• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 09:17:35
Алматы
+35°

11 Қаңтар, 2019 Айтты-ей, бауырың!

Бүгінгі биліктің бір мінезі — "тым далақпай"

Ал біздегі бейшара жағдайды қараңызшы! Біз түгілі шеттен келген жұмысшыларға дейін Қазақстанда қазақ тілін керек қылмайды. Бұл салаға реформа қажет!

Бір досымды іздеп Астанадағы ағылшын тілін оқытатын орталыққа бардым. Уақытынан бұрын барып 15-20 минуттай күтуге тура келді. Сол аралықта байқағаным тіл үйренемін деген жастар өте көп. Орташа есеппен айына 20-25 мың теңгеден төлейді. Бір жылдан астам уақыт үздіксіз қатысып жүргендер де бар. Жалпы жастардың шет тілін үйренуі қуантарлық жағдай.

Орталықтың ішінде отырып жасы 40-45 шамасындағы Ташкенттің өзбегімен таныстым. Қазақстанда төрт жылдан астам уақыт еңбек етіп жүр. Үй жөндеу жұмыстарын (евроремонт) жүргізеді екен. Әлгі өзбегіміз төрт жылда бір ауыз қазақша үйренбеген. Орысшасы жақсы. Қазақстанда орыс тілінің арқасында нан тауып жүр. Бірақ алдына қойған мақсаты — 1 жылда ағылшын тілін үйреніп АҚШ-қа кету. Сол үшін Астанада тапқан ақшасының бір бөлігі мен уақытын ағылшын тілін үйренуге жұмсауға бел буыпты.

Мені ойландыратыны мынау: Түркияда, АҚШ-та оқыдым. Ол жақта таксист болу үшін де, ремонт жасау үшін де түрік не ағылшын тілін білуің керек. Себебі қызмет барысында тапсырыс берушімен байланыс орнататын басқа тіл жоқ. Қаласаң да, қаламасаң да үйренесің. Өзің үшін үйренуге талпынасың. Қоғам сондай. Талап сондай. Әлемде адам құқығын қорғап, демократияны ту етіп жүрген ел — АҚШ. Бірақ дүниенің әр тарапынан қанша ұлт өкілі келсе де, Нью-Йоркте нан табу  үшін 4 жылда ағылшынша өзі-ақ сайрап шығады. Түркияда түрік тілінің қаншалықты маңызды екені айтпай-ақ түсінікті. Ол түгілі көрші Өзбекстанға барып дүкеншімен орысша сөйлессең, өзбекше жауап береді. Ташкентте болғанда басымнан өткен соң білемін...

Ал біздегі бейшара жағдайды қараңызшы! Біз түгілі шеттен келген жұмысшыларға дейін Қазақстанда қазақ тілін керек қылмай, бірнеше жыл жұмыс істеп, ақша тауып, Ташкентте қалған отбасына қаржы аударып, АҚШ-қа кету үшін Астанада ағылшын тілін оқып, қазақ тілін білмей-ақ Қазақстанда өздерін жайлы сезініп жүр. Шеттен келген жұмысшыларға да Қазақстанда нан табу үшін қазақ тілінің керегі жоқ болғаны ғой.

Негізі бізді басқарып отырған кешегі коммунистер тәрбиелеп өсірген бүгінгі биліктің бір мінезі — "тым далақпай". Коммунистер "Орыстың тілі — ұлы тіл" деп миларына жақсылап құйған болуы керек әлі күнге мемлекеттік тілді босағада ұстап келеді. Орыс тілі де, ағылшын тілі де керек. Үйренсе әр азаматтың өзіне жақсы. Бірақ, өзге тілді үйрену, шет тілді Қазақстанда қолдану қазақ тілінің есебінен жүргізілмеуі керек. Біздің "далақбайлар" соны түсінбей жүр ғой. Менің ойымша Қазақстанда тұратын барлық ұлт өкілдері бір тілде сөйлемей, мемлекеттік тіліміз өз шынайы мәртебесін алмай Қазақстан xалқы ешқашан біртұтас болмайды. Мен өз елімде, өзімнің ана тілімнің биікте болғанын қалаймын. Мұны іске асыра алмаған биліктің ел тізгінін ұстайтын уақыты да, сағаты да санаулы болатын шығар. Бұл салада реформа мен өзгерістің қажет екеннін уақыт өзі-ақ дәлелдеп келеді. Себебі шыдамның да шегі бар!

 Bauyrzhan Serikbayev-тың facebook-тағы парақшасынан

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір