• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 11:30:32
+35°

20 Қараша, 2018 Әлеумет

Құран кәрім: Екі иықта екі періште бар

Соңғы кездері көшеге шықсақ екінің бірінің, әсіресе жастардың ауыздарынан еститініміз кілең   боқтық-балағат сөздер.

Күні кеше көшеде келе жатсақ, артымыздан он шақты қыз-жігіт қуып жетті. Ішіндегі екі-үш жігіт даурығып, боқтық сөздердің небір «шұрайын» орысша араластырып шұбыртып келеді. Дауыстап ескерту жасадым, жігіттер ауыздарыңызға ие болыңдар, қастарыңызда үлкен адамдар, әне араларыңызда қыздар жүр дедім. Сонда сол жігіттің бірі маған, мына қыздар ма, «бұлар мұндай сөздерді бізден екі есе көп айтады» деп қарап тұр. Ешқайсысы ұялған сыңай танытпады, ескертуден де еш қорытынды шығармады. Сол бұрынғыша орысша-қазақша боқтық сөздердің түрін айтып, жалғастырып кете барды.

Соңғы кездері көшеге шықсақ екінің бірінің, әсіресе жастардың ауыздарынан еститініміз кілең боқтық-балағат сөздер. Үлкендері де оңып тұрған жоқ. Кез келген жерде ұрыс-керіс. Мемтілді белшесінен басып, орысша араластырып сөйлеу толықтай «модыға» айналған.  Ескерту айтсаңыз, «Не шаруаң бар, ақылыңды өз балаң мен немерелеріңізге айтыңыз» деп бетіңді тырнап алады. Сонда үйде тәрбие беретін Ата мен Ана қайда? Балабақшадағы тәрбиешілер қайда? Жасы үлкен аға мен әпке, ағайын-туыс қайда? Мектептің мұғалімдері қайда? Арнайы орта, жоғарғы оқу орындарының ұстаздары қайда? Мемлекеттік, еңбек ұжымдары мен олардың басшылары қайда? Ұлағатты ұрпақ тәрбиелеу жұмыстарын ұйымдастыруға тиісті Білім мен Мәдениет министрліктері қайда қарап отыр? Қазақта «Балық бастан шіриді» дегендей, тәрбиесіздік пен білімсіздіктен бастау алатын көргенсіздіктің бастауы бас жақта жатқан жоқ па екен? Бұған кім жауапты? Кім жауап береді?

Мұндай жаман әдет ежелгі қазақта да, қасиетті дінімізде де ешқашан болмаған. Бұл сіздер басты бағдар етіп алған «гендерлік» саясаттарыңыздың жемісі емес пе? Не уәж айтасыздар?

Бала кезімізде өз ата-анамыздан бастап жасы үлкендердің барлығы дерлік үнемі жаман сөзден аулақ болыңдар, тек қана жақсы сөз айтатын болыңдар, "Жақсы сөз жарым ырыс" деп жататын. Ал, қазір ше? Оны жоғарыда айтқанымдай, бәріміз де күнде көріп жүрген болармыз.

«Ей, Мұхаммед (с.ғ.с)! Енді оларды, өздерінің жойылатын (қайта тірілу) күніне жолыққандарына дейін жайына қалдыр. Ол күні оларға айла-шарғылары ешбір пайда бермейді әрі оларға ешкім көмектеспейді. Анығында, әділетсіздерге оған дейін де азап бар, бірақ олардың көбі білмейді». (Құран Кәрім. Әт-Тур сүресі. 45-47 аяттар). Тәпсір: Бұл – осы өмірде берілетін жазалар. Ибн Касир.

Алла мен адамға бірдей қызмет жасайтын «Періштелер» бар. Алла адамға жан бергенде, әр адамның екі иығына екі періште орналастырған. Оң иығыңдағы Періште сенің жақсы (көркем) сөзің мен жақсы істеріңді жазса, сол иығыңдағы періште сенің барлық жаман (ылас) сөздеріңді және мынау өмірдегі адамдарға жасаған барлық жаман істеріңді (қиянаттарыңды)  тіркеп отырады. Әзірейіл періште келіп, жаныңды алғанда, яғни мынау «жалғаннан» бақиға өтіп, қыл көпірдің алдына келгеніңде Алла алдында жауап бересің, сол кезде екі иығыңдағы екі періште сенің кім болғаныңа куәлік етеді. Демек, сенің бұл өмірдегі сынақ өмірден қалай өткенің Алла алдында сарапқа салынып, қыл көпірден өтесің. Көпір астының сол жағында жаныңды шырқырата қинайтын қайнаған су, оң жағында лаулаған от. Кінәсіздер «қыл көпірден» құламай өтеді, себебі онда «салмақ» жоқ. Ал кінәлілер, қыл көпірдің үстінде жер бетінде жинаған ауыр кінәларының себебінен біресе суға құлайды, жан ышқыра шыңғырып көпірге қайта шықса отқа құлайды. Алланың бұйрығымен көпірден құлағандар "жеті қат жер астындағы дозаққа», құламағандар «ұжмағына» барып, Алланың өзіне аманаттап берген жанын өзіне қайта тапсырады.

«Міне, (әрбір адамның) оң жағынан және сол жағынан екі тіркеп (жазып) алушы отыр». (Құран Кәрім. Каф сүресі. 17 аят). Тәпсір: Әрбір адамның барлық жақсы және жаман амалдарын жазып отырушы періштелер бар. Ибн Касир.

«8.Ол күні таразыға тарту – ақиқат. Сонда таразылары (жақсылыққа) ауыр тартқандар, міне, солар – нағыз жетістікке жетушілер. 9.Ал таразылары жеңіл тартқандар, міне, солар – аяттарымызға әділетсіздік еткендіктері үшін өздеріне зиян келтіргендер. ...11.Біз сендерді жараттық, одан соң сендерге кескін-келбет бердік. Содан кейін періштелерге «Адамға сәжде етіңдер!» - дедік. Сонда олар сәжде етті. Тек, (жыннан болған) Ібіліс сәжде етушілерден болмады» (Әл-Аъраф сүресі). Тәпсір: Періште адам баласына жақсылық тілеушілерден, Ібіліс ұрпақтары зиян келтірушілерден болды.

 ОСЫ ЖОЛДАРДЫ ОҚЫҒАН БАРШАҢЫЗҒА ҰЛЫ ЖАРАТУШЫ АЛЛА ИМАН БЕРГЕЙ!

Қожырбайұлы Мұхамбеткәрім, Маңғыстау

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір