• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 21:36:35
Алматы
+35°

15 Ақпан, 2019 Экономика

"Көп балалы аналардың қолына қаржы беріп, бизнеске баулу керек..."

Қазір елде көп балалы аналар мәселесі қызу талқыға түсіп жатқан кез

Қазір елде көп балалы аналар мәселесі қызу талқыға түсіп жатқан кез. Осыған орай отандық сарапшылар көп балалы аналарға қатысты өзге елдердің ұстанған іс-тәжірибесін мысал етіп, бізге де осындай жайттарды електен өткізіп алу керектігін айтуда. Мәселен, «Барометр» талдау орталығының сарапшысы Дәурен Арынның айтуынша, қазір көп балалы аналарды мемлекеттік субсидиямен қамту өзекті болып отыр.

Сарапшы маман бұл ретте бірқатар елдердің тәжірибесін мысал етті. Көрші Ресейде, Өзбекстанда, Қырғызстанда банктердің мұндай бағытта жұмыс істейтін арнайы бөлімдері де бар көрінеді.

«Көрші Ресейді мысалға алсақ, Ресейдің Орталық банкі 2017 жылдан бері көп балалы аналарын субсидиямен қамту арқылы, аналарды шағын бизнеске тарту, олардың кәсіпкерлік білімін жетілдіру, агробизнесті өркендетуіне үлес қосу дейсіз бе, толып жатқан мүмкіндіктер ұсынып отыр. Осыған орай Ресейде қазір көп балалы аналардың 60 пайыздан астамы ауылдық аймақтарда өз бизнесін жүргізуге машықтанып алған.  Бұған қоса Ресейде 3 баласы бар аналарға Мәскеуден үй алу үшін 6,1 %-бен арнайы жеңілдіктер қарастырылған. Осылай арзан несие беру арқылы олар көп балалы аналарды баспанемен қамту жағын жүйелі жолға қойып алды. Сол тәрізді 6,2 %-бен ауылдық аймақтарда бизнес жүргізіп, баспана алу үшін де арзан субсидиялар беріледі. Көрші елдің көп балалы аналарының жартысынан көбі осы ауылдық-аймаққа орнығып бизнес жүргізу жобасын қатты қолдап отыр. Осыған қарап Қазақстанға да мұндай нақты-нақты шараларды қарастыру керектігін пайымдайсың», - деді сарапшы Дәурен Арын.

Біз сарапшының ұсынып отырған деректерін арнайы сызбамен көрсеттік. Төмендегі сызбадан Ресейде көп балалы аналарға қандай салалар бойынша, қанша пайыздық мөлшерінде жеңілдікпен мемлекеттік субсидия берілетіні жайлы анық көрсетілген.

графика

Сарапшы маман Дәурен Арынның байыптауынша, бізде аналарға берілетін жәрдемақы мөлшерін де «қалалық және ауылдық» деп арнайы статусқа бөліп қарастыру керек.

«Бізде ауылдық жерде тұрудың өзіндік машақаты бар. Ауылды жерде тұратын көп балалы аналардың мал басына беретін жем-шөбі бар, қыста жағатын отын-суы бар осының барлығын жәрдемақы есептерде ескеру керек. Қалалық жерде тұратын аналардың коммуналдық төлемі бар бұл да есепке алынуы керек. Сонда ғана әділетті бөлініс болады. Жәрдемақы есептейтін кезде су, газ, жарық, коммуналдық төлем деген дүниелерді ескерген абзал. Олай етпесек, біз қазір әлеуметтік көмек деп есептеп беріп жүрген 16 мың 142 теңгенің көлеміндегі қаржы толыққанды аналардың проблемасын шеше алмайды. Жалпы, жәрдемақы төлеу кез келген отбасының мәселесін түбегейлі шеше алмайды. Жәрдемақы бұл мемлекеттік қолдаудың бір түрі ғана. Сондықтан келешекте көп балалы аналардың қолына қаржы ұстатып, оларды бизнеске бейімдеген дұрыс», - деді Дәурен Арын.

Экономика ғылымының докторы, профессор Бейсенбек Зиябековтың айтуынша, біз субсидия бөлумен қатар, бизнеске бейім көп балалы аналарға салықтық жеңілдіктер қарастыру жағын ойластырғанымыз жөн. «Жер салығы, мүлік салығы, жылжымайтын мүлік салығы бойынша төлем жасауда көп балалы аналарға арнайы жеңілдіктер беру керек» дейді маман.

Сондай-ақ маманның пайымдауынша, Беларусь елінде көп балалы анадарды арзан субсидиямен қамтудан бөлек, салықтан босату, үймен қамтамасыз ету, 4 балалы анаға тегін үй беру мәселесі оңтайлы шешілген.

«Көп балалы аналарды субсидия беріп бизнеске үйрету ол заман талабы. Үкімет осы мәселені сауатты шеше алса, бұл аналарға көптеген мүмкіндіктер ашар еді. Салықтық жеңілдіктермен қамтумен қатар,  көп балалы отбасыларды қамқорлыққа алу, олардың адами капиталын нығайту біз үшін қазір өзекті. Сондықтан бұл өте қажет», - деді Бейсенбек Зиябеков.

Біз осы арада көршілес елдердің көп балалы аналарға жасап отырған мемлекеттік қолдауын арнайы сызбамен көрсетуді жөн көрдік. Төменде көрсетілген сызбадан Ресей, Беларусь, Өзбестан, Әзірбайжан елдері көп балалы аналарына тиісінше мемлекеттік қолдау көрсетіп отырғанын көруге болады.

графика

Сондай-ақ Бейсенбек Зиябеков «көп балалы аналардың зейнетақысын да үкімет субсидиялауды ойластыруы керек» дейді.

«Көп балалы аналар бала күтіміне байланысты үйде төрт-бес жыл отыруына тура келеді. Сол аралықта олардың зейнетақы жарнасы тоқтап қалады. Бала күтіміне байланысты жәрдемақы бізде тек 1 жасқа дейін ғана төленеді. Оның үстіне ол жәрдемақы аз болғаннан кейін, одан алынатын зейнетақы жарнасы да мардымсыз. Сондықтан осы жайттардың ескере отырып, көп балалы аналардың зейнетақысын үкімет субсидиялап отырса деймін. Ол үшін ана жұмысқа шыққанша үкімет арнайы зейнетақы жарнасын зейнетақы қорына аударып отырса жеткілікті болар еді», - дейді маман.

Жалпы, деректерге жүгінсек, «Алтын алқа», «Күміс алқа» белгілерімен марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көп балалы аналарға 2018 жылға дейін 6,4 АЕК немесе  15 392 теңге төленген. Төрт және одан көп кәмелетке толмаған балалары бар көп балалы отбасыларға (арнаулы мемлекеттік жәрдемақы 2018 жылдың 1 қаңтарына дейін тағайындалған отбасыларға ғана төленеді): 4,16 АЕК немесе 2018 жылға дейін 10 005 теңге төленіп келді.

Ал 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап көп балалы және аз қамтылған отбасыларға үш түрлі жәрдемақы республикалық бюджеттен және жергілікті бюджеттен тағайындалатын жәрдемақы біріктіріліп атаулы әлеуметтік көмек ретінде төленетін болды. Оның мөлшері қазір 16  мың 142 теңгені құрайды. Қазірде мұндай жәрдемақына елімізде 237 мыңға жуық көп баланы ана алып отыр.

Мамандар болашақта көп балалы аналардың әлеуметтік жағдайы түзелуі үшін бірінші кезекте аталмыш жәрдемақы көлемін өсіріп, көп балалы аналарды баспанамен қамту жағы, мемлекеттік субсидия беру ісі шешілуі қажеттігін баса айтып отыр.

Қарлығаш Зарыққанқызы

Nazerke Labihan

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір