• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

28 Наурыз, 23:49:46
Алматы
+35°

20 Қазан, 2017 Аймақтар

Қостанайлық оқушылар зағиптарға арналған «ақылды тақияны» жасап шығарды

Қостанайдағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары әлеуметтік маңызы зор бірнеше жоба ойлап тапты.

Қостанайдағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары әлеуметтік маңызы зор бірнеше жоба ойлап тапты. Жас ғалымдардың жаңалығы кемтар жандардың мүмкіндігін кеңейтуге бағытталып отыр.

Оқушылар өздері құрастырған «ақылды киімдердің» болашақта сұранысқа ие боларына сенімді. Абылайхан Әділбек пен Раухат Арқұлов «ақылды киім» жобасын 9-сынып оқып жүргенде қолға алды. Көз майын тауысқан 4 жылғы еңбек өз жемісін берді. Әуелдегі «ақылды қолғап», енді тақиямен толықты. Шекесіне қондырғы орнатылған баскиім зағип жандарға арналған.

Абылайхан Әділбек, Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы: 

«Белгілі бір нысан осы тақияның ультражабдығына жақындаған кезде ол өз иесіне ақпарат береді. Осы дыбыс арқылы иесі ақпаратты қабылдап, алдында бір нәрсе тұрғаны жайлы және оның қозғалысын басқа бұру керек екенін ойлап отырады».

Оқушылардың басты арманы – мүгедектердің мүмкіндігін кеңейту. Мылқаулар мен саңырауларға арналған қолғап та осы мақсатта өмірге келген. Мұнда қолданушы өз ойын шағын экран арқылы білдіре алады.

 Раухат Арқұлов, Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы:

«Қолғаптың бармақтардың бір-біріне тиюі арқылы біз белгілі бір әріптерді жаза аламыз. Яғни толығымен алпыс әріп жазуға болады. Бұл қазақша да, орысша да, ағылшынша да әліпбиге жетеді».

Жас ғалымдар жаңалығын Қостанайдағы зағиптар қоғамына апарып таныстырды. Жанары суалған жандар оқушылар жасаған «ақылды тақияны» киіп, тексеріп те көрді.

Қылышбай Бекмағанбетовтың су қараңғы болғанына – 12 жыл. Алғашқы дана тақия оған сыйға берілді.

Қылышбай Бекмағанбетов, І топтағы мүгедек:

«Бұл бізге өте қажет құрылғы екен. Үш жарым метр қашықтықтан ескертіп, дыбыс береді. Жалғыз жүргенде көмекші. Болашақта дауыстайтын қылып жетілдірсе, тіптен тамаша болар еді».

«Ақылды тақия» арзандығымен де ерекшеленеді. Қондырғы орнатылған баскиімнің құны мың жарым теңге шамасында. Қостанай облыстық зағиптар қоғамында 700-ден астам мүше бар екенін ескерсек, келешекте оның сұранысқа ие болары анық. Оқушылар еңбектерін жетілдіру үстінде.

Авторлары: Абылай Мауданов, Ермек Мұхамедьяров

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір