• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 19:29:08
Алматы
+35°

17 Ақпан, 2019 Сұхбат

Мақпал Мыса. Жүрек түбіндегі жаңғырық (сұхбат)

Сал-серілердің дәуіріне сапар шеккенде, елімнің жасыл жайлауына гүл болып қадалып, сыңғырлы сырларын сүйсініп тыңдаймын.

Мақпал Мыса – ақын, Жазушылар және журналистер Одағының мүшесі. "Алақандағы бақыт", "Мен керекпін" және "Аспантаудың көктемі", «Шоған Абыз» атты төрт кітаптың авторы. «Ақсу ауданының 80 жылдығы» және «Мұқағали Мақатаевтың 80-жылдығына» арналған республикалық байқауларда бірінші орын алған. Молықбай қобызшы, Майра Уәлиқызы, Мағжан Жұмабаев, Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы сыйлықтардың иегері. Ресей Жазушылар Одағының шешімімен білікті аударма үшін балқар ақыны Керім Отаров атындағы алтын медальмен марапатталған. Сонымен қатар, Қазақстан Тұңғыш Президенті Қоры ұйымдастырған «Алтын тобылғы» Республикалық байқауының бас жүлдегері атанған. Мемлекеттік «100 жаңа есім» жобасының екінші кезеңіндегі 29 жеңімпаздың бірі.

Мақпал Мыса

Мақпал, әртүрлі энциклопедиялық кітаптар аударып, редакциялайтыныңыздан хабардармыз. Өлеңдеріңіз ағылшын, түрік, татар, башқұрт, орыс, қырғыз, әзірбайжан және испан секілді түрлі әлем тілдеріне аударылған. Бірсыпыра өлеңдеріңіз испан, әзірбайжан, орыс антологиялық кітаптарына енген. "Алтын тобылғы" байқауында бас жүлде алған "Шоған Абыз" поэмаңыз да жақында үш тілге аударылып, жарыққа шықты.

Жалпы өзіңіз қанша тіл білесіз? Болашақта өз шығармаларыңызды өзге тілге өзіңіз аударсам деген мақсат бар ма?

Поэзияда ұлт жоқ, адамзаттың ортақ ақыл-ойы мен жүрек үні өлеңмен ғана үндеседі. Аударма жасағанда көбіне орыс тіліндегі нұсқасына жүгінемін. Ал, мектеп қабырғасында жүргенде француз тіліне ерекше ықыласым ауып еді. Содан болар, аз да болса сол тілде сөйлей білемін. Ал, өзіміздің туыс елдердің тілін түсіну қиын емес. Ағылшын тілін де меңгеруге тиіспін. Қолға алу керек! «Шоған абыз» үш тілге аударылғанын білесіздер. Бұл – үлкен жұмыстың нәтижесі болды. Айтып өтейін, орыс тіліне көрнекті ақын Надежда Чернова, түрік тіліне Түркияда оқуын жалғастырып жүрген жас ақын Балсан Мәди, ағылшын тіліне кәсіби маман Гүлнәр Бекқожанова аударып шықты. Алдағы уақытта орыс және ағылшын тілдеріне аударылған жеке өлеңдерден құралған жинақ шығарғым келеді.

Мақпал Мыса

Шығармашылығыңызға шолу жасағанда, цикльді өлеңдер, толғау, балладалар мен поэма жазғаныңызды байқадым. Жалпы бағындыра алмай жүрген қандай да бір жанрыңыз бар ма?

Ақын – халық байлығы. Ал, халық ақыннан өресі биік өлең күтеді. Менің жазып жүргендерім болашақ жазарымның жарнамасы болуы керек. Бұл дегеніңіз  - үлкен жауапкершілік. Рухымыздың тазалығын, жанымыздың жарасымын жырдан ғана табамын. Өлең –  Жаратқаннан қонған қасиет. Оны бақыт құсындай аялап жүргенде, басқа жанрды ойламаппын. 

Шығарма тумас бұрын мына жанрда жазайын деп арнайы бағыттайсыз ба, әлде ол шабыттың «тілегіне» байланысты ма?

Өлең – жұмбағы шешусіз тылсым әлем. Ол зауыттан шығатын өнім емес. Шабытсыз жыр жайдақ ой, жалаң сезімнен құралуы мүмкін. Ал, шын өлең шабытпен туады. Адамдар өлеңнің құдіретін дүниеәуи ойлардан ада болған кезде ғана жан-жүрегімен сезінеді. «Ынталы жүрек сезген сөз, бар тамырды қуалар» дейтін Абай атамыздың сөзінің дәлелі.

Мақпал Мыса

Кез келген адам баршылықтан да, жоқшылықтан та безіп кеткісі келетін сәттері болады. Жігері құм болып, салы суға кеткендей күй кешеді. Былайша, айтқанда күйзелістің құрсауында қалады. Сондай сәттерде сіздің жігеріңізді қамшылап, ол әлемнен алып шығатын не, әлде кім?

Адам жаны – күрделі әлем. Әр пенденің ғұмырында өз қайғы-мұңы, терең сырлары теңіз түбіндегі  иірімдей  иіріліп  жатады. Мұны кейде  тағдыр деп те айтамыз. Ақын – бақ пен сордың ортасындағы жаратылыс. Күйзеліске түскен сәттерімде айдынға желді күні қайық салып, ағысқа қарсы жүздім. «Қара арғымақ арыса, қарға адым жер мұң болар» дейтін Қазтуған жыраудан бастап,  Абай, Шәкәрім, Сұлтанмахмұт, Мағжандар айтқандай тағдырды өзің жасай білу керектігін түсіндім. «Ақ таңдардың есігін ашқан сайын ағарам» немесе «Бағы басым тірліктің сорын қайтем тізбелеп» дейтін жолдар бар бір өлеңімде. Қайырылғанда қайрайтын, қарайғанда ағартар - үміт, сенім, мейірім, махаббат, достық, ізгілік сияқты ұлы қасиеттер. Өмірді сүю керек.

Мақпал Мыса

Мақпал, кейде заманыңыздан бұрын, яки кейін туылғандай күй кешпейсіз бе? Яғни, шіркін, Фаризаның замандасы болғанымда ғой... немесе Ахматованың дәуірінде, соның елінде тұрғанымда ғой дегендей...

Арманшылмын. Қиялым өзімнен жүйрік. Ол өткен ғасырға ғашық. Сал-серілердің дәуіріне сапар шеккенде, елімнің жасыл жайлауына гүл болып қадалып, сыңғырлы сырларын сүйсініп тыңдаймын. Осы сезімде жүргенде «Мақпал тау», «Мақпал әні» өлеңдерім дүниеге келді. Бізге дейін өмір сүрген арыстарымның жанын, жүрегін сезіндім, рухтарын жырмен аялағым келді. Ақынды уақыт таразысына салып бөлшектеуге болмас. Ақын өткеннің де, бүгін мен ертеңнің де қамын ойлап, тамырын басатын жан.

Мақпал Мыса

Саусақтарыңыз қаламнан басқа қандай құралды жиі ұстайды? Заманауи технология ақын сезімінің нотасын шерте ала ма?

Әйел адам болған соң, қалам ұстайтын қолмен  көп үй шаруасын жасауға тура келеді. Бүгінде технология дамыған заманда, адам түйсігі мен саусақ ұшы қабысып, компьютер, смартфонның пернетақталарын жылдам тереді. Бірақ мен қаламымды тастаған емеспін.

Мақпал Мыса

– Жақында ғана 2500 адамның ішінен өре шауып, «100 жаңа есім» жеңімпаздарының қатарынан табылдыңыз. Ол - сіздің бағыңыз! Аталмыш жобаға сізді кім ұсынды? Марапаттау кезінде  неге дәл сол өлеңді оқыдыңыз? Ондай ресми сахнада әдетте ресми, патриоттық тақырыптағы ән-жыр, сөз айтылады, оқылады. Ал, Сіз тіпті Елбасының өзін өз әлеміңізге ертіп кеткендей күй кештірдіңіз...

Мені «100 жаңа есім» жобасына өзім тұрып жатқан Қапшағай қаласының қалалық кітапханасы ұсынған болатын. Өзімнің осындай дәрежеге көтеріліп, «100 жаңа есімнің» 29 жеңімпазының қатарына іліккеніме қуандым. Сол деңгейге жетуім үшін дауыс берген оқырмандарыма, халқыма, барлық тілекші жандарға айтар алғысым шексіз.

Өмірде дүниесі түгел  адамның да жан-жүрегін сыздатар мұң болады. Адам жаны тазармай, дүние тазармайды. Ал, өлең осы бір сезімдерді ширықтырып, тамыршыдай дөп басып, жанарға жас әкеледі. Адамзатқа ортақ сезім. Түйіні – мейірім. Біз шөліркеп жүрген мейірім. «Алыстама!»  Жүрек түбіндегі жаңғырық. Бейнебір алыс-алыс асулардан талып естілетіндей жан дауыс. Үміт. Мәңгі ажырамас байланыс. Өлең өлмес ғұмыр - махаббат екенін айтып тұр...

Мақпал Мыса

–Мақпал, сұхбатыңыз үшін көп рахмет! Шабытыңыз шарықтай берсін, қаламыңыз талмасын! Бастысы мөлдіреген нәп-нәзік әлеміңізден ажырамаңыз!

Әңгімелескен: Мақпал Сембай

Ақынның "100 жаңа есім" жобасының марапаттау рәсімінде оқыған өлеңін назарларыңызға ұсынамыз.

"СЕН МЕНЕН АЛЫСТАМА"


... Қайда мені бастайсың ғарышқа ма?
Досқа да айтпас сыр еді танысқа да.
Сағынышым сарғайған сағымдардай,
Сен менен алыстама!

Оттай шарпып өтетін жалын іштен,
Сағым ба едің, сарғайған сағыныш па ең?
Жанарыңда жаhұттай жасын ойнап,
Бақыттың балын ішкем.

Түрен тартқан тіршілік тұр өңіңде,
Бір сөз айтып қалсаңшы жүреріңде.
Өмір зулап барады көз алдымда,
Өлең тулап барады жүрегімде. 


Арай сыйла сен маған ай күн ұсын,
Өзiңменен күнiм күн, ай тынысым.
Бұл өмірге келгенбіз біздер бәлки,
Бақыт әнiн қосылып айту үшін.

Тұнжырап тұр таныс қыр, таныс қала,
Арна керек алқынған ағысқа да.
Өмір жайлы өлеңді мен бастайын,
Сен менен алыстама! 

 

Мақпал Сембай

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір