• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 01:24:28
Алматы
+35°

23 Қараша, 2018

Димашты тікелей эфирден көрсетуге ой-қиял ма, қаржы ма жетіспеген?

Халықтың қазақ баласының  концертін теледидар арқылы тікелей эфирде тамашалаймыз деген үміті басым еді.

Қазақстанның Ұлыбританиядағы мәдени күндері аясында Лондонда Димаш Құдайбергеннің жеке концерті өтті. Бұл - қазақ жұртшылығы үшін жағымды жаңалық болды. Қазақстандықтар Еуропа төрінде Димаштай күміс көмей әншінің шығармашылық кеші өтетіндігін зор жетістікке балады. Іштей сүйікті әншісіне ризашылығын білдірген де болар. Тек Қазақстан емес, әлемдегі 50-ге жуық  елде тұратын Димаштың тыңдармандары, жанкүйерлері концертті асыға күтті. Билеттерді жапатармағай сатып алып жатты.

Міне сол күн жетті. 19 қараша. Ұлыбритания жүрегі – Лондондағы  «Indigo at the O2» залына адамдар көтеріңкі көңіл күймен жиналып жатты. Сүйікті әншісімен қауышу, бірнеше сағат бойы оның өнерін тамашалау  оларға қуаныш сыйлады.

Концертке бару мүмкіндігі болмаған қазақстандықтар елде отырып тақымын қысты. Жан-тәнімен Лондонда болды. «Концерт қалай өтіп жатыр екен?» деген сұрақ та мазалады. Өкінішке қарай, қазақстандықтар Димаш Құдайбергеннің жеке концертін отандық телеарналардан тікелей эфирде көре алмады. Ондағы атмосфераны тек әлеуметтік желі арқылы ғана бақылап отырды. Басқа амал болмады. Концерт өтіп жатқан сахнаны көріп тағы мұңайды. Көрерменнің ренжитін жөні бар. Концерт Қазақстан Республикасы Мәдениет және туризм министрлігінің ұйымдастырумен өтті – бір. Қазақстанның Ұлыбританиядағы мәдени күндері аясында өтті – екі. Алайда концертте біраз олқылықтар болды. Жо-жоқ мәселе Димашта емес және болу да мүмкін емес. Бұл жерде концерттің ұйымдастырылуында болып отыр. Оған жеке-жеке тоқталып өтейік.

Халықтың қазақ баласының  концертін теледидар арқылы тікелей эфирде тамашалаймыз деген үміті басым еді. Алайда миллиондаған тыңдарманның үміті ақталмады.

Әлеуметтік желіде концерттің қысқа бейнекөріністері мен үзінділері толып жүр. Өкініштісі, сапалысы жоқтың қасы. Оның себебі де түсінікті. Профессионалды камераға түсірілмеген. Жанкүйерлердің естелік үшін ұялы телефонға түсірген видеолары ғана. Бірақ олар сапасыз болғанына қарамастан көрілімі көп. Себебі концертке бара алмаған Димаштың тыңдармандары жаппай видеосын іздеді. Қолда бар материалға қанағаттанды. Оларда басқа амал болмады да.

Демек осыдан кейін «Димаш Құдайбергеннің Лондондағы концерті неліктен отандық телеарналарда тікелей эфирде көрсетілмеді?» деген заңды сұрақ туады. Оған дейін Димаш қатысқан «I am a singer» жобасын қазақ жұрты асыға күтті. Youtube-те видеоның жариялауын тағатсыздана күтті. Оған оның көрілімі дәлел бола алады. «Жобада айтқан әні жарияланды» деген хабар шыға салысымен халық жапатармағай оны көрді. Сол кезде де бірқатар азамат «I am a singer» жобасын неліктен отандық телеарнада көрсетпейді?» деп сауал жолдағаны белгілі. Алайда сол кезде де сұрақ жауапсыз қалды.  

Енді міне сол жағдай қайталанып отыр. Бұл жерде мәселе тереңірек емес пе, еді? Тек Қазақстан көлемінде  ғана емес, әлемге танылып келе жатқан бұлбұл әншінің Еуропадағы жеке концертін  Мәдениет және спорт министрлігі отандық телеарнадан тікелей эфирде көрсетсе, тыңдарман да риза, телеарнаға да жоғары рейтинг, министрлікке де үлкен абырой болушы еді. Хан да риза, қалың бұқара да риза. Алайда тағы да қайтадан «егер», «осылай болушы еді» деген тәтті қиялмен өмір сүріп келеміз. Нақты нәтиже жоқ.  

«Цифрлық Қазақстан» деп ұрандатамыз. Техника дамыған, технология мен ақпарат заманында Қазақстанның брэндіне айналған Димаш Құдайбергеннің концерті отандық телеарналарда тікелей эфирде көрсетілмегені ұят. Оған қаржы жетпеген шығар деп өзіңді жұбатайын десең, қазақтың тағы бір мақтанышы Геннадий Головкиннің жекпе-жегі отандық телеарналарда тікелей эфирде көрсетіледі емес пе?

Концерт өткен зал да тым кішкентай көрінді. Мамандардың айтуынша, Димаштың диапазоны кең, октавасы өте жоғары. Бір сарапшы 6 десе, енді бірі 5 екенін айтады. Димаштың дауысы опералық дауысқа  да келеді. Сондықтан, оның тар сахнада барын салып ән айтқаны концертке келген қауымға дұрыс жетті ме? Залдың акустикасы Димаштың дауысын табиғи, сол күйінде әдемі жеткізуіне сай келді ме? Тіпті мейрамханада ән айтып нәпақасын тауып жүрген әншілердің өзі акустикасы дұрыс емес ғимараттарда ән шырқамауға тырысады.

Санаулы сағатта өнерімен, бойындағы талантымен бүкіл әлемді сүйсіндірген Димаш Құдайберген Лондонда қазақтың қара домбырасын күмбірлетті. «Адай» күйін құйқылжыта тартып қазақтың ұлттық аспабы – домбыраның сазды үнімен шетелдіктерді тәнті етті. Қазақтың халық әні «Дайдидауын» шетелдіктерге жатқа айтқызды. Бірнеше сағат бойы  тік тұрып 29 әнді жанды дауыста шырқаған Димаш, концерттен түскен қаржыны жас таланттардың өркендеуіне құятын болды.

Енді Қазақстанды Димашымыз арқылы әлем тағы танитын болады. Тәуелсіздік күні жақындап келе жатқан тұста  Димаш Құдайбергенге  марапат берілмесе, ол енді елдігімізге сын.

Assem Almuhanbet

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір