• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 11:37:35
Алматы
+35°

03 Қаңтар, 2019 Дәстүр

Бесік нағашыныкі емес, неге өз жұртыныкі болмайды?

Жаңа өмірге келген сәби, біздің түсінігімізше, алдымен өз жұртының перзенті. Сондықтан да ол осы әулеттің бесігінде тербелуі тиіс.

Нәресте дүниеге келгеннен кейін көп ұзатпай, бала қырқынан шығысымен-ақ ауыл-үйдің әйелдері шашуын, жол-жоралғысын ала келіп, баланы бесікке бөлейді. Бұл рәсім елге қадірлі, ұрпақ өсірген, қадірменді, жасы ұлғайған сол әулеттегі көпті көрген бір әйелге тапсырылады.

Есімде, жігіт шағымда анам шифоньер үстінде жабулы тұрған көне бесікті нұсқап: «Мына бесікте сенің әкең, атаң, өзің жатқансың. Енді менің немерем – сенің балаң жатса екен деп армандаймын» деген еді. Расымен де, алғашқы перзентім дүниеге келгенде анам атадан келе жатқан дәстүрді бұзбай, Ақботашымды дәл осы бесікке бөледі. Сол жолы сәби әже әлдиімен балбырап, тыныш әрі ұзақ ұйықтаған еді...

Кейін сол бесікті арқалап, Алматыға алып кеттік. Студенттік орта бесігімізді кезек-кезек тербетіп, ал курстас қыздарымыз бесік жырын сол бесіктің басында отырып ыңылдап үйренген еді...
Қазір бұл бесік көненің көзіндей болып, қара шаңырақта – әкемнің отанындағы інімнің үйінде тұр.
Жас нәрестенің өмірге келуі отбасы мүшелеріне, ағайын-туысқа, әсіресе, нағашы жұртына ерекше қуаныш сыйлайтыны рас. Сәби дүниеге келгенде ат жіберіп, алдымен нағашыдан сүйінші сұрайтыны содан. 

Дегенмен, мені осы кезге дейін бір сұрақ мазалаумен келеді. Ортаға ойласуға салғаным ғой, бәлкім, бірі болмаса, бірі біліп қалар деген үміт. Тіпті, үлкен қариялардан да мұның жайын сұрастырып байқадым. «Кейінгі үрдіс шығар...» дегеннен басқа мардымды жауап ала алмадым.

Дархан көңіл сыймай кең даласына,
Күтті ме, әлде, сағына әрі асыға.
Бесік алып ертерек қойыпты анам,
Баласының болашақ баласына... – деп жырлап еді бір ақын.

Енді ойласайық... Жаңа өмірге келген сәби, біздің түсінігімізше, алдымен өз жұртының перзенті. Сондықтан да ол осы әулеттің бесігінде тербелуі тиіс. "Ел боламын десең – бесігіңді түзе!" деген содан қалса керек. Дегенмен, кейінгі кезде нәрестемізді нағашы жұрты, құдамыз сыйға тартқан жаңа бесікте әлдилеп жүрміз. Кейбір көп әулетті үйдің «кладовкасында» келіндерінің артынан келген бесіктердің бір жылдан соң жап-жаңа күйінде қаз-қатар тізіліп тұратыны содан.

Білгіміз келгені – бесікті қыз төркінінің алып келуі қалай? Әлде, мұның біз білмейтін бір себебі, жөн-жоралғысы бар ма?

Бекжігіт Сердалы

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір