• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 19:15:31
Алматы
+35°

21 Ақпан, 2019 Айтты-ей, бауырың!

Қонақ кеткен соң әрбір үйде айтылатын сөз: "Енді өзіміз жақсылап бір шай ішсек..."

"Енді өзіміз бір жақсылап шәй ішсек"... Қонақтар кеткен соң әрбір үйде айтылатын сөз...

"Енді өзіміз бір жақсылап шай ішсек"... 

Қонақтар кеткен соң әрбір үйде айтылатын сөз... Иә, қонақтар қайтқаннан кейін, қонаққа барып келген соң, өзіңмен-өзің болып отбасыңмен бірге жақсылап шәй ішкің келеді осы, иә? 

Біздің үйде әкем – шайқұмар адам. Оқушы кезде анам бір жаққа кеткенде, не жұмысымен қарбалас болып жатқанда, түнде ұйықтар кезде "ертерек, тезірек" жатып қалайын десең, әкем шай ішкісі келіп қалатын. Күнде. Шай дайындап беруге ерінген кезде, "тезірек" жата қалайын десең, "жай ғана шәйнекті бір қайнатып, "мында" қоя салсаң, өзім құйып іше беремін. Сүт жетеді. Қант болса, бере сал. Құртты қоя салсаң болады... Кәмпит жоқ па екен? Өзім құйып іше беремін"...

Иә, сөйтіп бұрқылдап жүріп, дайындап беретінмін. Кейде шын ниетіммен, шын көңіліммен дайындап беретін кездерім де болды. Бірақ ондай сәттер аз еді. Ал, анам болса, қашан болса да, қандай күйде болса да, әкеме ас-суын дайындап тұратын. Өзі ішпесе де, әкем шайын ішіп болғанша шәугімінің суып қалмауын қадағалап, "аяғына" дейін" отыратын. Кейде тіпті, бағана айтып кеткендей, түннің бір уағында шай ішкісі келсе, анам жанында шәугімін "құшақтап" отыратын. Әкем көзде  – көзілдірік, қолда – газет, асықпай баптап ішіп отыра беретін. "Кім құйып жатыр, ол қарбалас па, шаршап отыр ма, ауырып отыр ма?" аса мән бермейтін. Шайы бітсе, тіпті көз салмастан әйтеуір шай құйылатын жаққа кесесін ұсынатын да, қарамайтын. Тек газеттің арғы жағынан шайымен қайтатын кесесін күтіп созылған қолы ғана тұратын. Кейде тіпті анам қалғып отыратын. Сонда әкеме "Түу, тез-тез ішсеңізші! Мамам ұйықтап отыр ғой!" деп, "ұрсатынмын". "Мен болдым. Жинай беріңдер. Шәйнекті, құртты, қантты қалдыр да, қалғанын жинай бер" - деп әкем сасып қалатын.

Анам қайтқан соң, шай құюды үлкен жеңгем "иемденді". Ол көп шай ішпейтін. Басын жеңгем бастап, мен аяқтайтынмын. Балалары кіші болған соң, "мен болдым, жинай беріңдер" деп әкем айтқан соң, бала қамымен тұрып кететін жеңгем. Әкем "болдым" деген соң, 3-4 кесе ішетін (кейде одан көп шығар). Сондықтан, ары қарай мен құятынмын.

Анамның жылы өткен соң, екінші ағам үйленді. О! Алақай! Жеңгелі болдым тағы да! Бірақ екі есе қуануға тағы бір себеп бар еді. Үлкен жеңгем екеуміз шексіз қуандық! Екінші жеңгем шай ішкенді жақсы көреді екен! Сөйтіп, әкеме "аяғына дейін" "шыдап" шәй құю "автоматты" түрде екінші жеңгеме өтті. Қазір ауылға барсаң, өзімізге де, көп қонақ шақырсаң да, екінші жеңгем шайдың басында отырады. Өзіне жарасымды. Асықпай, баппен құяды. Бастысы - ерінбейді, шыдайды. Рахмет, жеңге! 

ПыСы: ...бірақ кейінгі кезде әкеме шай дайындап беріп, өзім де бірге ішкім келіп жүргені-ай...

Сіздер де қонақты шығарып салып, не қонақтан кейін өздеріңіз болып шай ішесіздер ме?

 

Мақпал Сембай

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір