• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

17 Сәуір, 00:27:59
Алматы
+35°

18 Қаңтар, 2019 Спорт

Қазақтың бәрі шабанаяқ немесе тобанаяқ емес

Қазақ жұртына Олимпиада ойындарының бірінші медалін алып берген саңлағымыз Ғұсман Қосанов ұшпа жүйрік болатын.

Біздің халықта желаяқ деген сөз бар. Яғни, әр заманда желмен жарысқан жүйріктеріміз болғаны рас. Алысқа бармай-ақ, ХХ ғасырдың 50-жылдарының соңы мен 60-жылдарға ат басын бұрсақ, шашасына шаң жұқпаған небір желаяқтарымыз алдымыздан шығады. Қазақ жұртына Олимпиада ойындарының бірінші медалін алып берген саңлағымыз Ғұсман Қосанов ұшпа жүйрік болатын. Ғұсман ағамыз 1960 жылғы Рим олимпиадасының күміс жүлдегері. Бірнеше жыл сол тұста әлемдегі ең мықты құраманың бірі саналған совет қомандасының сапында жүгірді. Қосанов Совет одағының чемпионы, бірнеше мәрте жүлдегері. 100 метрге жарысуда 10,2 секунд нәтижемен совет рекордын қайталады. Ал 1960-1968 жылдарда 100 метрдегі әлемдік рекорд 10.00 секундқа тең болса, Рим олимпиадасында неміс жүйрігі Армин Хари 100 метрде 10,2 секунд нәтижемен алтын медальді жеңіп алды. Осы мысалдардан-ақ Ғұсман Қосановтың қандай деңгейдегі спортшы болғанын білуге болады.

Ғұсманның сыңарындай болған Әмин Тұяқов 1965 жылы Алматыда өткен Совет одағының чемпионатында 200 метрді  20,6 секундта артқа тастап, чемпион атанды, әрі одақтың жаңа рекордын өмірге әкелді. Әмин ағамыздың бұл рекордын советтің өрен жүйріктері екі жыл бойы бұза алған жоқ. Тұяқов 200 метрге жарысудан советтің 4 дүркін чемпионы, 4х100 метрге эстафеталық сында Совет Одағының 2 мәрте жеңімпазы. 1965 жылы 100 метрді 10.2 секундта жүгіріп өтіп, одақ рекордын қайталады. 100 метрге жүгіруде Совет Одағы чемпионатының 3 дүркін күміс, 2 мәрте қола жүлдегері. Ол кезде жеңіл атлетикадан әлем, Еуропа чемпионаттары өтпейтін еді. Егер өтсе, Ғұсман мен Әмин ағаларымыз әлем  және Еуропа чемпионаттарының талай жүлдесін қанжығаға байлайтыны даусыз еді. Бұған бір ғана дәлел:  Әмин Тұяқов 1965 жылы совет құрамасы сапында 4х100 метрге эстафеталық жарысқа түсіп, Еуропа кубогын олжалаумен қатар, Еуропаның жаңа  рекордының кіндігін кесті.

Ғұсман Қосанов

Иә, қазақи болмысы бұзылмаған, әкесі мен анасының қанына арақ-шарап, доңыз еті араласпаған, сайын даланың тұнық  ауасымен еркін тыныстаған қос саңлағымыз ХХ ғасырдың 60-жылдарында  жер шарындағы ең мықты спринтерлердің қатарында тұрыпты. Әмин мен Ғұсманның сол тұстағы ұшқыр секундтары Азия мен Еуропаның қазіргі жүйріктеріне жеткізбей жүргенін де айта кетейік. 2002 жылы Бусандағы Азия ойындарында  Сауд Арабиясының желаяғы  Жамал әл-Саффар 100 метрді  10.24 секундта  артқа  тастап,  жеңімпаз атанса,  2006 жылы Дохадағы Азия ойындарында  тағы бір араб спортшысы  Яхия Хабеб  100 метрге жарысуда  10.32 секундпен алтын тұғырға көтерілді. 2006 жылы 200 метрде  топ  жарған  жапон Шинго Цуецукудің  көрсеткіші - 20.60 секунд, ал  бір миллиардтан  астам  Қытайдың  намысын  жыртқан  Ян Яоцудың нәтижесі - 20.71 секунд.  

Егер қазіргі стадиондардың «озық» төсеніштері мен  «жүйрік» шиповкалары,   күш-қуатты еселейтін  бүгінгі дәрі-дәрмек  сол  кезде  болғанда, біздің  ағалар Усейн Болттың рекордтарымен  үзеңгі қағыстырар ма еді, кім білсін. Усейн Болт демекші, Ямайканың «қара маржанының» бойы 195 см, ал Ғұсман Қосановтың бойы  178 см болды. Кезінде кейбір спорт мамандары «бойы тапал, жүйрік шықпайды» деген Әмин ағамыздың бойы 172 см. Яғни, біздің ағалардың  Болтқа қарағанда адымы қысқа. Әмин мен Ғұсман ағаларымыз осы боймен АҚШ пен Еуропаның сырықтай-сырықтай Олимпиада чемпиондарынан талай рет озды. Бұл жерде қазақ жүйріктері аяқтың күші және жылдамдық есебінен оқтай зулағанын айта кету керек.

Сол жылдары Ғұсман мен Әмин ағаларымыздан басқа Совет Исамбаев, Жамбыл Ескендіров, Бекен Күреңкеев, Әдебиет Байтықов, Сағынтай Қанапинов секілді жүйріктеріміз республика чемпионаттарын ұтып, рекордтар жаңғыртқанын ұмытпағанымыз дұрыс.

Ал тәуелсіздік алған 27 жылда бір қазақ желаяғы Азия чемпионатын ұтқан жоқ. Бұл дегеніңіз спорт саласындағы ұлттық саясаттың төмендігін, біздің аймақтардағы спорт басшылары бұл жағынан мүлде қаперсіз отырғанын білдіреді. Әйтпесе, 1962 жылы 100 метрді 10,2 секундта артқа тастаған қазақтың бүгінгі ұрпағы шетінен шабанаяқ, шетінен тобанаяқ дегенге қалай сенесің. Сексенінші жылдардың ортасында алматылық Айдар Әбділдин деген бауырымыз 100 метрді 10,2 секундта жүгіріп, Совет одағы құрамасына енгенін баспасөз бетіне жариялап едік. Айдардан кейін қазақтан ұшпа жүйрік шықпай қойды.

Республикалық спорт интернаттары және облыстардың спорт басқармаларының басшылары ең әуелі білікті бапкер тауып, сосын жер-жерден желаяқ балаларды іздестіріп, осы іске өріс ашса, әлем стадиондарын дүркірете жебедей зулайтын қараторы бауырларға   қол соғудан жалықпас едік-ау! Қазақи қаны сұйыла қоймаған азаматтар, бүгін намысыңды  қамшыламасаң, ертең кеш болады!  

Қыдырбек Рысбек

Gulim Zhaqan

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір