• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

28 Наурыз, 19:51:34
Алматы
+35°

08 Ақпан, 2018 Сегіз өрім

Сапарбаев кіммен соттасқалы жүр?

Орынбасарына ұрысқанынан бастап, журналистерге шамданғанына дейінгі аралықта бір апта да уақыт өткен жоқ

Бердібек Сапарбаев басқаратын өңірді «ұйқы қысып» барады. Әлде Бекең шенеуніктері шетінен ұйқышыл аймаққа басшы болып барған ба? Бұл жағын ажырату әркімнің еншісіндегі шаруа. Бір анық дүние, Б.Мәшбекұлы маужырай бастаған қызметкерлерін жиі-жиі сілкілейді де жатады. Бірақ жанары жұмыла бастаған жандарды сергітуге құмар әкімнің бұл жолғы айқайы мүлде бөлек шықты. Ол енді өзі ылғи ұрсып беретін «ұйқышылдарды» суретке тартып, жұртқа жария қылған журналистерді аямауға бекінген тәрізді.

Күні кеше ғана «КТК» арнасы ашуға мінген әкімнің адуынды сөздерінен үзінді келтіре отырып, әдемі бір ақпарат берді. Ондағы мәліметке қарағанда, жуырда облыс басшысы қарамағындағы атқамінерлердің басын қосып, жиналыс өткізген көрінеді. Сол жиында әкімнің маңызды әңгімелерін ұйып тыңдауы тиіс қызметкерлердің бірқатары мүлгіп кетсе керек. Мұны жергілікті журналистер суретке түсіріп, газет бетіне басқан. Осыған шамданған әкім ашу қысқаннан болар, екі тілден «ботқа жасай» отырып, бүй депті: -Анау жиналысқа қатысқан жігіт подает в суд и защищает свою честь. А почему мы не должны защищать свою честь, как областной акимат?! Пусть докажет эта газета, что проходят там скучно, вяло. Где это было?! Ну, наконец, будете работать или нет, слушай?! Бірдеңе айтсам, вот жұма күні жинайын деп жатырмыз дейсіңдер».

Енді ойлап қараңызшы, соңғы кездері Бердібек Мәшбекұлы қанша рет қалғып-мүлгіп жүретін қызметкерлеріне ескерту жасады? Ұмытсаңыз, есіңізге салайық,

өңір басшысы бірер күн бұрын ғана  өткен жылдың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерін талдау кеңесінде ауыл әкімдері мен мектеп директорларына шүйліккен. Әрине, «ұйқыашар» сөздерін айтуды ұмытқан жоқ: «Өмір бойы әкім боламын деп ойлайды. Әрдайым айтамын, бұл әкесінің сатып алған қызметі емес. Ал бізде көптеген ауыл әкімдері мен мектеп директорлары хан болып алған. Ауылды өзінің жекеменшігі, мектепті өзінің меншігі деп отыра береді. Қазір ұйықтап отыратын заман емес!».

Содан бір күн өтті ме, өтпеді ме, Ақтөбеде көлік инфрақұрылымын дамытуға арналған жиын болды. Онда «Ақтөбе-Атырау» тасжолының құрылысына қатысты мәселе талданған. Әрине, әкім жүріп жатқан жұмыстың барысымен танысты. Сосын 2 айдың ішінде барлық құрылыс материалдарының дайын болу керектігін, сәуірде құрылыс басталатынын, оған дейін барлық техниканың сақадай-сай тұруы қажеттігін ескертті. Әңгіме ауаны тас жолдан әуе жолына ауысқан тұста орынбасары Серік Төленбергеновтің жұмысын сынады. Халықаралық әуежайы бар Ақтөбеде шетелге ұшатын екі әуе рейсі ғана бар екенін тіліне тиек қылған әкім:  «Жұмыс көп, ал сен отырсың «ұйықтап». Әзірге ештеңе жасап жатқан жоқсың. Ұйықтасаң, ұйықтайтын жерге барасың», деп бір-ақ кесті.

Сенсеңіз, орынбасарына ұрысқанынан бастап, журналистерге шамданғанына дейінгі аралықта бір апта да уақыт өткен жоқ. Сонда бұл неғылған бітпейтін ұйқының жыры дейміз де?!

Шыны керек, Сапарбаевтың ұйқыға қатысты «хикаяттарын» таңға айтып, тауыса алмайсыз. 2017 жылдың қаңтарында Астанадағы үкімет отырысына қатысып, Ақтөбеге президенттің тың тапсырмаларымен оралған әкімнің қарамағындағыларға былай дегені бар: «Мен қарап отырмын, көп ауылдың әкімдері ұйықтап отыр. Ұйықтап отырған әкімдер орнынан кету керек. Қазір баяғы заман емес, жұмысқа сағат 9-да келіп, 6-да қайтып, ұйықтап отыратын уақыт емес. Қазір билікте жұмыс жасайтындар, халықтың жағдайын ойлайтындар отыру керек. Жігіттер, қыздар, бірдеңені түртіп жазып отырыңыздар. Ертең айтылған ұсыныс біздің ауылда бар ма, жоқ па деп қарауға керек. Жоқ болса, «Оны мен неге жасамаймын» деп ізденіңіздер...».

Ұйқы туралы жиі айтатын шендінің мұндай сөздері оқырманға қызық болмауы да мүмкін. Бірақ іздесеңіз, қызық жерін қиналмай табасыз. Бердібек Мәшбекұлы ұйқыға қатысты пікірін ыңғайына қарай құбылта да алады. Мәселен өзінен төменгілер – кіл маубастар да, өзінен жоғарыдағылар – көз шырымын алмайтын іскерлер болуы ғажап емес. Енді осы пайымымызға мысал келтірейік. 2017 жылдың жазында өңір басшысы жұмыс сапарымен Темір ауданына барып, халықпен жүздескен. Орайы солай болды ма, әлде шабыты келді ме, Бердібек Мәшбекұлы сол сапарында «жұмыссыздар» мен «нашар өмір сүретіндер» туралы біраз пәлсапа соқты. Сөзінің түйіні мынау: «Мемлекет көмек беріп жатыр. Бірақ оны алғысы келмей, кежегесі кейін тартатындар көп. Жұмыс ұсынса, «айлығы аз» деп менсінбейді. Нашар өмір сүретіндер, әнеки, солар, жалқаулар мен арыз жазғыштар».

Осы кездесудегі әңгімесін әкім былай түйіндегені де есте: Егер үкімет ұйықтап отыратын болса, Сапарбаев кабинеттен шықпай, телефон арқылы «барлығы жақсы» деп отырар еді. Үкімет ұйықтаса, елдің жағдайы осындай болмас та еді. Қараңыздар, 25 жыл бұрын халықтың жағдайы қандай болды, қазір қандай?! Осының барлығы үкіметтің ұйықтамай жұмыс істегенінің арқасы».

Б.Сапарбаевтың мұндай сөзді кім үшін, не үшін айтқанын бес жасар бала да түсінеді қазір. Өйткені 25 жылдан бері үкімет сан рет ауысты. Ауыспаған президент қана! Демек бұл жерде Сапарбаевтың нені көздегенін айтып жату артық. Сондықтан оны тәпсірлемей негізгі әңгімеге көшейік. «А почему мы не должны защищать свою честь, как областной акимат?!» дегеніне қарағанда, ұятқа қалған шенділердің емес, әкімнің өз шабына от түсіп кеткен тәрізді. Тіпті сөз ауанынан «Қайда қарап отырсыңдар, қамдансаңдаршы!?» дейтін тапсырмаға бергісіз ымдау аңғарылады.  

Мейлі солай-ақ болсын, қарамағындағы шенділердің күлкіге қалғаны әкімнің де намысына тиген шығар. Бірақ дейміз де,  өзі жиі көретін «ұйқышыл жандарды» өзгелер неге көрмеуі керек? Әлде Б.Сапарбаев Ақтөбе «мектептерін меншіктеген» директорлар құсап, мүлгіген шенділерді аңғару құқығын меншіктеп алған ба? Бәлкім жұмыс барысында ешкім ұйықтамайтын шығар, тек әкім оларға жала жауып жүрген болар? Мұндай жағдайда, кім кімді сотқа беруі керек өзі?

Сұрақ көп. Бірінен-бірі балалай беретін сауалдарға басқа емес, әкімнің өзі жауап беріп қалатын шығар деп үміттенеміз. Себебі ұйқыға қатысты сөз бола қалса, Бекең міндетті түрде бірдеме деуші еді ғой...   

Сансызбай Нұрбаба

Sansyzbai Nurbaba

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір