• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 02:19:47
Алматы
+35°

23 Сәуір, 2018

Өгей баласын өлтірткен әйел туған ұлдарына қалай сатқындық жасады?

Осынша уақытын түрмеде өткізетін қылмыскердің мойнында бір баланың қаны ғана емес, 6 баланың көз жасы да бар.

Өткен жылы 11 жастағы Өркен Азаматұлының қастандықпен өлтірілуі қоғамды дүр сілкіндірген еді. Бұл оқиғаның егжей-тегжейі Алматы облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында «Ақбердиевтердің ісі» деген атпен сақтаулы. Себебі қанды қылмысты бір отбасының мүшелері жүзеге асырған. Дегенмен қылмыстық топтың ұйымдастырушысы бір баланы өлтіртіп қана қоймай, 6 бірдей баланың обалына қалғанын көпшілік біле бермейді деп жазады «Қамшы» ақпараттық порталы.

2017 жылдың 18-інші қаңтары. Алматы қаласында 11 жастағы мектеп оқушысы Өркен Азаматұлы із-түзсіз жоғалды. Сабаққа кеткен бала сол күйі үйіне оралмаған. Немересін күте-күте көзі талған Бағдагүл Есімбекова полицияға шағымданып, кімнен күдіктенетінін де айтқан. Осының арқасында бала тез табылды. Өкінішке қарай, ол тірі емес еді.

Өрімдей баланы қаскөйлер Қарасай ауданындағы саяжайлардың бірінде өлтіріп, денесін жертөлеге көмген. Мәйітті қазып алған жедел топтың өзі қылмыскерлердің қатігездігіне қайран қалды. Себебі қылмыскерлер бейкүнә баланы тұншықтырып, 7 жерінен пышақ ұрған. Көп ұзамай, қанды қылмыстың ұйымдастырушысы ұсталды. Сұмдығы сол, бұл Өркен Азаматұлының өгей шешесі болатын.

Шарипа Ақбердиева

Ол кім еді? Шәрипа Ақбердиеваның 1980 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Ордабасы ауданында туған. Орта білімді. Жұмыс істемеген. Бұрын сотталмаған.

Жүрегіне қан қататындай бейкүнә бала өгей шешесіне не істеп қойды екен? Қылмыстық іс деректеріне қарағанда, Өркеннің әкесі Азамат Кемпірбаев мінезі шәлкес әйелімен ажырасуға бел байлап, шешесімен тұра бастаған. Өркен де солармен бірге еді. Ал Шәрипа Ақбердиева отбасындағы дүрдараздыққа енесін кінәлайды. Сондықтан одан кек алуды мақсат тұтып,  Шымкентте тұратын өзінің  туған ұлы Ақбердиев Темір мен және бір өгей баласы Қадыржан Гулямовты шақыртады. (Қ.Гулямов Ақбердиеваның бірінші күйеуінің артынан еріп келген бала). Екеуі де тым жас. Темір Ақбердиев 1995 жылы өмірге келсе, Қадыржан Гулямов 2000 жылы туған. Соңғысының ұлты – өзбек. Бірақ ҚР азаматы.  Екеуі де бұған дейін тәртіп бұзып, көзге түспеген.

Қылмыстық іс деректеріне қарағанда, бұл екеуі шешелерінің шұғыл шақыртуымен Алматыға қаңтардың 14-і күні келген екен. Бірақ олар қанды жоспардан мүлде хабарсыз болған. Тіпті алғашқы қарекеттері де сәтсіздікке ұшырапты. Өйткені Ш.Ақбердиева ұлдарына алдымен енесін өлтіртпек болған екен. Алайда бейсаубат адамдардан күдіктенген Бағдагүл Есімбекова есігін ашпай қояды. Сосын енесінің ең жанды жері деп есептеп, оның сүйікті немересі – Өркен Азаматұлының көзін жоймаққа бекінеді. 

Әрине, періште бала жақындарынан дәл мұндай сұмдықты күтпеген. Дегенмен оны алғашқыда періштесі қаққан тәрізді. Себебі таңертең сабаққа шыққанда жолын торыған қаніпезерлер діттегендеріне жете алмайды.  

Айдана АқбердиеваҚылмыстық іс деректеріндегі бейне материалда Шәрипа Әқбердиеваның қызы Айдана Ақбердиева бұл туралы былай дейді: «19-ы күні таңғы 6 жарымнан аса мамам, Тимур және Қадыржан үшеуі үйден шығып кетті.  Мамам Өркенді көрген, кішкене сөйлескен. Дегенмен оны ұстап алуға көпшіліктен жүрексінген секілді. Өркен дереу автобусқа мініп, кетіп қалған. Артынан жүгіріп үлгермеген. Үйге келген соң мамам «неге бір балаға ие бола алмадыңдар?» деп Тимур мен Қадырға айғайлап ұрысты.

Осыдан кейін көзіне қан толған өгей шеше бала ұрлау операциясына қызы Айдананы да қатыстырған. Сағат 11-ден бастап мектептің маңын торуылдаған топ ақыры дегеніне жетті. Ойында ештеңе жоқ аңғал бала өзін күтіп тұрған арам ойлы Айданаға жүгіріп келіп амандасқан екен. Айдана оған: «Жүр, көшеде біраз серуендеп келеміз» деп, мектептен алыстатып әкеткен. Сәлден соң оны көлікке отырғызып, дачаға жеткізеді.

Қара ниеттілер қара түсті көлікке мініп, жолға түскенде естіген адамның жүрегін езіп жіберетін ғажап бір оқиға болған. Өкінішке қарай, оны көзіне қан толған қарақшылар  түйсіне алмаған. Сотта Өркеннің әжесі Бағдагүл Есімбекованың құқын қорғаған адвокат Айман Омарованың айтуынша,

Өркен мектептен шыққанда, қолында писсаның кішкентай бөлігі болған. Ол сатып алған писсаның жартысын жеп, жартысын қарындасына алып қалған. Онысын көлікке кіргенде «Мә, жей ғой» деп Шәрипаның кішкентай қызына ұстатады. Сұмдық қой, бейкүна баланың адам жанын елжіретер бауырмалдығы да арам ойға бекінген топты райынан қайтара алмады.

Қанды қылмыс орын алған саяжайда бұрын Шәрипа Ақбердиева тұрыпты. Ол қылмыс болардан бір күн бұрын екі баласына жертөледен арнайы көр қаздырған. Мұның бәрінен бейхабар Өркен ажал сағаты соққанға дейін далада ойнап жүрсе керек. Алдымен жертөлеге Ақбердиев Темір мен Қадыржан Гулямов екеуі түсіп кетеді. Сосын Шарипа Ақбердиева «Сен астына барып, ағаларыңа көмектес» деп Өркенді жертөлеге қарата итеріп жібереді. Бұдан кейінгі сұмдықты айтудың өзі қиын. Өгей шешесінің желкелеуімен жертөледегі жұмысқа көмектеспек болып, төмен түскен Өркенді Тимур Ақбердиев бас салып ұстап, қылқындыра бастайды. Және қасындағы Қадыржанды пышаққа жұмсаған. Бірақ тергеу кезінде ол бұл әрекетін бауырына жауып, өз қылмысын жеңілдеткісі келді.

Мәйіт

Қылмысын жақынына жапқан адам жалғыз Тимур Ақбердиев емес, барша пәлекеттің бастауы, қанқұйлы қылмыстың ұйымдастырушысы Шарипа Ақбердиева да өзін қорғап қалу үшін балаларын сатып шықты.

Ол тергеу деректеріндегі бейнажазбада былай дейді: «Өздерің біліңдер, бірақ жамандыққа бармаңдар дедім. Өлтіріңдер дегенім жоқ. Болды, бар айтқан сөзім осы».

Ал Шарипа Ақбердиева балаларына шын мәнінде не деп еді?  Оларға қандай тапсырма жүктеді? Мұны оның өгей ұлы Қадыржан Гулямовтың мына сөзінен білесіз.

Қадыржан Гулямов

«Әркімге бөліп-бөліп берді. Ақбердиев Тимурға сен оны қылқындырасың деді, пышақтайсың деді. Маған артынан келіп, аузын жұмып жерге құлатасың деді. Мен келісімді бердім оған».

Бірі жиырмадан жаңа асқан, екіншісі кәмелеттік жасқа толмаған екеу шешелерінің тапсырмасын тап-тұйнақтай етіп орындап шыққан. Баланың денесінен жан кеткен соң, бетіп топырақпен жасырған. Ең сұмдығы, екі баласы өгей ұлын өлтіріп жатқанда қаніпезер ана есіктің жақтауынан қарап тұрған екен.

Мұны қылмыстық іс деректеріндегі тергеуші мен Қ.Гулямовтың  мына әңгімесінен байқайсыз.

-  Шәрипа мына жақта отырған еді.

- Қай жерде?

- Төбеде.

- Ол қарап тұрды ма, өлтіріп жатқанда? Көрді ме, көрген жоқ па?

- Көрді, көрді.

- Қайдан көрді?

- Мына есіктен.

- Қарап тұрды ма?

- Иә.

Шарипа Ақбердиева қанды қылмыстан кейін де билікті өз қолына алған. Өркеннің киімдері мен сөмкесін және телефонын пешке салдырып, өртетеді. Есіл-дерті – қылмыстың ізін жасыру еді. Бірақ оның ол ойы жүзеге асқан жоқ.

Мәйіт

Дені сау адам ешқашан жауабын таба алмайтын бір сауал бар: өгей шеше осынша қатігездікке не үшін барды? Әлде ол жүйке ауруымен ауырған ба? Тергеу деректерінде оның түрлі сараптамадан өткені және денсаулығында кінарат болмағаны көрсетілген. Ендеше мәселе неде?

Ықтимал бір болжам – Шәрипа Ақбердиеваның өмір жолы адамның үрейін ұшыратын сұмдықтарға толы. Ол 14 жасында тұрмысқа шығып, 15 жасында балалы болған. Өз еркімен күйеуге тиді ме, әлде зорлық-зомбылықтың құрбаны болды ма, бұл жағы белгісіз. Бұдан кейін ол әркімнен бала табуды әдетке айналдырған. Азамат Кемпірбаевтың Өркеннің анасымен ажырасуына да дәл осы Шәрипа Ақбердиеваның сіңірген еңбегі мол. Қысқасы, бесіктен белі шықпай жатып, балалы болуы, одан кейінгі қым-қуыт тағдыры оған психикалық тұрғыдан әсер етуі де мүмкін-ау. 

Енді келесі сұрақ туындайды. Ес біліп, етегін жапқан балалардың қатігез шешелеріне еріп кетуін, оған «мұның дұрыс емес» деп айта алмауын немен түсіндіруге болады?  Мұның себебін де тағдырының талқаны шыққан шайпау әйелдің өмірбаянынан, оның балаларын тастап кете берген көкек мінезінен іздеген жөн шығар. Шәрипа Ақбердиеваның балалары өз қолында емес, интернатта, балалар үйінде тәрбиеленген. Олар ата-ананың мейірімін, туыстық жақындықты, оның шарапатын сезінбей өскен. Сол себептен де олар кейін пайда болған аналарына ұнағысы, оның айтқанын орындап, алғысын естігісі келген болуы мүмкін. 

Перзенттерін жетімдер үйінде өсірген Шәрипа Ақбердиева осылайша оларды түрмеге тығып тынды. Сот кәмелеттік жасқа толмағанын ескеріп, Қадыржан Гулямовқа 12 жыл мерзім кесті. Ал Айдана Ақбердиева 16 жылға, Тимур Ақбердиев 23 жылға бас бостандығынан айырылды. Қылмыстық топтың құрамында болған көлік жүргізушісі Руслан Муталиев 17 жылға сотталды. Әрине, жазаның ең үлкені Шарипа Ақбердиеваға тағайындалды. Ол 25 жылға сотталды. Әттең, қатігез әйелді өмір бойы бас бостандығынан айыру қажет-ақ еді. Бірақ қылмыстық кодексте әйел адамдарға ондай жаза қарастырылмаған. 25 жыл – ең жоғарғы шек. Осынша уақытын түрмеде өткізетін қылмыскердің мойнында бір баланың қаны ғана емес, 6 баланың көз жасы да бар.

Мұның сыры мынадай: Шәрипаға тиесілі үш кішкентай сәби бар. Оның бірі – Өркеннің әкесінен. Келесі баланы ол Өркеннің әкесімен бөлек тұрған кездерде өзге еркектен тапқан екен. Үшіншісі – Айдананың сәбиі. Ол да күйеусіз тапқан немесе ажырасқан. Бұл баланы да Шәрипа өз атына жаздырып алған. Демек аналарының кесірінен Тимур, Айдана, Қадыржан қылмыскер атанып, түрмеге жабылды. Ал кейінгі үш бала тірі жетім қалды.

Бірнеше күйеуге тисе де, тұрақ таппаған, не олардан туған баласын асырай білмеген безбүйрек әйел осылайша мәңгілік тұрағын түрмеден тапты. Амал не, тек өрімдей баланың өлім құшқаны әлі күнге өзекті оттай қариды.

Сансызбай Нұрбаба

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір