• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 03:58:17
Алматы
+35°

25 Қыркүйек, 2018 Сұхбат

Қуаныш Башаров: Махаббатта жолым болмағанымен, сүюден бас тартпаймын

Қазіргі қыздардың жартысынан көбі мен секілді жігіттерді көрсе, үрке қарайды.

Адамға түрлі сынақтар берілетіні белгілі. Өзіңізге ғана арналған өмірлік сынақты жеңіп шығу да, мойымай, алға қарай ұмтылу да өзіңізге тікелей байланысты. Он екі мүшеміз сау болса да әйтеуір бір нәрсеге көңіліміз толмай, өзімізді, кейде өзгелерді жазғырып, жиі депрессияға түсіп жатамыз. Ал мүмкіндігі шектеулі... Жо-жоқ,  мүмкіндігі шексіз жандар барын бағалай алмайтын жандарға өмірге деген құштарлықтың артуына себепші болып жатады. Қуаныш Башаров сондай ерекше жандардың бірі. Оған "сен әнші бола алмайсың", деп айтқандар көп болған, алайда ол мақсатының айқын екенін сезіп, ең бастысы  қарым қабілетініне сеніп, қазіргі қазақтың тойында ән шырқап, өз өнерімен халықты таңдай қақтырып жүр. Qamshy.kz ақпарат агенттігінің тілшісі жұмыс барысымен Алматыға келген Қуаныш Башаровпен кездесіп, сұқбат алды. 

— Қазіргі таңда немен айналысып жүрсіз? Шығармашылығыңызда қандай жаңалықтар бар?

— Жақын арада бейнебаян түсіруді жоспарлап отырмыз. Менің танылуыма себепкер болған «Жалғыз жапырақ» әніне бейнебаян түсіреміз. Ал қазір тойдың қамымен жүрміз. Мен көбінесе Шымкент қаласының тұрғындары тойға шақырады.

— Өзіңіз жайлы айтқан кезде көпше түрде сөйлейсіз. Тойға шыққанда, көшеде серуендегенде жалғыз жүресіз бе? Әлде үнемі қасыңыздан табылатын жандар бар ма?

— Жоқ, жалғыз жүрмеймін. Мен қыдырған кезде де, тойға шыққанда да бауырларым қасымнан табылады. 

— Тойдан алған қаражатыңызды қайырымдылыққа жұмсайтыныңызды естідім. Қайырымдылықпен айналысуыңызға не себеп болды?

— Мен бала кезімде ақша жетіспеушілігінің себебінен емделе алмай қалдым. Қаражат жағынан көптеген мәселелер туындаған болатын. Сол кезде өз-өзіме уәде берген едім. Егер танымал әнші болып кетсем, қайырымдылық жасаймын, өзім секілді жандарға қол ұшын созамын деп өзіме серт бердім. Ең бірінші, әнші болуды, содан кейін қайырымдылық жасауды армандадым. Кейін тойдан түскен қаражаттарды мұқтаж жандарға бере бастадым. Соңғы рет жаз мезгілінде қайырымдылық шарасын жасадым. Қызылорда облысы Жаңақорған ауданыны Қожакент деген ауылда жетімдер үйінде қайырымдылық концертін бердім.

Қуаныш Башаров

— Қайырымдылық жасар алдында неге көп мән бересіз? Кімдерге қайырымдылық жасайсыз?

— Кез келген мұқтаж жанға қолдан келгенше көмегімді тигіземін. Мысалы мен бірде жолдан бір қарт әйелді көрдім. Аяғы жоқ екен. Онымен сөйлесіп, балаларының, немерелерінің көмек көрсетпейтінін білдім. Оның аяғына протез алу керек болды. Соған қаржылай көмек көрсеттім. 

— Ең алғаш орындаған әніңіз "Жалғыз жапырақ" болды. Шығармашылық жолын не себепті «Жалғыз жапырақ» әніен бастадыңыз?

— Бұл әнді айтуыма алғашқы махаббатым себепкер болды десем де болады. Аида есімді шымкенттік қызды жақсы көрдім, ол да мені жақсы көрді. Ол Шымкент қаласының Мырзакент ауылынан еді. Біз екеуміз әлеуметтік желі арқылы танысқанбыз. Кейін әңгімеміз жарасып, Шымкентке тойға барған кезде Аидамен кездесіп жүрдім. Жиі кездесіп, жиі серуендейтін едік. Екеуміз 2 жылдай қыз бен жігіт ретінде жүрдік. Алайда Аида ата-анасының айтқанынан шыға алмайтын қыз болатын. Оның ата-анасы біздің араласуымызға қарсы болатынын білген соң ара қатынасымызды тоқтатуға бел будық. Бірақ Аида біздің қыз бен жігіт болып жүргенімізді ата-анасына айтпады. Себебі олардың қарсы болатынына сенімді етін. Мен де оны қинағым келмеді. Сөйтіп екеуміздің жолымыз екіге айырылды.

Қуаныш Башаров

— Ал алғашқы махаббат хикаясынан кейін ғашық бола алдыңыз ба?

— Жоқ, ғашық бола алмадым. «Жалғыз жапырақ» әнін айтқан сайын Аида есіме түсетінін жасыра алмаймын. Бірақ осы әннен өзім ләззат аламын.

— Болашақ жарыңызды қалай елестетесіз?

— Өзімнің анамдай болуы керек. Менің анам қарапайым, мінезі өте жайлы адам. Иманды да, ибалы қызды жолықтырып, өзіме жар етсем деп армандаймын.

— Ал қазіргі уақытта үйленбей жүргеніңізге алғашқы махаббатыңыздың әсері бар ма?

— Шынымды айтсам, иә. Алғашқы махаббатымды ұмыта алмай жүрмін.

— "Жалғыз жапырақ" әнін сізден бөлек танымал әнші Әбдіжаппар Әлқожа да айтып жүр. Әбдіжаппар Әлқожаның тарапынан дуэт болып ән айтуға ұсыныс түскен жоқ па?

—  Біз екеуміз Жаңақорғандағы тойда осы әнді бірге айтқанбыз. Халыққа ұнаған. Бірақ Әбдіжаппардың тарапынан маған ұсыныс айтылмады. Менің ағам да "бұл әнді жалғыз өзің орындағаның дұрыс болады",  -деген. Бірақ Әбдіжаппар Әлқожа маған хабарласып, хал-жағдайымды сұрап тұрады. 

— Қазіргі қазақ эстрадасына көңіліңіз тола ма?

— Енді әрқалай. Себебі барлығын бірдей даттап, барлығын бірдей мақтай алмайсың. Қазіргі эстрадада жүрген кей әншілерді көріп «әттең» дейсің, кей әншілерді көріп сүйсінесің. Қазақ эстрадасындағы «Ninety one» тобын жек көремін. Себебі олардың стильдері қазақтың дәстүрі мен менталитетіне сай емес. Құлағына сырға тағып, шаш бояған қазақ жігіті болмаған. Олардың әндерін мүлдем тыңдағым келмейді. Әндерінің мән-мағынасы жоқ.

— Ал кімдерді үлгі тұтасыз?

— Менің ағам бар. Менің тойға шығуыма себепші болған ағам мені үнемі қамшылап, шабыт сыйлап отырады. Оның толық аты-жөні Жәнібек Сыздықов. Ол өзі тамада болып жұмыс істейді. Мен сол ағаммен бірге, сол ағамның қолдауымен тойға шығамын. Оны жеке продюссерім десем де болады. Ал әншілердің ішінде Қайрат Нұртасты үлгі тұтамын.

қуаныш башаров

— Сіз жағымсыз пікірлерді қалай қабылдайсыз?

— Жағымсыз пікір айтушыларға жиі айтатын жауабым біреу-ақ. «Иә» деген сөз. Себебі олармен сөз таластырып ештеңеге жете алмайсың. Сол себепті «сенікі дұрыс» деп қана құтыламын. «Ит қапты екен деп сен де қапсаң, адамдығыңнан не қалады» демекші мен олардың деңгейіне түскім келмейді. Ешқандай артық сөз де айтпаймын, оған жүйкемді де жұқартпаймын. Бірақ осыдан екі жыл бұрын Ерубай Қалдыбеков «Дуанаға нәпақа, қайыршыға садақа» атты мақаласын «Жаңақорған тынысы» газетіне жариялады. Мен туралы жағымсыз пікірін газетке жариялай отырып оның нені көксеген,  мақаланы қандай мақсатта жазғанын мен білмеймін. Бірақ маған бұл мақала күш-жігер берді. Мен сол мақаланы жазған адамға ерегесіп, өзімді қамшылап, тойға шықтым. 

— Өмірдегі қиындықтардан шаршаған кезде неден күш-қуат, шабыт аласыз? Өмір сүруге деген құштарлық қайдан пайда болады?

— Мен жағымсыз пікірден күш-жігер аламын. Сонымен бірге маған шабыт сыйлайтын да, күш-жігер сыйлайтын да ағам. Мен сол үшін Жәнібек ағама алғысымды айтқым келеді. Мені үнемі жігерлендіріп отырады. 

Мен өмір сүруге деген құштарлықты менен де жағдайы нашар адамдардан аламын. Сол жандарға қарап шүкіршілік етемін, сол жандарды көріп өзімді-өзім жігерлендіре түсемін. Ал барлық мүшесі сау бола тұра өмірден түңілетіндерге бір ғана нәрсе айтамын - өмірде ешқашан түңілмеу керек. Барлығын жеңе білу керек. Қиындықты берген Құдай жеңілдікті де береді. Тек шыдамдылық пен табандылық керек.

— Алға қойған мақсатыңыз қандай?

— Мақсатты айтсаң, орындалмай қалады. Мен осыған сенемін. Сондықтан бұл сұраққа жауап бермей-ақ қояйын. Бірақ арманым шетелді бағындыру. Шетелге Қуаныш екендігімді көрсетсем екен деймін. Маған "сен әнші бола алмайсың",- деп жиі айтады. Мен сол адамдарға менің қолымнан әнші болу келетінін дәлелдегім келеді.

— Әншіліктен басқа қандай қызығушылығыңыз бар? Бос уақытыңызда немен айналысасыз?

— Мен әншіліктен басқа техникаға қатты қызығамын. Үйде компьютерге арнайы программа орнатамын. Жаңа дүниелерді программаларды қолдануды үйренемін. Негізі әншіліктен бөлек осындай қызығушылығым болған. Алайда өнер жолын таңдап, нақты шешім қабылдағаннан кейін бұл қызығушылықты ысырып қоюға тура келді. Жалпы әнші болмасам, сол техника саласындағы қызметкер болар едім.

қуаныш башаров

— Өміріңізде қандай келеңсіздіктер жиі орын алады? Қоғамға айтар сыныңыз бар ма?

— Жалпы кез келген адамның өмірінде аяқтан шалуға тырысатындар кездеседі деп ойлаймын. Мен тойға барған кезде көптеген асабалар ән айтқызбай, менсібей тұрады. Қазіргі қоғамда менсінбеушілік, біреуді біреуден төмен санау жиі кездесіп жатады. Осыны көріп ішім ашиды. Көбісі дүниеқоңыздыққа салынып жатады. Бар ойы ала берсем, жей берсем дегендер көп.

Қоғамға көңілім толмайды. Мүмкіндігі шектеулі жандарға жеткілікті деңгейде көңіл бөлініп, қолдау көрсетіліп жатқан жоқ. Мемлекеттік мекемелердегі плантустан сау адамның өзі сүрінеді. Кей мекемелерде мүлдем плантус жоқ. Қазақстандағы көптеген қалаларда мүгедектерге жағдай жасалмаған. Тіпті көшеде жүрудің өзі қиынға соғады. Қазақстан мүмкіндігі шектеулі жандарға арналмаған. Әкімдікке арызданғаннан ештеңе өнбейді. Олардың есігін тоздырғаннан басқа еш пайда жоқ. Мысал мен қазір Алматыдағы автобусқа мініп, мүгедектігім туралы арнайы құжатты көрсетсем, менен ақша алады. Себебі мен бұл қаланың тұрғыны емеспін. Ақша төлемес үшін осы қалада тіркеуге тұруым керек екен. Сол кезде Қазақстан біртұстастығы қайда ойға келдім.

— Қазіргі қыздарға айтарыңыз бар ма? Маған қазіргі қыздарға көңіліңіз толмайтын болып көріндіңіз...

— Иә, айтарым бар. Қазіргі қыздардың жартысынан көбі мен секілді жігіттерді көрсе, үрке қарайды. Соған таңқалам, бір жағынан қынжылам. Қыздардың көбісі ақшаға, байлыққа құмар келеді. Бай жігітті көрген қыздар сол жігітпен қыдырып, ішіп-жеп, серуендеп жүргенді қалайды. Ақшаға деген нәпсіні тыя алмайды.

— Шынайы махаббаттың барына әлі күнге дейін сенесіз бе?

— Иә, әрине сенемін. Сенгендіктен "Жалғыз жапырақты" әлі күнге дейін орындап жүрмін ғой. Сенемін. Күтемін.

қуаныш башаров

— Адамдардың қандай қасиеті жаныңызға жақпайды? Ал қандай қасиетті бағалай білесіз?

— Маған өзімшіл адамдар мүлдем ұнамайды. Ал сабырлы, адал жандарды бағалай білемін. 

— Сатқындықты бастан өткердіңіз бе?

— Иә, ондай кездер болған. Мен қатты сенетін бір досым бар еді. Үнемі тойға сол жігіт апарып жүретін. Мен оған тойдан түскен қаражаттарымнан сыйлық сыйлап, алғысымды айтатынмын. Бір күні ол менен тойдан түскен қаражаттан белгілі бір пайызын беруімді сұрады. Солай ақшаға бола түрлі келіспеушіліктер орын алып, мүлдем араласпай кеттік. Солай... Қазіргі адамдардың көбісі ақшаны ойлайды, тез байығысы келеді. Алайда өмірдің мәні ақшаға байланып қалған жоқ қой. 

Әсел Болатқызы

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір