• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 10:48:14
Алматы
+35°

22 Мамыр, 2018 Экономика

Halyk bank пен Qazkom қызметкерлерінің саны қысқарады – Үміт Шаяхметова

Банктің басқарма төрайымы «қазкомдық» қызметкерлерді қысқартып, «халықтық» қызметкерлерді қалдырамыз деген түсініктен арылуды ескертті.

Бүгін Halyk қаржы тобының 2018 жылдың 1 тоқсанындағы қызметінің қорытындысына арналған баспасөз жиынында «Қазақстан Халық банкі» АҚ басқарма төрайымы Үміт Шаяхметова Qazkom мен Halyk-ты біріктіру процесінің барысымен таныстырды, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігінің тілшісі. Шаяхметованың айтуынша, Qazkom және  Halyk bank қызметкерлерінің саны қысқаратын болады.

Алайда банктің басқарма төрайымы «қазкомдық» қызметкерлерді қысқартып, «халықтық» қызметкерлерді қалдырамыз деген түсініктен арылуды ескертті. Қазіргі уақытта екі банкте де жаңа қызметкерлерді қабылдау туралы мораторий жүріп жатыр.

– Біз тек мықты мамандарды таңдаймыз. Қазірде екі банкте де мораторий жүріп жатыр. Бір қызметкер жұмыстан шығады, екіншісі көшіп барады. Осылайша екі банктің қызметкерлері қысқарғанымен бос орындар қысқармайды. Бұл мораторий екі банк қосылған уақытқа дейін жалғасатын болады. Ол уақытта біз қысқарған қызметкерлердің санын қараймыз, содан нәтиже шығарамыз. Ал кассирлер, менеджерлер (заңды және жеке тұлға бойынша) бөлімдері сақталады. Әрі интернет-банкинг, сатудың дистанциялық бөлімдері, банкоматтық желі, POS-терминалдары, call-орталықтарының бағыттары көбейеді. Егер аталмыш бағыттар бойынша қазіргі уақытта 80 адам жұмыс істесе, біріккен күні 540-қа дейін жетеді. Себебі ол уақытта қоңыраулар көп шалынатын болады, сұрақтар да көбейеді, біз оны түсінеміз, – дейді Үміт Шаяхметова.

Бұған қоса екі банк біріккен күні  қысқарту процесі бірден болмайды. Бәрі кезең-кезеңімен жүзеге асады. Алайда банктер біріккенімен басты бренд біреу, ол – Halyk bank. Шаяхметованың айтуынша, мұндай процестің өзінде жұмыс барысы бұрынғыша жалғасатын болады. Клиент Qazkom-дағы өзінің үйреншікті бөлімшесіне барып, менеджер оған еш қиындықсыз қызмет көрсетеді. Тек бірыңғай жүйе қалыптасады. Мәселен Xalyk пен Qazkom тарифтері әртүрлі деңгейде. Qazkom-ның комиссиясы Halyk-тан төмен. Ондайда Halyk bank өз тарифтерінің деңгейін төмендетеді, шығын да азаяды. Есесіне клиенттер үшін қызмет аясы кеңейеді.

– Депозиттер тұрғысынан ештеңе өзгермейді, бәрі сол қалпында қалады. Qazkom тарапынан жүйе қалыптасқанымен, бастысы Halyk базасына тиесілі, – деді Шаяхметова.

Сонымен қатар филиалдары жағынан да қысқартулар болады. Бұл процес те жүйелі түрде жүзеге асады. Ал банк клиенттерінің артуы немесе кемуі қадағаланып отырады.

Шаяхметова банктердің бірігуінен үркудің қажеті жоқ дейді. Бұл үрдіс клиенттер үшін де, банк қызметкерлері үшін де тиімді болатынына сендірді. Ал Qazkom мен Halyk 2018 жылдың екінші жартысында толығымен бірігіп, екеуіне ортақ жаңа стратегия қалыптасады.

Бұған қоса Үміт Шаяхметова Халық банктің 2018 жылдың 1 тоқсанындағы қаржылық нәтижелеріне тоқталып өтті.

Мәселен, Qazkom-ның көрсеткіштерін ескере отырып Halyk тобының таза кірісі 2018 жылдың 1 тоқсаны үшін 62,1 млрд теңгені құрады. Бұл 2017 жылғы 4 тоқсанның нәтижесінен 63,1 пайызға асып тұр. Qazkom-ның таза кірісі 2018 жылдың 1 тоқсаны үшін 32,9 млрд теңгені құрады.

Ал қызметтер мен комиссиялар бойынша кірістер 2017 жылдың 4 тоқсанымен салыстырғанда 8,3 пайызға төмендеген. Өзге пайыздық емес кірістер 2018 жылдың 1 тоқсаны үшін 10,2 пайызға – 43,3 млрд теңгеге дейін төмендеді.

Gulim Zhaqan

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір