• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 16:43:43
Алматы
+35°

18 Қаңтар, 2019 Әдебиет

Киіктің киесі (Құла джип мінген Пенде-бай)

Құлқынның құлы болған соң, Қасиетті де, киелі, Киікті атты, қарашы!

Егемендіктің көгінде
Ұлы даланың жерінде
Мәңгіліктің елінде
Білмедім атын, тегін де
Құтырған бір бай бопты.

Джип-қаруы сай бопты,
Ұрт-мұрты да май бопты,
Тектен әдірем қалғырдың
Қатысуымен Арқада
Жан түршігерлік жай бопты!

Жаңағы иттің баласы,
Ішіне сыймай аласы,
Дүниеге тоймаған 
Көзінің ағы-қарасы,
Жүрегінде бартын-ды
Нәпсіқұмар жарасы,
Бар ләззатты көрген соң
Таусылып айла-шарасы,
Табиғат, Жер-Анада
Бар еді қандай наласы?
Құлқынның құлы болған соң,
Қасиетті де, киелі,
Киікті атты, қарашы!

Ол дағы, мейлі, жануар,
Шығар-шықпас жаны бар.
Алайда оны күзеткен,
Талайларды түзеткен,
Азаматымыз тағы бар.
Араша түсем деп киікке
Қанішердің қолынан
Оққа ұшқан шағы бар.
Артында бала-жары бар.
Енді мұндай азамат
Қай анадан табылар?
Ағайын, туыс, бауыры,
Әділдік іздеп тынбастан
Органдарға сабылар.

Алайда, хайуан түгілі
Адамды атқан Арамның
Мықты-мықты маңы бар,
Жазаланбайтын заңы бар,
Арқасында ақшаның 
Арайлап атар таңы бар,
Сыбайластары тұрғанда
Маңдайының бағы бар,
Мүмкін осы зор қылмыс
Сол күйінде жабылар,
Бәлкім аққа жақ болып
Шындық алауы жағылар.

Жақсы мен жаман ісіңнің
Өзіңе қайта келетін
Ерекшелігі тағы бар.
Күндердің күні туғанда
Қаныпезер аңшының
Өзі де қара жамылар!

Ата жолымен жүрмеген,
Қиын өмір сүрмеген,
Көк түтінді үрлеген,
Мешітке бір кірмеген,
Сана-пайымы кірлеген,
Өз елін боқтап, тілдеген,
Үстіне шүберек ілмеген,
Ұрпағың өсіп келеді
Батырлар жырын білмеген!

PS: Тәрбие көзі емес пе еді
Ертегі, аңыз, жыр деген?!

Жамбыл Тілеп

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір