• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 17:45:05
Алматы
+35°

10 Қаңтар, 2019 Әлеумет

Оразалы Сәбден мемлекетті басқарудың жаңаша жобасы 5-тік спиральді ұсынды

Қазақстанда экономиканы үкімет пен бизнес, яғни екі жақтық (мемлекеттік және жеке) серіктестік арқылы құратын үлгі қалыптасқан.

Академик өзінің Елбасына және халыққа ашық хат ретінде жарияланған 5 маңызды ұсынысында:

«Ең басты мәселе Қазақстанға саяси, әлеуметтік-экономикалық заңмен шегеленген тұрақты жүйе жасау керек. Бүкіл еліміз осы жүйе бойынша жұмыс жасайтын болады. Халық сайлаған билік келеді-кетеді, бірақ жүйе тұрақты жұмыс істеп тұрады, дамыған елдердегідей... Осы жүйе арқылы мемлекетіміз үзіліссіз-тиімді дамыйды. Менің 5 ұсынысым  да, осы жүйені жасап,  қалыптастыру үшін беріліп отыр»,- деген еді. Енді осы бесінші ашық хатында «Мемлекетті 5-тік спиральмен жаңаша басқару» жобасын ұсынып отыр.

ХХІ ғасырда әлем күрт өзгеріс үстінде. Біз соны сезіп, дер кезінде экономиканы да, саясатты да трансформация жасап, басымдылықтарды күрт өзгертіп, елімізді дамытуда жаңа серпіліс беретін деңгейге шығуымыз керек.

Осыған орай мемлекетті басқарудың нақты іс-қимылына көшетін болсақ, әлемдік өркениет дамуын зерттеген маман ретінде, 5-тік спираль негізінде мемлекеттік басқарудың жаңа парадигмасын ұсынамын.  Олар мемлекет, бизнес, ғылым, қоғам және адам қажеттілігі, ақпараттық жүйе сынды мемлекетті тиімді басқарудың 5 базалық элементтерінен тұрады. Әр блок бойынша жобалар мен тетіктері дайындалды. Егер біз осы бес блокта, бір сағаттың тетігі тәрізді жұмыс істесек, тез алға кетеміз. Олар іске қосылуға дайын тек саяси шешім болса! Әлемде аналогы жоқ бұл жобаны  халықаралық конгрессте, конференцияда таныстырып, баяндамалар жасадым.

Қазақстанда экономиканы үкімет пен бизнес, яғни екі жақтық (мемлекеттік және жеке) серіктестік арқылы құратын үлгі қалыптасқан.  Қазір бізде оны мемлекет пен бизнес іс-әрекеті (ГЧП) дейді. Кейде базбіреудің я  мемлекеттік қызметте жұмыс атқаратынын, я үлкен бизнесмен екендігін ажырата алмай жатамыз. Тек істі болып, ұсталып жатқан кезінде ғана оның үлкен лауазымды қызметте отырғанын халық біліп қалады. Осындайда билік пен бизнес сыбайлас болып кетті демей не дерсіз?

Алайда, дамыған елдер тәжірибесіне қарасақ, оны мемлекет, бизнес және ғылымның жетістігін іске асыру арқылы (3-тік спираль) бірлесіп атқарады. Бізде ғылымның жағдайының мүшкіл екені айтпаса да түсінікті. Ал XXI ғасырдағы әлемдік өркениет талаптары, меніңше, 5-тік спиральға мұқтаж, яғни мемлекет, ғылым, бизнес, қоғам және ақпараттық жүйенің  өзара әрекеттестігі.

Экономиканы үдемелі дамыту үшін мемлекеттің ғылыми-техникалық саясаты басымдықтарын кешенді меңгеру қажет. Біз «бестік спираль» концепциясының негізгі элементтерін ұсынамыз (Сурет1). Бұл «бестік спиральмен» басқару: мемлекет, шағын, орта және ірі бизнес, ғылыми зерттеу институттары мен университеттер, адам және қоғам қажеттіліктері сондай-ақ ақпараттандыру сынды бес блоктан тұратын механизм түрінде ұсынылған.

Бестік спиральмен басқару негізінде экономиканы үдемелі дамыту

Бұл суретте әр блоктың  негізгі функциялары берілген. Мәселен, бірінші блокта мемлекет деңгейінде демократия мен биліктің барлық тармақтарының балансын қамтамасыз ететін Конституция, Конституциялық заңдар және т.б. заңнамалық актілерге енгізілетін өзгертулер қабылданатын болады. Биліктің үш тармағының жаңа құрылымын қалыптастыру арқылы Парламент өкілеттігі айтарлықтай кеңейе түседі, Президенттік өкілеттіктерді қысқартумен қатар заң шығарушылық, атқарушылық, сот-құқықтық жүйесі тарапынан экономикалық еркіндік және демократияны қамтамасыз ету көзделеді.

Енді саяси-демократиялық кезең басталуы керек. Демократия – бұл атқарушы, заң және құқықтық биліктің басқару жүйесіне жылдам еніп, әрі қарай дамитын өмір тәсілі. Ал біздің көзқарасымыз бойынша, Қазақстан Республикасы басқарудың Парламенттік билік жүйесіне көшу және осыған байланысты барлық Парламент, Үкімет жүйесін құру үшін конституциялық реформа жүргізу керек. Бұдан әрі биліктің 3 тармағының: заң шығарушы, сот және атқарушы биліктің өкілеттіктері теңеседі. Өйткені, Қазақстан унитарлы ел болып саналғандықтан, бір палаталы Парламент болуы тиіс. Оның 50% партиялардан, ал 50% жергілікті халық сайлауы тиімді болады. Сонда ғана жергілікті халық, қазіргідей емес, қай депутатқа жүгінетінін біліп отырады.

Көп партиялы Парламент пікірлермен бөлісіп және идеялар қосып, кез келген мәселелерді ашық талқылап шешім қабылдай алатын болады. Мемлекетте  бір палаталы Парламенттік жүйемен даму әлдеқайда сәтті жүзеге асырылады. Билікке бір өзгермейтін шындықты түсіну керек: бізге керек реформа ол әдеттегідей тек басқару құрылымдарын өзгерту үшін емес, негізінде ол халықтың игілігі мен қоғамның дамуы үшін жасалуы тиіс.

Екінші блокта шағын және орта бизнесті жедел дамытудың негізгі үлгісі әзірленді. Оның құрамына 9 жоба кіреді: Біріңғай заңнамалық жүйені құру; Кооперация, интеграция және ірі бизнесті кластерлеу; Жастар бизнесін жүйелі қолдау;Кәсіпкерлік жоғары оқу орындарын құру; ШОБ үшін жаңа буыннан кәсіби кадрларды дайындау; Шетелдік және жергілікті кәсіпкерлердің қатысуымен ШОБ жаңа механизмдерін дамыту; ШОБ қолдау орталықтарын жергілікті деңгейге көшіру; Ақпараттық кеңістікпен ШОБ насихаттауды қолдау үшін медиа жоба; Агроөнеркәсіптік шағын бизнесті дамытудың арнайы мемлекеттік бағдарламасы.

Жарқын болашаққа басты мақсат – елде орта тапты қалыптастыру, ал шағын бизнесті қоғамдық меншік жасау. Халықтың мүддесіне және елдің экономикалық дамуына қоғамның түрлі күштерін (іскерлік элита, азаматтық қоғам, үкіметтік емес ұйымдар және т.б) біріктіру. Бұл туралы автордың жобасы арнайы Жас Алаш газетінің өткен санында берілген (1 қараша 2018, №87 (16377)

Үшінші блокта ғылым және білім реформасы қажет

Жаңа білімге негізделген экономикаға көшу кезінде жаңа технологиялық құрылымдардың дамуына серпін беретін ғылым, білім және денсаулық сақтауды жаңғырту ұсынылады. Өркениетті дамуда адамзат осы салалар арқылы жоғары нәтижелер мен прогресстерге жеткенін әлемдік тарих көрсетті. Бізге бақуатты өмір сүретін уақыт келді. Сондықтан, креативті экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыру және қалыпты өмір сүру үшін әлеуметтік салаға үлкен мән беріп, ең төменгі шекті орнату қажет. Мысалы:

- денсаулық сақтау (Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынысы бойынша денсаулық сақтауды қаржыландыру ЖІӨ-нің кем дегенде 6% болуы тиіс, ал қазір бізде 3,2%);

- ғылым (қалыпты дамуы үшін ғылымға мемлекеттік қаржыландыру ЖІӨ-нің 1,5-2 % кем болмауы тиіс, ал қазір бізде 0,13%.);

- білім беру (ЖІӨ-нің кем дегенде 6% -ы болуы тиіс, ал қазір бізде 4%);

- мәдениет (ЖІӨ-нің кем дегенде 5% болуы тиіс, ал қазір бізде 3% );

Бізге, білімді қоғам, рухани адам туралы әлеуметтік инновацияның жаңа парадигмасы қажет. Жаһандық дағдарыс жағдайында білім және ғылым бірінші орынға шығады және  олар бүкіл өндірістік цикл жүйесінің негізі болады. Ол идеяның пайда болуынан бастап адам қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін пайда табуымен, сондай-ақ өркениеттің дамуы үшін жаңа инвестициялардың іске қосылуымен аяқталады. Осыған байланысты, барлық білім беру жүйесін түбегейлі қайта құру керек, әсіресе жаңа білім алу саласын, түлектердің  бірнеше дипломдармен жұмыссыздар кезегінде тұруын емес, оларды өндіріс процесіне тікелей түсуін  қамтамасыз ету қажет.

Қазақстанда ғылымды қаржыландыру көлемі дамыған елдермен салыстырғанда 20-25 есе аз. Оларда жалпы ЖІӨ-нің 3-4%-ын, ал Қазақстанда - 0,13% құрайды. Бұл ешқандай сын көтермейтін жағдай.

Бізде білім сапасы өте төмен, онда диплом алу оңай. Университеттің түлектерінің 50-70%-ға дейін мамандық бойынша жұмыс істемейді. Білім саласында кәсіби біліктілік өте төмен. Еңбек нарығындағы мамандықтар талап етілмейді. Оның үш себебі бар: біріншіден, білім беру саласындағы мемлекеттік саясаттың қателігі; екіншіден, жоғары оқу орындарында сапасыз білім алуы; үшіншіден, студенттердің өздерін үйренгісі келмейтіндігі. Себебі жүйе сондай. Қазір студенттердің басым көпшілігі оқу ақысын төлейді, тек азғантайы грант ұтып алады. Ауыл балалары мен жастарына бұл ауыр тиюде.  Мысалы, Германияның барлық өңірлерінде 2014-2015 оқу жылынан бастап жоғары оқу орындарында тегін білім алу енгізілді. Асханаларда тамақтануға және кітапханаларда қызмет көрсетуге арнайы төлемдер енгізген. Егер  ашығын айтсақ,  біз білімді тауарға айналдырдық. Байлар балаларын шетелде оқытады, ал тұрмысы төмен отбасылар балаларын оқыта алмай отыр.

Бүгінгі күні мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау таппай ғылымның дамуы мүмкін емес. ХХІ ғасырда ғылым мен жоғары технологиялардың маңызды рөлін ескере отырып, осы салада (ҚР Ғылым туралы мемлекеттік комитет) мемлекеттік орган құру және АҚШ-тағыдай Ұлттық Ғылым қорын құру қажет. Дамыған елдердегідей, Президенттің қамқорлығымен және басшылығымен ғылым мен техника бойынша жоғары консультативтік кеңес құру қажет, ол еліміздің халықаралық бәсекеге қабілеттілігіне ықпал етеді. Ғылыми-ағартушылық күштер шоғырланған, ғылыми және инновациялық орталықтар ашу өте маңызды, әлемдік деңгейдегі ғалымдардың ғылыми мектептерін құру және олардың жемісті жұмыс істеу үшін жағдай жасау қажет. Уақытысында И.Сталин жасағандай ғылымға үлкен мән беру қажет.

Халықаралық деңгейде ғылыми мектептер ашу және ғалымдардың жалақысын бірнеше есе арттыру қажет. Ғалымдардың мәртебесін көтеру керек, жас ғалымдарға пәтер бөлу және тиісті әлеуметтік жағдай жасау арқылы біз жаңа ашылымдарға мүмкіндік береміз. Ғылыми жаңалықтар мен өнертабыстарды жүзеге асыруды күшейту мақсатында өңірлерде ғылыми орталықтар, технополистер, венчурлық және инновациялық қорлар ашу қажет. Облыс басшыларының қызметі жыл сайынғы есептерде ғылым мен білім беруді дамытуға қосқан үлесі арқылы бағалануы тиіс.

Жоғары оқу орындарында оқытудың деңгейін арттыратын халықаралық сертификаттау жүргізу қажет. Біз жоғары оқу орындарының санын азайта алмадық. Тегін оқытуды алдымен 50%, ал кейін 100% енгізуге болады. Университеттерде әкімшілік басқаруды жою және академиялық кеңестер арқылы өзін-өзі басқаруға көшу қажет. Ректорларды, ғылыми зерттеу институтының директорларын ғылыми кеңес, ұжым сайлағаны дұрыс. Бұл демократиялық іс болар еді. Егер ғылымның жоғарғы жағында отыратын профессорлар мен доценттер құқығы жоқ және өзін-өзі басқара алмаса, онда жеткеніміз не? Бұл жоғарыдан сенім жоқ дегенді білдіреді. Билік жағынан «тыңдамай кетеді-ау» деген бір қорқыныш бар сияқты.

Қысқасы, Қазақстан жоғары оқу орындарында оқу сапасын жақсартпай бәсекеге қабілетті бола алмайды. Бұл үшін мұғалімдердің мәртебесін көтеру қажет. Оқу орындарында іс жүзінде кәсіби стандартты меңгеру керек. Олар алған білімін капиталға қалай аударуға болатынын үйрету керек. Біздің студенттеріміз шынайы өмірден алшақ, абстрактілі білім алып жүр.  Білім берудің басты мақсаты – жай білім беріп қана қоймай, рухани толысқан тұлғаны тәрбиелеу.

 

Төртінші  блокта адамның және қоғамның қажеттіліктері берілген.

Сайып келгенде, 5-тік спираль жұмысының тұжырымдамасының барлық алдыңғы компоненттері қоғамның қажеттіліктеріне немесе әр адамның өмірлік қажеттіліктерін қанағаттандыруына байланысты. Экономика және өндіріс жалпы тұтынушыға емес, нақты адамның, отбасының қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталуы керек.

Бұдан шығатын, адами капитал саласында ең төменгі әлеуметтік-экономикалық стандарттарды (белгілі бір өмір сүру стандарттарын) құру арқылы біз шынымен жайлы өмірді қамтамасыз ете аламыз. Экономиканың өсу қарқынымен ең төменгі стандарттарды байланыстыру арқылы дамушы елдер мен үшінші әлем елдерінің өмір сүру сапасы мен деңгейін анықтауға болады. Егер бұл белгіленген нормалар экономикалық өсімнің жоғары қарқынын қамтамасыз етсе, онда халықтың өмір сүру деңгейі адамның қабілетіне және әр адамның, ұлттың және жалпы елдің бәсекеге қабілеттілігіне байланысты автоматты түрде өседі. Бұл ұсынысты мен көптен бері айтып жүрмін. Осы қадамға баратын уақыт келді.

Қоғамдық палата құру азаматтық қоғамның негізгі институттарының бірі болуы керек, яғни, оған Ресей Федерациясындағыдай Қазақстан Республикасы Президенті жанында қоғамдық палата құрылуы керек. Қоғамдық палата мемлекеттік және өңірлік маңызды мәселелерді талқылау үшін азаматтық қоғамның ашық алаңы болуы тиіс. Сонымен ел Қоғамдық палатадан мемлекет пен азаматтар, орталық пен аймақтар арасында сенімді көпір болатынын күтеді, ушыққан проблемаларды дер кезінде басатын болады.

Бесінші блокта ақпараттық қолдау туралы айтар болсақ, 5-тік спираль негізінде мемлекеттік басқару компоненттерінің өзара байланысы туралы өте маңызды тапсырма жүктеледі. Ең үлкен мәселе ақпарат деректерін жүйелі түрде өңдеуден өткізу. Мұнда желілік коммуникацияны, дерекқорды, сенсорлық ақпараттық ағындарды қалыптастыру арқылы барлық басқару блоктарының тиімді жұмыс істеуі қамтамасыз етіледі. Бейнелеп айтқанда, бұл жобаны іске асыру кезінде мемлекеттік басқару жүйелі технологиялық цикл түрінде ұсынылатын болады. Бүгінде киберкеңістіксіз күнделікті өмір экономикада мүмкін емес. Енді мемлекетті басқарудың негізгі кілті – ол бар ақпаратты процессорлар арқылы реттеумен айналысатындығында. Алдағы уақытта жасанды интеллект, суперкомпьютерлер мен биотехнология бүкіл қоғам мен экономиканы қайта құрып, біздің денемізбен, ақыл-ойымызға әсер етеді деп күтілуде.

Суреттегі жобаның барлық блоктарының сұрақтары сағаттың тетігіндей «бес фигуралық спираль» негізінде іске асырылатын болады. Біздің ойымызша, бүгінгі күні экономиканы мемлекеттік басқарудың бұл жобалық тәсілі ел экономикасын жедел дамытудың басымдықтарын жүзеге асырудың тиімді әдісі мен механизмі болуы мүмкін. Егер шын мәнінде біз тез және тұрақты экономикалық өсуді қаласақ, онда ғылым мен технологиялық, информациялық дамудың рөлі түбегейлі түрде өсуі керек. Енді мәңгі қалып қоймау үшін ғылымға протекционистік тәсіл беру – дамушы елдерге, солардың ішінде бізге өте маңызды.

Егер бізде осыған дейін әр сала жеке-жеке жұмыс жасаса, ал ендігі уақытта мемлекеттің тиімді дамуының негізі барлық салаларды интеграциялау арқылы және халық пен Парламенттің қоғамдық бақылауымен қамтамасыз етілетін болады. Бұл жобада мемлекеттік басқарудың барлық маңызды компоненттерін бір жерде жинақтау арқылы, яғни ақпараттық алмасу түрінде, сенсорлық ақпараттық ағымдар мен желілік коммуникация іске қосылады. Бұл бұрын-соңды болмаған жаңа жоба мемлекетіміздің үдемелі дамуына үрдіс берері сөзсіз.

* * *

Ардақты ағайын, қара орман халқым. Біз халықтың басым көпшілігі 27 жыл бойы тек шықпа жаным шықпа деп күн көріс үшін өмір сүріп келдік. Ал енді болса, «ештен кеш жақсы демекші» шаш етектен байлығымызды ел ырысына жаратып жақсы өмір сүру үшін риясыз қызмет етуіміз қажет. Ол үшін қазіргі жүйені өзгертіп, түбегейлі реформаға баруымыз керек. Олар Елбасына жазған ұсыныстарымда көрсетілген.

Қазір жалпы халықтық деңгейде жаңаша ойлап, жаңа іс жасау оңай емес. Себебі біздің миымызға, ой-санамызға және іс-әрекетімізге бүгінгі идеология мен билік жүйесі қатты әсер етеді. Дегенмен өзіміздің, әсіресе ұрпағымыздың өмірі баянды болу үшін шырмалған торды жарып шығатындай түбегейлі өзгеріске баруымыз керек және ондай мүмкіндігіміз де бар! Бұған қоса айтарым біз тек бүгінгі немесе ертеңгі он жылдықты ойламай, қазақ елі алдағы ғасырларда мәңгілік ел болып қалуымыз керек деген масштабтағы өмір сүруді ойлауымыз керек. Осыларды іске асыратын патриот, білімді жастарымыздан үлкен үміт күтеміз!

Себебі қазіргі жастарда біздегі сияқты Советтер одағынан қалған коммунистік идеология жоқ, диктаторлық үстемдік жоқ, халық арасында Абай көрген, біз көрген алыс-тартыс, дау-жанжал, ескінің жұрнағы жоқ. Сіздер жаңа заманның, ХХІ ғасырдың жастарысыздар, сіздерде ескіден қалған жүк жоқ. Білімдеріңіз сапалы, тілдеріңіз көп тілді, ғаламтор арқылы, т.б. дүниежүзілік информация жеткілікті, цивилизациялық даму қайда бара жатқанын білесіздер. Сондықтан  ұлы ойшыл демократ, рухани реформатор Абайға ең жақын ұрпақ сіздерсіздер.  Жастар Абай ілімі арқылы дүниеде болып жатқан келеңсіздіктерге қарап рухани иммунитетін қалыптастырады, жігер, күш, қайрат, тұрақты ұстанымы болады. Ондайда жастар барлық күрделі мәселенің шешімін табады, халқымыз баянды өмір сүреді. Ендеше Абай ой өркениетін іске асыру арқылы жаңа өркениетті заман құру, жаңа формациялық қоғамның құрылымын жасау біздің мойнымызда, біздің парызымыз. Лайым солай болғай! Іске сәт!

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір