• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 10:04:59
Алматы
+35°

16 Қаңтар, 2019 Айтты-ей, бауырың!

"Ерлан Нұрғалиевті қайтыс болған соң танып жатырмыз, себебі ол..."

Бұл ағамыз кезінде ауылда участкелік полиция болып жұмыс істепті. Тәртіпке қатал болыпты марқұм.

Екі жыл бұрын Чернобыль атом электр станциясында болғанмын. Болғанда қалай? Тірі жан рұқсатсыз кірмейтін территорияда екі күн жүріп, жарылған төртінші реакторға 400 метрге дейін жақындап, 900 микрозиверт радиация жинап қайтқанбыз. Сонда бізді алып жүрген жолнұсқаушы қанымыз қатып қалатындай небір сұмдықты айтты дейсің... Бірақ, мына әңгімесі есімнен еш шықпайды.

Чернобыльде авария болған сәтте үлкен басшылары қашып кетеді. Төмендегі жұмысшылар телефон соққанда «Өздерің бірдеңе қылыңдаршы», — деп жауапкершіліктен тайқиды. Содан лауазымы бойынша ең төмен адамдар қалады да, өздері тәуекелге бел буады. Радиация бұдан да көпке тарамас үшін қауіпсіздік нұсқауларына қарамай, өздерін өлімге қияды. Қараңғыда улы суды белден кешіп жүріп, бір трубаны бір трубадан ажыратады, өртті сөндіреді. Солардың көбісі тым көп сәулеленуден қайтыс болды. Солардың көбісі өте қарапайым жұмысшылар еді деген еді жолнұсқаушы.

♦Бас прокурор инспекторларға шабуыл жасау ісін өз бақылауына алды

"Қарағанды облысында киікті қорғаймын" деп кісі қолынан қаза тапқан Ерлан Нұрғалиев туралы естігенде, осы эпизод есіме түсіп кетті. Бұл ағамыз кезінде ауылда участкелік полиция болып жұмыс істепті. Тәртіпке қатал болыпты марқұм. 13 қаңтарда Ерлан Нұрғалиев пен Пётр Ницык киіктерді жөн-жосықсыз атып жатқан браконьерлердің ізіне түсіп береді. Бақайшағына дейін қаруланған жауыз пәлелер атысады кәдімгідей. Сөйтіп, Ерлан Нұрғалиев браконьерлердің қолынан қаза табады. Денис Тен қайтыс болғанда, қабырғамыз сынардай қайғырып едік. Неге? Еліміздің атын әлемге шығарар жұлдыз сөнді деп жылағанбыз. Ал Ерлан Нұрғалиевті қайтыс болған соң танып жатырмыз. Себебі,  ол — «кішкентай адам». Былтыр Қорғалжын қорығына журналистер барғанда, фотоға осылай түсіріп алғанына да рахмет. Бірақ, мемлекеттің ішкі тұрақтылығы осындай адамдардың еңбегінен тұрады.  Қалай атасаңыздар да, өз еркіңіз.

Бұларды атып кеткен және атып кетуі мүмкін адамдар ертең-ақ шартты жазасын алып, қайтадан киік пен адам атып жүре беруі мүмкін. Ал бұлар мардымсыз айлыққа күндіз-түні қу жанын шүберекке түйіп, желдің өтінде, жердің сызында киік қарауылдап жүргені. Медаль да алмайды, марапат та бұйырмайды. Осындай жанқиярлықтың арқасында шығар, біздегі киік басының 215 мыңға жеткені. Марқұмның жаны жәннәттан болсын! «Халық қаһарманын» берсе де, артықтық етпейді.

Өркен Кенжебектің фейсбук парақшасынан алынған

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір