• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 02:16:25
Алматы
+35°

18 Шілде, 2018 Әлеумет

"Оңтүстіктегі иіліп сәлем салу дәстүрі тағзым жасауға көбірек келеді"

Қазақ халқының сәлемдесуі уақыт өте келе өзгеріске ұшырады

Қазақ – дәстүрі дінмен сабақтасып жатқан салт-дәстүрге бай, сыйластықты бірінші орынға қоя білген халық. Ал адамдармен сыйласу, араласу қашан да амандасудан басталады.

Қазақ халқы, сонымен қатар, жалпы мұсылман халықтары бір-бірімен «Ассалаумағалейкум!», яғни «Алланың саған нұры жаусын» деп амандасады, оған жауап ретінде «Уағалейкумассалам!» - «Саған да Алланың нұры жаусын!» деп жауап беріп жатады. Бұлай амандасу қазақ халқына ислам дінімен бірге келгені баршамызға мәлім.  Ғалымтай Төлепбергенов есімді дін саласы маманының зерттеу еңбегінде Қазақ даласына ислам дінінің таралуы жайында былай деп жазылған: «Қазақстанда – ислам дінінің орнығу тарихы өзгеше, әрі талай ғасырларға созылған бірегей үдеріс. ХІІ ғ. моңғолдардың басып кіруі нәтижесінде ислам діні біраз әлсірегенімен кейінгі Ордалық хандардың саясаты нәтижесінде нығая түсті. Исламның нығаюы Алтын Орданың падишахтары Берке хан тұсында (1255-1266), кейін Тудеменгі мен Узбек хандар тұсында мұсылмандықты қабылдауына және оны мемлекттік дін ретінде Қазақстан жерінде екінші мәрте жариялауға алып келді.Қазақстандағы Ислам өзінің өміршеңдігін және тұрақтылығын он екі ғасырға созылған жүріп өткен жолымен дәлелдеді. Себебі, ежелгі Түркі даласына дін ретінде енген ислам, кейін қазақ дүниетанымына мәдени негізде толыққанды енді».

Ал қазақ халқы «Ассалаумағалейкумға» дейін қалай амандасқан?

Ресми деректерде: «Байырғы қазақ дәстүрі амандасулардың әлеуметтік тегінен, байлығынан және жалпы өмірдегі алатын орнынан белгі беретін болған. Ертеде хан немесе ірі сұлтандарға төменгі таптағы адам екі қолын кеудесіне қойып және төмен қарай иілмесе, оларға жақындай алмаған. Ал егер ол қайырым ретінде оған қолын созса, онда ол бір тізерлеп жерге отырып, оның қолын екі қолымен қысады. Әлеуметтік дәрежесі орташа адам өзінің әміршісіне қолын кеудесіне қыспай, бірақ, басын иіп келген. Хан немесе күшті әмірші, өзінің қарауындағылардың сәлеміне жауап ретінде оның иығына қолын қойып, сыйластығы болса қолын қысып амандасатын болған. Егер ханды жолай кезіктірсе, онда жолда тоқтап тұрып, оның өтіп кетуін күтуі керек, әрі басын иіп, қолын кеудесіне қойып дауыстап сәлем беруі шарт. Қараша халық өкілі сұлтандарға сәлемдескенде тізесін бүгіп көбіне «Алдияр тақсыр!» деп сәлем берген. Билігі жоқ төрелер мен сұлтандардың сыртынан болса да ізеттілік көрсету өз дәрежесінде болмағанымен, әмірі күштілер алдында ізеттілік шаралары қатаң сақталды», - делінген.

Рауан Байдалы есімді тарихшы Qamshy.kz ақпарат агенттігінің тілшісіне берген сұхбатында қазақ халқының амандасу дәстүріне кеңінен тоқталып өтіп, қазақ сәлем беру мәнері кезең-кезеңімен қалайша өзгеріске ұшырағанын айтып өтті.

«Сәлемдесу – қазақ халқының салт-дәстүрі, әдет-ғұрпындағы өзіндік орны бар өнер деп айтуға болады. Кішінің үлкенге амандасуы, жақын адамдардың, бір-бірімен қатар  адамдардың амандасуы – достық қарым-қатынасты білдіретін қазақ халқының өзіне тән салт-дәстүрі. Жалпы, бізден басқа халықтарда да өзіндік амандасу дәстүрлері бар. Мысалы, Африка халықтарының мұрын мен мұрын түйістіруі сияқты.

Қазақ халқының сәлемдесуі уақыт өте келе өзгеріске ұшырады. Алғашында қазақ халқы амандасқан кезде, ең алдымен, мал мен жанның амандығын сұраған: «Мал-жан аман ба?» және «Күйлі-қуатты ма?» деп айтады. Біздің шаруашылығымызға, көшпенділікке байланысты осылай амандық-саулық сұрайтын болған.

Ислам дәуіріне дейін деректер өте аз сақталған. Білетініміз, жоғарыда айтып өткендей, қазақ халқы сәлем бергенде, ең алдымен, мал мен жанның саулығын сұрайтын болған. Сонымен қатар, ер адамдар мен әйел адамдардың амандасуы екі түрлі, ал келіннің қайын жұртымен, ата-енесімен амандасуы бөлек болды.

Кейіннен ислам дінінің кеңінен таралуына байланысты өзгерді. Негізінен, «Ассалаумағалейкум» деп айта бастады. Өзге мұсылман елдерінде, байқайтын болсақ, әйел адамдар да, ер адамдар да осы сөзді қайталайды, ал біздің қазақ қоғамында бұлай тек ер адамдар ғана айтады. Одан бөлек, тағы да уақытқа байланысты амандасулардың түрлері кездеседі. Мысалы, «Кеш жарық!» - күн батқаннан кейін айтылатын сәлем берудің түрі. Әйел адамдар баяғыда бір-бірімен кездескенде қолын беріп амандаспаған, басын изеп сәлем берсе, көптен көрмеген ағайын-туыстарымен құшақтасып, төс қағысып көріскен. Ал жас келіндер қайын ағасы, қайын атасына оң тізесін иіп сәлем береді. Бұл дәстүр қазіргі таңда Батыс Қазақстанда сақталған. Ал бүгінде Оңтүстік жақтарда иіліп сәлем салу дәстүрі тағзым жасауға көбірек келеді», - дейді тарихшы.

 

Қазақтың амандасу әдебі заманына қарай қалай өзгеріске ұшырады?

«Қазақ даласына Кеңес үкіметі орнағаннан кейін қазақтардың амандасу әдісі де өзгере бастады. Кейбір жағдайда төрелер басындағы бас киімін шешіп, басын еңкейтіп амандасса, қарапайым халық тізесін бүгіп амандасатын болды. Дәл осы 18 ғасырда бай-қуатты адамдар, кейбір билер амандасқан адамның сәлемін түзу алмай, ернін жыбырлатып, қолының ұшын ғана созып амандаса бастады. Бұл кейбір құндылықтардың өзгере бастағанын көрсетеді.

Кейіннен сәлемдесу қысқара бастады. Бұрындары қазақтар амандасқанда қолын беріп, амандасып, мал мен жанның амандығын, қал-жағдайын сұрасатын болса, Кеңес дәуірі кезінде тым қысқа бола бастады: «Здрави желаю» деп әскери тәртіпке қатысты және «сәлем», «привет» деген сияқты сөздер шықты. Қал-жағдай, денсаулық сұрасу деген сияқты ұғымдар қалып қалды.

Брежнев кезінде ер адамдардың құшақтасып, сүйісіп амандасуы пайда болды. 60-жылдары енген бұл әдіс, бізге 90-жылдары қайтып келді және қазіргі таңда да сәлемдесудің бұл әдісі сақталған. Сонымен қатар, қала мен ауылдағы жағдайға байланысты сәлемдесудің басқа да әдістері пайда болды: кетіп бара жатып қолын көтере салу, ернін жыбырлата салу, өтіп бара жатып басын изей салу деген сияқты», - дейді тарихшы Рауан Байдалы.

Осыдан-ақ қазақ дәстүрінің қаншалықты өзгеріске түскенін байқауға болады.

Дегенмен, оның айтуынша, қазақтардың байырғы амандасу дәстүрінің кейбір түрлері бүгінге дейін сақталған. Мысалы, қазіргі таңда ер адамдардың бір-бірімен «Ассалаумағалейкум» деп екі қолымен амандасуы, келіндердің сәлем салуы, арнайы іздеп барып амандасу деген сияқты дәстүрлер әлі де бар.

Адамдардың жақсы сыйласуы амандық-саулықтан басталады. Жоғарыда атап өткеніміздей, сәлемдесу – өнердің бір түрі және әр халықтың амандасу салты әр түрлі болып келеді. Амандық-саулық сұрасуға қазақ халқы ерекше көңіл бөлген, оған қатысты бірнеше мақалдар да бар. Мысалы, "Сәлем-сөздің анасы", "Әдептілік белгісі - иіліп сәлем бергені", "Сәлем түзелмей,әлем түзелмейді" деген сияқты сөздердің астарында үлкен мән жатыр.

Сәлемде де сыр бар дегендей, адаммен алғаш амандасқан сәттен-ақ оның бүкіл мәдениетін, әдебін байқауға болады.

Nazerke Labihan

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір