• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 08:15:36
Алматы
+35°

18 Қаңтар, 2019

Ерлан Нұрғалиев "Ерлігі үшін" медаліне  ұсынылды

Даланың иесін өлтіргендерді, киіктің киесі ұрмай қоймайды!

Ерағамызды жерлеп келдік... Баршын ауылы расымен де алыс екен, жолдың жартысы қара жол. Тоқым сулап, тұяқ тоздырып жеткен мыңдаған адамға қарап ағамыздың бағасын білдік. Көптің ішінде Ауыл шаруашылығы вице-министрі Арман Евнеев те болды. Сол кісінің аузынан:

"Біздің министрліктің бүкіл 500 қызметкері бір күндік жалақысын (4 млн теңге) береді. Ерлан Нұрғалиевті "Ерлігі үшін" мем.марапатқа ұсындық".

Ауылдастары Ерағаға «бұл мадақ аз» дейді, себебі өмірінде көптеген жанды от пен судан құтқарып қалған екен. 20 шақты жыл бұрын участковый болғанында айналасындағы бұзықтықпен аты шыққан ауылды тәртіпке салған. "Формаңа рахмет айт, әйтпегенде осы жерде өлер едің", -деген баукеспелердің сөзінен кейін, үйіне барып формасын шешіп, спорт киімін киіп, бұзақыларды жекпе-жекке шақырып жындарын басқан екен. Осы қаңтардың 30-да 53-ке толуы керек еді...

Жалғыз ұлынан үшінші немерені күткен ағамыздың келіні кеше ғана ауруханаға толғақпен түскен. "Келінім менің туған күніме өте тамаша сыйлық жасамақшы", -деп тойға сояр малды өзі жемдеп жүріпті. Ал қайғылы оқиға күні, браконьерлердің екеуін жалаң қолмен жайратып тастаған, қолдарына кісен салып жатқанда артынан үшінші адам келіп желкесінен мылтықпен ұрып, артынша өзгелері келіп тұрғызбай тепкіге жыққан. Бұл сәтте екінші инспектор ес-түссіз жатқан...

Енді ағамның қызметі жайлы бірер сөз. Табиғатты қорғау сақшылары 15 күнге үйінен жырақ кетіп жұмыс істейді, айлықтары 100 мыңға жетер-жетпес. Әрбір күндері қауіп пен тәуекелге байланған. Соңғы үш жылда инспекторларға 10-астам шабуыл жасалған, соның біреуінде ғана қылмыстық іс қозғалыпты. Көбінде айыптылар оңай құтылып кетеді, тіпті табылған өлі киіктердің тергеу барысында ешкінің еті деп жазылатынын білесіз бе? Ал ақбөкеннің еті екені дәлелденсе, айыптылар айыппұл төлеп кете беретінін ше, естіп пе едіңіз? Адам өміріне қауіп төндіру, өлтіруге талпыну деген бірде-бір іс қозғалмайды! Себебі - ақша!

"Киіктің мүйізінің 1 келісі 2 мың еуро, үш мүйіздің өзі 1 кило тартады, ол Қытайға кетеді", - Бұл министрдің орынбасары Арман Евнеевтің айтқаны! Ал аңшылар әсте кедей адамдар емес, соңғы маркалы «Джиптермен», қымбат құрал-саймандарымен жүреді, Мүйіздер Қытайға сатылса, өткізу нарығы бар, оны "дөкейлер" басқарып отыр деген сөз! Тағы бір мәселе, табиғат сақшылары полицей, не әскери қызметкер болып саналмайды, олар бұзақыларға жауап ретінде оқ атса, көп жағдайда сот оларға "Атуыңа қандай негіз болды? Бірінші саған оқ атылды деген дәлелің бар ма?", -деп өздерін кінәлі қылып шығарады екен. Сондай-ақ, браконьерлер трассаға шығып кетсе, оларды ұстауға табиғат сақшыларының құқы жоқ, себебі ол жол полициясының өкілеттігінде. Заң солай, қайтесіз енді... Бәрі ауыз жаласқан, шынжыр сияқты бір-біріне байланған қылмыстық жүйе, төрде отырған төрелері де көп, олар жауапқа тартылады деу ертегі! Қысқасы ТАБИҒАТ САҚШЫСЫ болып жұмыс істеу үшін не ақымақ болу керексің, не Ерлан Нұрғалиев сияқты жан-жануарды жаныңдай жақсы көру керексің! Даланың иесін өлтіргендерді, киіктің киесі ұрмай қоймайды! Топырақ салуға келген және еске алып сөйлеген адамдарды көріп біреу Ерағаңды бай-манап, шенді-шекпенді деп ойлар, олай емес, ол - АДАМ, кісі емес НАҒЫЗ АДАЛ АДАМ болған! Жаның жәннәтта болсын, Есіл Ер!

Жалғас Зейноллаевтың фейсбук парақшасынан

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір