегенмен Шүменов шашқан 520 мың доллардан жігіттерімізге лайықты бірнеше қарсыласқа нәпақа бұйырмағанына сену де қиын. Бұл бокс додасына шыққан қазақ боксшыларының ішінен әлі жеңіліс дәмін татпаған, кәсіпқой рингте енді қанат жайып өсіп келе жатқан Айдос Ербосынұлы, Уәлихан Бисенқұлов пен Бабыржан Момыновтарды атап өтуге болады. Оларға енді Шүменовтің андеркарды секілді тегін төбелес алаңдардан гөрі шетелдік ареналарға жиі шығуға ұмтылу қажет. Іс жүзінде «Барыс Аренаға» Шүменовтің шоуы 3500-4000 адамды әрең жинай алды. Спорттық сайттарына шыққан ақылы мадақ материалдар қанша көп болса да, аталмыш бокс кешінің кемшін тұстарын жасыра алмайтыны белгілі.
 
 
Салыстырмалы түрде Қанат Ислам басты жек-жекке шыққан екі бірдей бокс кешінің де табысты болуының бірнеше себептері бар. Біріншіден ол - сауатты әрі тиімді ұйымдастырылған жарнамалық компания. Екіншіден өзіндік стилімен танымал, спортшы ретінде атағы қалыптасқан Жәнібек Әлімханұлы, Жанқош Тұраров, Айдар Шәрібаев, Әли Ахмедов, Мейірім Нұрсұлтанов, Айдос Ербосынұлы сынды жас боксшылардың рингте өнер көрсетуі. Бұл талантты былғары қолғап шеберлерінің қарсыластары да осал болмады. Біздің көзі ашық жанкүйерді бүгінде алдында келгеннің бәрін қиратып, алғашқы минуттарда-ақ сұлатып салатын супермендермен алдай алмайсың.
 
 
«БАРЫС АРЕНА» - ШЫМКЕНТТІК ТОЙХАНА...
 
 
   Британдық BOX Nation телеарнасы 120 мемлекетке көгілдір экран арқылы таратқан Шүменовтің бокс шоуын Шымкенттегі ұлан-асыр тойға ұқсаттым. Ерке Есмахан, Қыдырәлі Болманов секілді қаптаған өнер жұлдыздары екі жекпе-жек сайын 4-5 композициядан қатар орындап, жұртты мезі еткені бар. Қазақша патриоттық рухтағы туындыларға репетуары жұтаң әншілерміз, амал жоқ, махаббат жайлы шырқап берді. Қуандық Рақым мен «Алашұлы» тобын шақырып-ақ 4-5 әнмен отырған жанкүйер жұрттың қанын қыздыруға болар еді. Алып LED экрандармен безендірілген сол кештің сахнасы әдемі болғанымен, әлгі әншілер мүлде үйлеспеді. Кәсіби сценарий жазылмаған, кәсіпқой режиссер іске араласпаған! Былғары қолғап шеберлерінің рингке беттеген сәтін, керемет театрландырылған қойылым етіп шығарса несі айып?! Шапан киген шоумендеріміз барынша тыраштанып жатқан шақта, шетелдік боксшылар бастан-аяқ тек бір музыканың сүйемелдеуімен рингке шықты. «Барыс Аренадағы» заманауи жарық қондырғыларының бар әлуетін басқару тетігінде отырған маман да пайдаланып жарытпады. VIP аумақтағы мазасыз жұртты тапжылтпай отырғызып, тойда жүргендей еркінсіп кеткендерін ырқына көндіретін талапшыл күзетшілер тобы да байқалмады. БАҚ өкілдері спорт кешеніне тізіммен кірді, бірақ ешбіріне арнайы төсбелгі (аккредитация) берілмеген. Кімнің кім екенін ұқпайсың! Жолыңды кесіп, қауіпсіздік мақсатында тексеріп жатқан ешбірі жоқ.
 
 
СӘПИЕВТІҢ АШУЫ ЖӘНЕ VIP АУМАҚТАҒЫ МИ БОТҚА!
 
 
    Бокс додасының басталуын түскі 13:00-ге қойған ұйымдастырушылар тікелей эфирін берген британдық BOX Nation телеарнасының еуропалық кестесіне көндіккен екен. Біз үшін ұтымсыздау уақыт. Қазақстандық телекөрермен мен бәсекені тамашалауға келген жұртың мүддесі ескерілмеген! Қарапайым трибунаға кіру құны 2000 теңгеден басталса, VIP аумақтағы билеттер 30 000 теңгеге дейін сатылған. Алайда рингтің айналасындағы орындықтарда ешбір реттік нөмір жоқ, үлгеріп келген мейман бірінші болып отырып жатыр. Бей-берекет сабылып жүрген адамдар! Мұндай спорттық шараларда, әдетте алдыңға шепке елге елеулі азаматтар жайғасады. Сол дәстүр бойынша, арнайы шақыртумен келген Серік Сапиев, Бақтияр Артаев, Батыр Жүкембаев секілді танымал спортшылар бірінші қатарда отырған еді. Бокс кешінің орта тұсында ұйымдастырушылар олардан орындарын босатуды сұрады. Себебі бір топ ел ағалары сол жерге келіп жайғасуы тиіс екен. Мұны естіген мінезді Серік Сапиев ашуға булығып, VIP қонақтарды жайғастырып жүрген жігітке ешқайда тұрмайтынын айтты. Шыққан шуды ушықтырғысы келмеген ол тікелей трансляция жүріп жатса да, Сәпиев пен Артаевтың дәл алдынан әлгі лауазымды кісілерге арнап, тағы бір қатар орындықтарды әкеліп тізді. Шүменовтің өзі мәртебелі қонағым деп шақыртқан кәсіпқой боксшы Жанат Жақиянов та дәл жаңағындай «қудалауға» ұшырады. Темірдей тәртіп пен жүйелі жоспар болса, мұндай бей-берекет тіпті болмас еді ғой.
 
 
   Шүменов 7 шілде күні өзі ұтып алған WBA Regular белбеуі үшін аталмыш тұжырымға біршама ақша төледі. Себебі титулды жекпе-жек өткізу үшін боксшының промоутері тиесілі ұйымға және жергілікті федерацияға қаржы құяды. Бұл – жаһандық бокстың бұлжымас дәстүрі. Және Шүменов бір оқпен екі қоянды атып алмақ болып, Астанада WBA-дің (Бүкіләлемдік Бокс Қауымдастығының) конвенциясын өткізуге қол жеткізді. Осылайша WBA президенті Жилберто Хесус Мендос пен Хосе Оливера бастаған бір топ лауазымды жандардың елордаға табаны тиген еді. Шүменовтің жекпе-жегінен соң WBA өкілдері Астана әкімі Әсет Исекешевпен де жүздескен. Дегенмен конвенцияның қай жерде және қашан өткені жайлы БАҚ беттерінде жарытып ештеңе жазылмады. Бокс кешін ұйымдастыруға қаржылай жәрдемдескен Астана әкімдігін Шүменовтің командасы WBA басшыларымен дастарқандас етіп, көңілін аулаған секілді. Сонымен қатар Шүменов халықаралық дәрежедегі танымал рефери Тони Уикс пен белгілі олимпиадалық ринг-анонсер Майк Маркхамға да қаламақысын аямай төлеген.
 
 
    Әлемдік деңгейдегі спорттық шаралар – мемлекеттің саяси және қоғамдық тыныс-тіршілігі үшін ауадай қажет құралдың бірі. Бұл құрал қандай өнерпаздың қолына тисе, соның мақамында сөйлейді. Шүменовтің титулды жекпе-жегін әншілердің ел алдындағы есеп беру кеші секілді деуге болады. Оны лайықты етіп өткізу және жанкүйерді шоумен разы ету - ұйымдастырушыға парыз. Себебі сол нарықтың өкілдері өз салығының ақшасына спорт сарайларын салдырды және ертең билетіңді де сатып алатын – солар. Халықпен санаспау, жеке басыңның қамы үшін оны алдауға тырысу – қылмыс!
 
 
       Шүменов өз абыройын асырған елінің алдында спортшы ретінде қарыздар еді. Өсуіне тілеулес болып, әр жеңісіне қуанған жұрты үшін Шүменов те бір шашылып, спорт додасын тарту еткісі келген болар... Бұл ниеті рас болса, ол қошеметке лайықты! Ақиқатында ол қаржысын жеке басының және өзінің промоутерлік компаниясының жарнамасы үшін жұмсады деуге болады! Себебі ұзақ үзілістен соң қайта оралған Шүменов енді кәсіпқой рингте әрі кетсе 3-4 жекпе-жек өткізіп үлгерер. БІТТІ! Оның келешектегі мақсаты - қазақстандық боксшылардың АҚШ нарығына кіруіне және өсуіне жәрдемдесіп, ақша табу. Өзін промоутер әрі спорт менеджері ретінде танытып та жүр. Сондықтан да Шүменов дүйім елге дүбірін естіртіп жекпе-жек жасау арқылы, пайда кенелуді ойлаған жоқ, керісінше ертеңгі бизнес-жоспарына инвестиция құйды! 

 
Серік Ноянбайұлы, спорт сарапшысы, журналист
Erkebulan Nurekesh

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір