• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 04:27:31
Алматы
+35°

20 Ақпан, 2019 Әдебиет

Біз өмір сүретін бұл әлем...

Екі түр, екі ажар, екі адам, Екі әлем секілді кереғар.

Бағыты - құзар шың, асқар тау,

Барады өрмелеп біреуі.

Өзгесі есі жоқ, дені сау,

Етектен тартқылап күледі.

 

Көре алмай өзгенің жеңісін,

Қызғаныш күйдіріп, жандырар.

Теріп жеп басқаның жемісін,

Қу, арам өз қарнын тойдырар.

 

Көзімен алдайды, арбайды,

Басқаның бағына таласып.

Дос-нәпсі қулықты қармайды,

Жетектеп барады қыр асып.

 

Кеткелі сыр қашан сезімнен,

Сүйеді бір-бірін ақша үшін.

Ғашығын жүрекпен сезінген,

Жоғалтқан махаббат өз күшін.

 

Ананың айтқанын – бос сөз, деп,

Өз «білем» дегенмен жүреді.

Әкенің қабағын – бос көз деп,

Ақылын аңғармай, күледі.

 

Бәрін де білердей оқымай,

Сатып ап диплом мәз болар.

Түк білмес үйренбей, тоқымай,

Ұрпақпен қайсыбір ел оңар?!

 

Табатын табысы арам құн,

Ішкені іріңдей, қу арақ.

Әкеге қалайша айтам сын,

Анасы болса, әне, лас, салақ.

 

Ұрпаққа кім айтар ақылды,

Жоқ болса сүйенер ағасы?!

Қаттырақ қыс-тағы тақымды,

Өмірді сүр... түскен бағасы...

 

Бәрін айт, мәні жоқ, бірін айт,

Тізілген «минус» көп, дегенмен.

Жүректің жағдайын біліп қайт,

Жылайды ол, көздерің күлгенмен.

 

Ал, мына әлемге зер салып,

Жүрекпен үңіліп қарашы?

Тағы бір қырын сен ал, танып,

Жақсы әлем осы деп санашы?!

 

Мейірім әр беріп жүзіне,

Алақан жылуы кетпеген.

Жылылық орнатар жүзіңе,

Жүректе көктемі көктеген.

 

Істері сай болып сөзіне,

Тұратын берік, нық уәдеде.

Сеніммен қарайтын көзіңе,

Жалындап тұратын әр кеуде.

 

Сезімді бағалап, сыйлайтын,

Ғашықтар толы әлем – бұл әлем.

Достарын, жаманға қимайтын,

Жақсылық күтетін тек сенен.

 

Ардақты ата-ана, көкелер,

Жақсы дос, адал жар, саналы ұл.

Бақытты болуға жетелер,

Әлемнің санаулы сыры бұл.

 

Ізденіп ілімді жан-жақтан,

Талпынған еңбек пен жеңіске!

Әр жанның көзінен сыр баққан,

Жібермес достарын еңіске!

 

Бүр жарған ағашқа сүйсініп,

Сипаған жетімнің басынан.

Сырыңды жанымен түйсініп,

Кетпеген қиын сәт қасыңнан.

 

Барына қанағат қылатын,

Бағасын білетін «жақұттың».

Бұл әлем жақсылар тұратын,

Мекені сияқты бақыттың.

 

Бұл әлем біз өмір сүретін,

Таразы секілді тең тартқан.

Бір жағы жақсылық сүйетін,

Бір жағы жамандық, мұң артқан.

 

Екі түр, екі ажар, екі адам,

Екі әлем секілді кереғар.

Осы бір екі әлем ішінен,

Адамның жанын кім көре алар?!...

 

Мақпал Сембай 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір