• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 03:53:13
Алматы
+35°

30 Қазан, 2018 Сұхбат

Өмірінің 10 жылын Америкада өткізген қазақ: «Атқа міндің, ажалға міндің»

Жетістікке жетпесем де, Қазақстанға қайтуды көздеймін. Себебі ата-анамды, ағайын-туысымды тастап, бөтен елге ту тіге алмаспын.

Өмірлік көзқарасты өзгерткен 3 кітап: Р.Кийосаки «Бай әке, кедей әке», Паоло Коэльо «Алхимик», Дейл Карнеги «Дос қатарын көбейту және адамдарға әсер ете алу»;

Өмірлік ұранға айналған 3 мақал-мәтел: «Болар бала он бесінде баспын дер, болмас бала отызында жаспын дер», «Атқа міндің, ажалға міндің», «Көре-көре көсем боласың, сөйлей-сөйлей шешен боласың»;

Шабыт сыйлайтын 3 цитата: Уинстон Черчилль: «Ешқашан берілмеңіз», Стиб Джобс: «Аш қалыңыз. Аңғал болыңыз», Брюс Ли: «Жеңіліс сіз өзіңіз мойындамағанша жеңіліс емес»;

Әлемдік деңгейде өшпестей із қалдырған құрметке лайық 3 тұлға:  Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.), Ы.Алтынсарин, Илон Маск; 

Өмір сүруге қолайлы 3 таңғажайып мекен: Италия, Жапония, Австралия;

Еркебұлан Кәкімбеков

 

Өмірінің 10 жылын Америкада өткізіп, «жартылай америкалық» болып кеткен Еркебұлан Кәкімбековтың ютуб каналына кездейсоқ тап болдым. Өзін «half amerikan» деп атайтын Еркебұланның жүрегі қазақ деп соғатыны ютубқа жүктеген видеосынан да, инстаграмға салған әр жазбасынан да анық байқалады. Бір кездері Нью-Йорктегі Бас консулдың көмекшісі қызметін атқарған торғайлық қазақпен бетпе-бет жүздесіп, ашық әңгімелесе алмасақ та whatsapp көмегімен сұхбат алуды жөн көрдік.

-Торғайдың тумасысыз. Туған өлкенің бір уыс топырағын қастерлейтін азаматсыз. Торғайға деген сағыныш жүрегіңізді тулатпай ма?

-Қайда жүрсем де, өзімнің торғайлық қазақ екендігімді ұмытпайтын жанмын. Былтыр ғана туған топырағыма табан тіреп, мауқымды басып келдім. Қазақтың дархан даласына көз тастап, тау мен тасына тамсанып, тебіреніп, салқын суынан бір ұрттап, самал желге кеуде тосып, көңілім тасыды. Жақындарымды қапсыра құшақтап, «айналайын» дегендерінен құлағымның құрышы қанып, қуанышым қойныма сыймайды. Қайран Торғай десеңізші! Қаншама асыл азаматты дүниеге әкелген мекен! Бүгінгі таңда өркендеген Қазақстаннан шет жырақ қалып қойған туған Торғайым күндердің бірі түрен салып, жер жарған атағын қайтаратынына сенімім мол.

-Өткен күнде белгі бар деп жатады. Келмеске кеткен балалық шағыңыздың естен кетпеген бір күнін баяндап беріңізші.

-Әке-шешем қонаққа кеткен сайын қарындасымды өздерімен бірге алып кетіп, мені үйде тастап кететініне ренжитінмін. Бір күні қатты ашуланғаным соншалық, «Көресіңдер әлі, мен Қазақстанды ғана емес, бүкіл әлемнің қалаларын аралаймын» деп өз-өзіме серт бергенмін. Осы бір балалық реніш менің өмірімді өзгерткендей болды. Себебі содан бері туризм саласына қызығушылығым зор. Әлемнің сұлулығын көру үшін кез келген мемлекетке сапар шегуге дайынмын.

Еркебұлан Кәкімбеков

-Сол арманның жетегімен мұхит астыңыз. Былайша айтқанда, арманыңыз орындалды. Арманы орындалған, іштей өзіне қанағаттанған адам қандай күй кешеді?

-Иранда бір жыл, Германияда бір ай өмір сүрдім. 10 жыл бойы Нью-Йорктемін. Жарты әлемді турист ретінде аралап шықтым десем болады. Былайша айтқанда, уәдемде тұрып, өз арманымды өмірге айналдырған азаматпын. Бірақ адамның көзі бір уыс топыраққа тояды деген сөз бар. Арманым әлі көп. Мен көрмеген таңғажайып мекендер біршама. Соларға саяхат жасауды армандаймын.

-Бала кездегі арманыңызды қарапайым қазақ баласының көксегені деп түсіндім. Ал, америкалық арман ше? Ол қашан және қалай дүниеге келді? Америкалық арманның қазақстандық арманнан айырмашылығы бар ма? 

-ҚазҰУ-да Шығыстану факультетінде оқып жүргенде халықаралық қатынастар факультетінің 3-курс студентімен жатақханада бірге тұрдық. Ол «Work and travel» бағдарламасы арқылы АҚШ-қа 3 айға барып келгенін айтты. Менің қызығушылығым сол кезде оянды. Америкалық, қазақстандық арман деген жоқ. Адам барлық жерде бірдей. Барлығымыздың көксейтініміз – әл-ауқатты өмір сүру, бақытты болу, шыңдалу, жеңіске жету.

-Нью-Йоркте тұрасыз ғой? Қазақтар қаншалықты көп? Қазақ ең көп шоғырланған қалалар, аудандар қандай?

-Нью-Йорк қаласында тұрғаныма он жыл болды. 10 жылдың ішінде қаладағы қазақтардың саны біршама өскен. Әсіресе, қазақ көп шоғырланған аудан – Бруклин. Жалпы, Бруклинде ТМД елдерінен келгендер көп, соның арасында қазақтар да бар. 

Нью-Йорк

-Америкаға алғаш барғанда қазақтың алдынан шығатын ең басты кедергі не?

-Әрине, ең бірінші мәселе ол – тіл. Мұхит асып, Америка келген қазақ қайда тұрақтарын, қайдан жұмыс табарын білмей жатады. Заңдарынан да бейхабар. Осының бәрі жетістікке жету жолында бөгет болады. Аталмыш қиындықтардың бәрін өз басым артта қалдырдым. Мен сияқты қиналмасыншы деген оймен youtube-та жеке арнамды аштым. Менің влогтарымды көрген адам өзіне көптеген пайдалы мағлұмат пен ақыл-кеңес алады деген үміттемін.

Нью-Йорк

-Жұмысыңыз, кәсібіңіз туралы айтып берсеңіз. Айлығыңыз шайлығыңызға жете ме? Жеке баспанаңыз бар ма? Жалпы, күн көріс -қамына қанша қаражет кетеді?

-Риэлтор болып жұмыс жасаймын. Ол дегеніміз үйді жалға алуға немесе сатып алуға көмек беремін. Алатын айлығым жаман емес. Бұл жақта үстемақы алатын мүмкіндік қарастырылған. Еңбегіңе қарай тиын-тебен де беріледі, қысқасы. Айына $5000-10 000 аралығында ақша табуға мүмкіндік бар. Жалпы, Нью-Йоркте өмір сүру қымбатқа түседі. Бір бөлмелі үйді жалға алу үшін айына $1500-1700-дай қаражат жұмсайсың. Бірақ айлығым шайлығыма емін-еркін жетеді деп айта аламын. Риэлторлықтан басқа да жұмыстармен айналысамын. Кішігірім кәсібім бар. «Нью-Йоркқа ат басын бұрған қазақ ақшадан қиналмас үшін не істеуі керек» деген сияқты сұрақтардың жауабын жақында менің youtube арнамнан шығатын кезекті влогымнан біле аласыздар.

-Америкада бәрі бар, бәрі жақсы сияқты көрінеді. Ондағы шынайы өмір туралы влог түсіріп, ютубқа сала бастадыңыз. Кез келген адамның мұнда бағы ашыла бермейтіндігін меңзейсіз. Сонда влог жүргізудегі көздеген мақсатыңыз қандай? Айтар ойыңызды бүкпесіз жайып салсаңыз?

-Америкаға барсам, бақытты боламын деп ойлау қате. Америкада да өмір ғажайып емес. Күн сайын мың түрлі кедергі алдыңнан шығады. Керісінше бұл жерде бәсекелестік өршіп тұр. Алдыңнан көп есік ашылатыны рас, алайда ішке енген соң қорқыныш пен үрейге бой алдырмастан баспалдақпен жоғары қарай өрлеуің шарт. Мен өз влогтарым арқылы Америкадағы шынайы өмірді көрсеткім келді. АҚШ-қа келіп, көп ақша табамын деп жүргенде бір өлімнен қалып, арбаға таңылған Лаура қызды сұхбатқа тартуым да осыдан. «Осы жағдай менің басымнан шетелде емес, Қазақстанда болғанда, маған жеңілірек болатын еді» деп көз жасын тоқтата алмаған Лаура Тағашеваның әр сөзінен өзегін өртеген өкінішті сезбеу мүмкін емес. Жақындарыңды алыста қалдырып, жападан жалғыз бөтен мемлекетке аттану қиынның қиыны. Жанашырың жоқ жерде қателесу де оңай. Америкаға арман арқалап келген әр қазақ түптің түбінде Қазақстаннан артық мекен жоқ екенін білуі шарт.

-Өміріңіздің 10 жылын мұхиттың ар жағында өткізіпсіз. 10 жылда не бітірдіңіз? 10 жылдан кейін Еркебұлан тағы қандай жетістікке жетеді?

-Алғашқы екі жылды тілді меңгеруге арнадым. Жалпы, өз-өзімді дамытуға бес жыл арнадым. Екі жарым жыл бойы Нью-Йорк қаласында орналасқан Бас консулдықтың консулының көмекшісі ретінде қызмет атқардым. Кейінгі бес жылымды отбасын құруға және мақсат-мұратымды жүзеге асыруға арнадым. Зу етіп өткен 10 жылымды сараласам, жеткен жетістігім көп екен. 10 жылдан кейін өз-өзіме есеп бергенде мақтанышпен айта алатындай жетістіктерге жетуді мақсат тұтамын. Мысалы, ТМД елдеріне әйгілі Америка туралы шыншыл әрі қызық видео түсірген влоггер атанғым келеді. Америкада тұратын қазақ миллионері атануды армандаймын. Адамзаттың дамуына өз үлесімді қосқым келеді.

-Сүйікті жарыңыз қазақ па? Жар таңдауда не нәрсеге көңіл бөлдіңіз? Басқа ұлттың қызын жар ететіндерге қалай қарайсыз?

-Жолдасым Алматының қызы. 17 жасында Америкаға білім алуға келген қаракөз. Сол университетте оқып жүргенде Нью-Йоркке қыдырып келеді. Аталмыш сапар кезінде екеуміз танысып, бірден тіл табысып, бір-бірімізді ұнатып қалдық. Мінезіміз, табиғатымыз үйлескендіктен отбасын құруды жөн деп шештік. Америкада жүріп, бір нәрсені жақсы ұқтым, ол – біреудің өміріне араласпау мәдениеті. Адам – өз өмірінің қожасы. Қандай мамандыққа түседі, қандай ұлттың қызын алады, қандай киім киеді, бәрін-бәрін өзі шешеді. Ол адамның таңдауына таласудың қажеті жоқ. Америкада адамның таңдауына құрметпен қарайды. Бөгде біреудің өміріне білек сыбана араласпайды. Өз ойын іште сақтауды жоғары мәдениеттілікке балайды. Сондықтан мен де қыздарымыздың таңдауына құрметпен қараймын. «Тұрмысқа шық не шықпа» деп айта алмаспын. Қайда барса да тастай батып, судай сіңсе, бақытты жанұя атанса, қуаныштымын.

-Америкалық қыздар қанша үйден тыйым көріп өседі? Қазақ қызын қырық үйдің тыйғанын білесіз.

-Нью-Йоркте басқа мемлекеттерден көшіп келген иммигранттар көп тұрады. Әркім өз халқының мәдениет, салт-дәстүрі бойынша тәлім-тәрбие береді. Қызын қырық үйден тыятын отбасылар да, емін-еркін жіберетін отбасылар бар. Нақты бөліп-жарып айту қиын.

-Ұлыңыздың есімі - Адам. Ұлы Абай «толық адам» болыңдар деп өсиет айтып кетті. Адамның толық Адам болуы үшін қандай әкелік тәрбие беріп жатырсыз, өзіңізге тән әдіс-тәсіл бар ма? Бала тәрбиелеуде ұлтжандылық мәселесіне қаншалықты көңіл бөлесіз?

-«Атаңның ғана емес, адамның баласы бол» деген ой-ниетпен тұла бойым тұңғышымның есімін «Адам» деп қойдым. Бұл есімнің тағы бір ерекшілігі, балам ертеңгі күні Қазақстанда да, АҚШ-та да тұрса да, қиналмайды. Есімі түсінікті, айтуға жеңіл. Өз басым қазақы тәрбие алған жанмын. Баламды да ұлттық сипатта тәрбиелеп өсірудемін. Бірінші орынға ұлтжандылықты қоямын. Балам Америкада өсіп-жетілетіндіктен қоршаған ортаның әсерімен нағыз қазақ болмайтындығы түсінікті. Алайда қазақы болмыс пен мінез-құлықты барыншы сіңіруді міндет-парыз деп санаймын.

Еркебұлан Кәкімбеков

-Қылықты қызыңыз дүниеге келсе, есімін кім деп қойғыларыңыз келеді?

-Жартылай қазақша, жартылай америкалық ат қою мақсатымен қызыма Айлин деген есім беретін едім.

-«Жартылай америкалық» деп атайсыз өзіңізді. Демек жартылай қазақсыз. «Жартылай америкалық» құлаққа әдемі естілгенмен, айтары ауыр дүние. Өкінішке орын жоқ па?

-Жасым қазір 34-те. Ұлтым- қазақ. «Жартылай америкалық» деген менің лақап атым. Оған үрке қарамау қажет. 34 жылдық өмірімнің 10 жылын шетелде өткізгенім рас қой.

-Қазақтың қандай танымал ұл-қыздарымен достық, әріптестік байланыстасыз?

-Қарақат Әбілдина әпкемізбен достық қарым-қатынастамыз.

-Қазақ мәдени орталығын ашқыңыз келгеніне біраз жылдың жүзі болды. Алдағы уақытта ойыңыздың іске асатын түрі бар ма? Қарақат Әбілдина қолдау көрсетіп жатыр деп жазасыз инстаграм парақшаңызда. Осыған кеңірек тоқталсаңыз.

-ҚР Сыртқы министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев Америкаға келген кезде осы ұсынысты айтқан болатынмын. Алайда оған қаржы бөлінбейтінін ашық айтып, ел-халық болып жұмылып ашуға кеңес берді. Одан бері екі жыл өтті. Орталықты ашуды қайтадан қолға алып жатырмын. Үстіміздегі жылдың 20 қазанында Қазақстанның Нью-Йорк қаласындағы Бас Консулдықтың Бас Консулы Жәнібек Абдырашев ағамызбен бірнеше азамат кездесіп, сол мәселе жайында әңгіме қозғадық. Бас Консул қаржылай болмаса да басқа қолдан келетін көмегін көрсететінін айтты.  Алдағы уақытта: 1. Қазақ Мәдени орталығын (Non Profit organization) заңды түрде ашамыз. 2. Қазақ Мәдени орталығына арналған Қор құрамыз. 3. Мәдени орталыққа арналған ғимарат іздейміз. 4. Мәдени орталыққа қанша қаражат керек екенін есептеп халықтан көмек сұраймыз. Мәдени орталықтың мақсаты: 1. Қазақстандықтардың басын біріктіру; 2. Kazakh town құру; 3. Мерекелік шаралар ұйымдастыру; 4. Қазақ және ағылшын тілін үйренгісі келгендерге көмектесу; 5. Жергілікті атқарушы органдар, құқық қорғау органдары және заңгерлермен жиі кездесу ұйымдастыру арқылы жерлестеріміздің сауаттылығын арттыру; 6. Көмек ке зәру азаматтарға қол ұшын беру; 7. Балабақша ашу және т.с.с. Мәдени орталық мерекелік шаралардан түскен қаражаттан, халықтан түскен ақшадан, (membership donation) және жергілікті өкілдерден түскен қаражаттар арқылы жұмыс жасайды.

Еркебұлан Кәкімбеков

Қарақат әпкем қолдау білдіруге дайын екендігін жеткізді. Арнайы концерт ұйымдастырғалы жатыр. Концерттен түскен қаржының 1/3 бөлігі ұйымдастыру жұмыстарына, 1/3 бөлігі орталық ашуға арналған қорға, 1/3 бөлігі Америкаға келіп, тағдыр тезіне ұшырап, арбаға таңылған Нью-Йорк тұрғыны Лаура Тағашеваның еміне жұмсалмақ. Ойға алған істер амандық беріп, түгелдей жүзеге асса, «Қамшыдан» сүйінші сұраудан асықпыз. Әзірге бәрі жоспар деңгейінде.

-Жақында ғана «Нью-Йоркке жолдама» деген байқау жарияладыңыз. Сіздің әлеуметтік желідегі парақшаларыңызға жазылған кез келген Қазақстан азаматы Нью-Йоркке сізді есебіңізден 5 күнге қыдырып барып қайтпақ. Нәтижесін қарашаның бірі күні жариялайды екенсіз. Бір қазақтың арманын орындаймын деген ой-арманыңыз бар ма, бұл әлде имиджіңіз бен танымалдылығыңызды арттыру үшін жасалған маркетингтік қадам ба?

- Әлеуметтік желілердегі парақшаларыма жазылып, байқау шарттарын дұрыс орындаған азамат қатысушы болып саналады. Үстіміздегі жылдың қарашаның бірінде байқау нәтижесін шығарамын. Байқаудың толық ережесін білгісі келген оқырман менің youtube арнама – half_amerikan-ға кіріп, керек мағлұматты ала алады. Аталмыш байқауды жариялау арқылы бір оқпен екі қоянды атып алуды жоспарлап отырмын. Біріншіден, арман жетегінде жүрген өз бауырымның Американың көркем жерлерін аралап, рухани, мәдени демалып қайтқанын қалаймын. Америкада тұрып жатқан қазақтардың тұрмыс-тіршілігінен ақпарат беретін қызықты видеоблог түсіру арқылы ғаламтор пайдаланушысына пайдалы контент ұсынғым келеді. Осы арқылы имиджімді көтергім келеді. Жалпы алғанда, «Атқа міндің, ажалға міндің» деген сөз бар. Америкада жүрген мен бабамыз айтқан нақыл сөздің жауапкершілігін түсінемін. Қазақ деген атқа сызат түсірмеуге барымды салып келемін. Қазаққа, жалпы адамзатқа пайдамның тигенін қалаймын.

-Қазақстанға қашан ораласыз? Оралу жалпы ойыңызда бар ма?

-Бейбарыс бабамыздай мен де жусан иісін аңсаймын. Жоспарларымды жүзеге асырып, аяққа нық сенімді тұрған бойда елге ораламын. Жетістікке жетпесем де, Қазақстанға қайтуды көздеймін. Себебі ата-анамды, ағайын-туысымды тастап, бөтен елге ту тіге алмаспын.

Еркебұлан Кәкімбеков

 

 

 

Zhazira Baidaly

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір