• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 08:41:24
Алматы
+35°

23 Мамыр, 2019 Саясат

Ермұрат Бапи: "Әблязовпен байланыс болған жоқ"

Мамырдың 20-21 күндері Парижде өткен конференцияда Қазақстандағы қоғамдық-саяси жағдай талқыланды

Мамырдың 20-21 күндері Парижде өткен конференцияда Қазақстандағы қоғамдық-саяси жағдай талқыланды. Жиынға бір топ қазақстандық белсенді және қазір Еуропада тұрып жатқан бұрынғы премьер-министр Әкежан Қажыгелдин мен Атырау облысының бұрынғы әкімі Бергей Рысқалиев қатысты. Бұл туралы Qamshy.kz ақпарат агенттігі “Азаттық Радиосына” сілтеме жасап хабарлайды.

Конференция 2002 жылы құрылған Қазақстан оппозициясының шетелдегі бюросы ұйымдастырды. Бюроны біраз жыл бұрын Қазақстаннан кетуге мәжбүр болған медиа менеджер Серік Медетбеков басқарады. Жиынға «Ақиқат» жалпыұлттық-социал демократиялық партиясы мүшелері мен әр жақтан келген делегаттар қатысты. Барлығы елуге жуық адам болды, Олардың көбісі - азаматтық қоғам өкілдері, белсенділер.

Бұдан бөлек, Қазақстанда іс қозғалып, Еуропа елдерінен саяси баспана алуға мәжбүр болған бизнесмендер мен бұрынғы саясаткерлер де қатысты. Сәуірдің соңында Қазақстан оппозициясының шетелдегі бюросы осы конференцияға шақырған. Шығынды Қазақстан оппозициясының шетелдегі бюросы көтеріп алды.

Жиында алдағы уақытта өтетін парламент сайлауына дайындық мәселесі қозғалды. Келесі айдағы кезектен тыс президент сайлауы, Қазақстанда қалыптасқан саяси жағдай жайлы да туралы пікір алмасты. Жаңаөзен оқиғасын, қуғынға түсіп, түрмеде отырғандардың мәселесін талқыланды.

Қоғамдағы саяси күштерді «Ақиқат» ЖСДП маңайына топтастырып, парламент сайлауына кемінде 100 кандидат дайындау мәселесі талқыланды. Маусымның 9-ы күні өтетін кезектен тыс президент сайлауы жайлы көп пікірталас болды. Бір топ биліктің сайлауына бармай, бойкот жариялау туралы айтты. Екінші топ сайлауға баруды ұсынды.

Қазақстан оппозициясының шетелдегі бюросы ұйымдастырған Париж конференциясының қатысушылары.

Париждегі жиынға Қазақстанда сырттай сотталған Атырау облысының бұрынғы әкімі Бергей Рысқалиев пен бұрынғы премьер-министр Әкежан Қажыгелдин де қатысты. Оларды Қазақстан оппозициясының шетелдегі бюросы (Париждегі жиынға) спикер ретінде шақырған. Қажыгелдин мен Рысқалиев жиынға бір-бір дауыспен Қазақстан қоғамының өкілдері ретінде қатысты.

“Cырттай он жылға сотталған Әкежан Қажыгелдинді Қазақстан қоғамына қауіпті азамат деп есептемеймін. Ол Ақордаға, Қазақстан билігіне қауіпті шығар. Себебі, ол кісінің ой-пікірі, арыны, саяси күші Ақордада отырғандарды он орап алады. Рысқалиев қаңтар айында сотталды. Апелляциялық соты бар. «Сот бір жақты өтті және Рысқалиев әділетсіз сотталды» деп ойлаймыз. Куәгерлер толық сұралмады. Рысқалиевтің өзі болмаса да, іске қатысы бар адамдарды сұрап, істі жан-жақты қарауға мүмкіндік болды. Бірақ бір жарым ай ішінде істі қарап бітірді. Рысқалиев те, Қажыгелдин де қоғамға қауіпті емес деп ойлаймын. Олармен бір үстелдің басында отырып, Қазақстандағы жағдайды талқылау мен үшін бір мін болатын жайт емес”, - деді «Ақиқат» ЖСДП төрағасы Ермұрат Бапи.

Париждегі конференцияны ұйымдастырушылар «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысының (Қазақстанда тыйым салынған ұйым) жетекшісі, Ақорданы сынап жүрген Мұхтар Әблязовті шақырды ма деген сұраққа жауабы:

​“Конференцияны ұйымдастырған Қазақстан оппозициясының шетелдегі бюросынан сұрадым. Серік Медетбеков «Әблязовпен байланыс болған жоқ. Біз ұсынғанның өзінде Әблязов келмейді. Біздің ұсынысымыз – парламент сайлауына заңды түрде қатысып, парламентке тәуелсіз ой-пікірі бар адамдарды кіргізіп, сол арқылы Қазақстанды заңды түрде өзгерту” деді Ермұрат Бапи.

Париж конференциясына Қазақстаннан «Ақиқат» ЖСДП мүшелерінен бөлек көп балалы аналар проблемасын, шетелдегі қазақтар мәселесін көтеріп жүрген белсенділер мен журналистер де барды. Жиынға қатысқандар кейбір азаматтар Facebook парақшасында бірнеше рет тікелей эфирге шықты.

Конференцияда Әкежан Қажыгелдин Қазақстанды халық басқару керегін, Алтынбек Сәрсенбайұлы пен Заманбек Нұрқаділовтің өлімін қайта тексеру қажет екенін айтты.

Атырау облысының бұрынғы әкімі Бергей Рысқалиев "Үкіметке қоятын мың сұрағым бар. Егер оның бәрін қойсам 999-ына жауап ала алмаймын. Ішінде қызмет етіп жүргенде көрдік, үкіметтің бүгінгі қаулыларының бәрі елге қарсы" деген.

2018 жылы сәуір айының басында Брюссельде "Жаңа Қазақстан" атты осыған ұқсас форум өтіп, оған қазақстандық бірқатар саясаткерлер, белсенділермен қатар 1994-1997 жылдары елдің премьер-министрі болған Әкежан Қажыгелдин және шетелде жүрген өзге де азаматтар қатысқан еді. Кейінірек елде "Жаңа Қазақстан" форумы қоғамдық ұйымының құрылғаны хабарланды. Ұйым әзірге тіркеуден өтпеген.

Ресми билік "экстремистік ұйым" деп танып, қызметіне тыйым салған тіркелмеген "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысының жетекшісі, қуғындағы экс-банкир, Ақорда оппоненті Мұхтар Әблязов бұған дейін "Жаңа Қазақстан форумына" сенімсіздік білдірген.

1998 жылы шетелге кеткен Әкежан Қажыгелдинді Қазақстан билігі "пара алды, салық төлеуден жалтарды, билігін асыра пайдаланды" деп 2001 жылы сырттай 10 жылға соттаған.

Бергей Рысқалиев 2006-2012 жылдары Атырау облысының әкімі болған. Оны 2019 жылы қаңтарда Қазақстан соты «пара алды, бюджет қаржысын жымқырды, қылмыстық топ құрды» деп айыптап, сырттай 17 жылға соттаған. Онымен бірге інісі, Қазақстан парламенті мәжілісінің бұрынғы депутаты Аманжан Рысқалиевке де сырттай үкім шыққан.

Ұсынған: Ильдар Адильченов

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір