• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 19:03:33
Алматы
+35°

29 Желтоқсан, 2018 Экономика

Қарапайым халықтың табысы өзін-өзі дамытуға жетпейтінін Ұлттық банк пен Үкімет қашан сезінеді?

2018 жылды да тәмамдадық. Биылғы жылы елдегі инфляция көрсеткіші   6,0 пайызды межеледі.

Атқарушы билік инфляцияны тежеудің заманға сай әдістерін игеруі керек.

Сонымен 2018 жылды да тәмамдадық. Биылғы жылы елдегі инфляция көрсеткіші   6,0 пайызды межеледі. Ал сала мамандарының пайымдауынша, шындап келгенде елдегі инфляция көлемі бұдан жоғары. Экономист-ғалымдардың айтуынша, инфляцияны тежеудің заманға сай тәсілдерін меңгермесек, келер жылы инфляция деңгейі 2,7 пайызға дейін артып, қымбатшылық бұдан әрі еселене беретін болады.

Мамандар алға тартып отырғандай, биылғы жылы көк қағаздың құны шарықтап, теңгенің құны төмен қарағалы бері елде қымбатшылық өршіп тұр. Бір ғана Алматыда азық-түлік бағасы ай сайын емес, апта сайын өсім беруде. Бұған қатысты «Аналитик» талдау орталығының экономист-сарапшысы Тоғжан Шаяхметованың айтуынша, 2018 жылы қымбатшылық халыққа қатты сезілді.

«Алматыда 1,5 млн халық бар. Олардың тұтыну шығыны 2017 жылмен салыстырғанда (7,9 %)  2018 жылдың  соңғы алты айында 9,1%-ке өскен. Биыл қаладағы орташа табыс табатын халықтың  ай сайынға тұтыну шығыны  123 мың 338 теңгені құрады. Анықтағанымыздай, 123 мың 338 теңгенің 90 мың теңгесін 3 баласы бар отбасы тек  азық-түлікке ғана жұмсайды екен. Ал қалған сома коммунальдық төлемге, жолақысына кетеді. Сонда біздің қарапайым халықтың тапқан табысы өзін-өзі дамытуға жетпейді. Тапқан табысын тек ас-ауқатына жеткізетіндердің қатары көбейіп кетті. Мұны уәкілетті органдар сезінуі керек. Сондықтан болашақта Ұлттық банк пен Үкімет инфляцияны тежеудің заманға сай жолдарын меңгеруі тиіс. Олай етпесек, қымбатшылық қамыты бұқараны қысып барады» ,- дейді сарапшы Тоғжан Шаяхметова.

Жалпы, 2018 жылы елдегі қымбатшылық деңгейі өскенін сарапшылар ғана емес, Ұлттық банк те, Ұлттық экономика министрлігі де, тіпті Үкімет басшысы Бақыттжан Сағынтаев та растады.  Бұған қатысты Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев бағаны орынсыз қымбаттатқандарға шара қолдану керектігін бірнеше мәрте баса айтты. Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев те «2018 жылғы қымбатшылық былтырғыдан жоғары болады» деп талай мәрте мәлімдеген болатын.  Ұлттық банк төрағасының айтуынша, оған себеп: «көрші Ресей еліне салынып жатқан санкциялар салқыны бізге биыл нақты сезіле бастауы» деген болатын Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев.

Ал енді мамандар нақты-нақты әдістерді қолға алмасақ, келер жылы да «қымбатшылыққа одан әрі күйіп отырамыз» деседі. Қаржыгер Жасұлан Мақсұтовтың байыптауынша «ең бірінші қымбатшылық бізге  импортпен ілесіп келіп отыр.

«Бір ғана Алматыны мысал етсем, Алматы өзін –өзі толықтай азық-түлікпен қамтуға әлі жеткен жоқ. Мегаполюстегі өнім өндіретін кәсіпорындар бар, қаланың маңындағы аудандардан келетін азық-түлік өнімдері бар осы екі тарап қосылып қаланы 60 пайыздық отандық өніммен қамти алады. Ал қалған 40пайыз өнім сырттан әкелінді. Барлығымыз білеміз, импорт өнімді елге әкелгенде төленетін кедендік баж салығы, кедендік әкетілім салығы, кеден аумағында тауарды әкелу кезінде қосылатын құн салығы, кеден аумағына тауарды әкелу кезінде тауарды акциздеу барлығына төлемақы алынданы. Осының барлығының шығынын импорт тасымалдаушылар өнімнің бағасынан шығарып алғысы келеді. Осыдан барып, Қытайдан 50 тенгеге алынған лимон Қазақстанға келгенде 200 теңге болып шыға келеді. Қазір көрші Ресей санкциялар салынып жатқан тұс. Болашақта Ресей сыртқа шығаратын тауарларының бағасын екі есеге көтеріп жіберуі де мүмкін. Сол кезде біздің нарыққа Ресейден келетін өнімдер қымбат болып келеді. Міне, алдағы 2019 жылы импорттар тасқыны инфляцияны өсіре түседі»,-деді Жасұлан Мақсұтов.

Қаржыгер маманның пайымдауынша, осыны ескергендіктен Үкімет алдағы уақытта мына жайттарға назар аударғаны жөн.

А) Инфляцияны нарықтың талабына сай тежей алу үшін бірінші кезекте отындық кәсіпкерлерге салынатын қосымша құн салығы қымбат. Міне, осы мәселені шешіп алу керек. Отандық өнім өндіретін кәсіпкерлерге қосымша салықтық жеңілдіктер қарастырылуы тиіс.

Ә) Екінші, жеке тұлғаларға арналған тарифтерден бөлек, кәсіпорындарға тариф бағалары бар. Келер жылы тариф бағасы арзандайды деп жатырмыз. Мұны зерттеу керек. Расымен де қойылатын тариф бағамы отандық кәсіпорындарға қолайлы ма осы жағы толық біліп алып барып бұл арада да жеңілдіктер керек.

Б) Делдалдар мәселесін шешу керек.  Тауар бағасының қымбаттауына тікелей ықпал етіп отыр делдалдарға бізде бақылау аз. Супермаркеттерге, ірі сауда дүкендеріне өнімді тікелеу зауыттан өз бағасына алатындай жағдай жасалынуы керек. «Бұл арада бизнесті бастадың ба, әрі қарай мемлекеттің көмегінсіз өзің дамытып ал» деген болмайды. Олай етсек жабайы кәсіпкерлік дамып кетеді. Сондықтан бизнеске де бақылау қойып, керек кезінде демеп отырғанның артығы болмайды. Бұл қарапайым халық үшін қажет нәрсе.

В) Қажет болса, мемлекеттік арзан дүкендер желісі де құрылғаны абзал. Әлеуметтік нормасы төмен жағдайы жоқ отбасыларды арзан дүкендер желісімен қамту алсақ, жөн болар еді. Арзан әлеуметтік дәріханалар желісін құру жайы да өзекті болып отыр.

«Міне, бастапқыда осы мәселелерді шешіп алсақ, одан кейін қалғаны біртіндеп реттелер еді» дейді қаржыгер Жасұлан Мақсұтов.

Қарлығаш Зарыққанқызы

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір