• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

28 Наурыз, 20:12:58
Алматы
+35°

19 Ақпан, 2019

"Келінжан" неге хит болды?

Актерлер өте сәтті таңдалған. Әрқайсысы дәл осы рөл үшін туғандай.

Әне-міне дегенше, жұртты көк жәшік пен ютубке телмірткен "Келінжан" телехикаясы мәресіне жетті. Қазақ киноөндірісінің босағасынан сызыла сәлем беріп кірген "Келінжан" көптің көңілінің төріне жайғасты. Жұрт мақтаған телехикаяны мен де түгел көріп шықтым. Сонымен, "Келінжан" неге хит болды?

"Келінжан" – ешкімді аймаластырмай да, сүйістірмей де сериал түсіруге болатындығын дәлелдеген соңғы уақытта шыққан телехикаялардың ең үздігі. Көбірек көрермен тарту үшін 18 + әрекеттерді көрсетуге құмар продюсерлердің "Етекті ашпай-ақ, абыройды шашпай-ақ хит туынды шығаруға болады екен ғой",– деп, аузы ашылып қалған шығар, сірә... Мәдібек пен Валяның жасырын "әрекетінің" бір шетін де көрсетпей оқиғаны әрі қарай өрбітіп жібергеніне таңданасың.

Актерлер өте сәтті таңдалған. Әрқайсысы дәл осы рөл үшін туғандай. Құдды бір сол ауылдың тұрғындарын кастингтен өткізіп, таңдап алғандай. Әрбірі рөлді шын сезінеді, шын сендіреді. Айсараның құбылмалы образы мен Балқияның жағымпаздығы еріксіз езуіңе күлкі сыйлайды.

Әр ұсақ-түйегіне дейін сәтті ұйымдастырған. Ауылдың киіну стилі, дастархандағы шәй мен қант, қазан-ошақтың айналасы, бәрі орын-орнымен. "Мына жері өтірік болып кетіпті" деп әттең-айға" салынатын кадлары аз.

Көршілердің прототипі де шынайы шыққан. Қай үйде қонақ келсе, сол үйде жүретін баянын көтерген ішкіш көрші де, күйеуінің арақ қойғанын тілеп, тәуіп жағалаған ауылдағы нөмірі бірінші өсекші әйел де өз рөлдерін сәтті алып шықты.

Кейіпкерлер өмірде бар. Дәл осындай отбасының өмірін көрсетпесе де, дәл осындай адамдар өмірде бар. Бәріміздің әулетімізде бір Айсара, бір Балқия, бір Зияда, бір Зияда, не бір Қылышбек бар. Оны бәрі мойындайды. Әр кейіпкерден өзімізді, не танысымызды таныдық. Телехикая бізге сол үшін майдай жақты. Абысындар арасындағы тайталас, ауылдан қашқан келіндер, еншісін алуға асыққан отбасы, бәрі-бәрі бар өмірде бар адамдар.

Продюсер нағыз ауылдан шыққан адам. Ия, бұл да телехикаяның шынайы шығуына әсер етеді. Қалада туып, қалада өскен адамның туындысы осынша халықтың жүрегіне жетпес еді. Өзінің өскен өлкесі мен келін болып түскен ауылының тіршілігінен көрген-білгенін қағазға түсіріп, одан үлкен телехикая тудырған продюсердің төккен тері мен еткен еңбегі ақталды деген сөз.

Күлкі де сыйлады, жылатты да. Үлгі көрсетіп, жөн сілтеуді де ұмытпады. Астарлап отырып тәлім-тәрбие берді. "Бұл үйдің кеткен қызы қайтып келмейді, келген келіні қайтып кетпейді" деген кемпірдің бір сөзінің өзінде терең мағына бар.. Талай өнегелі сөзді Қасым шал арқылы да айтқызды. Кіші келінінің соңғы шешімінен де алатын өнеге бар.

Ақерке Әбілхан

Әсел Болатқызы

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір