• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 14:12:07
+35°

20 Ақпан, 2019 NEWS

Бауыржан Байбек: Көлікті жарыса айдағысы келетіндер қаланың сыртына барыңдар

Бүгін Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек мегаполис халқының алдында есеп берді

Бүгін Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек мегаполис халқының алдында есеп берді, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі.

Әкімнің халық алдында есеп беру шарасы 3 мыңға жуық адам сыятын Республика алаңында өтті. Әкім өзінің баяндамасында жылдық қорытынды жасап, бірнеше мәселелерге тоқталып өтті. Солардың бірі – әл-Фараби көшесіндегі жылдамдықты сағатына 60 шақырымға дейін азайту мәселесі болды.

Қаланың жоғарғы бөлігінде орналасқан үлкен көшелердің бірінде қозғалыс жылдамдығын азайтуға байланысты біршама көлік жүргізушілері шағымдарын білдіріп, қайтадан жылдамдықты бұрынғы қалпына келтіруді талап еткен болатын. Мегаполис басшысының бұл шешіміне қарсы шыққандар да болды. Бауыржан Байбек бұл мәселеге қатысты тұрғындардың наразылығына жауап беріп, не себепті ондай шешім қабылдағанын түсіндірді.

«Әл-Фараби көшесі – көліктер жарысатын жол емес, қала ішіндегі трасса. Ол көшедегі жылдамдықты сағатына 60 шақырым етіп азайтқаннан кейін жол апаты 2,7-ге дейін төмендеген.

Бұрындары біреулер жылдамдықты асырып, тез жүрсе де, бар болғаны 2-3 минут қана үнемдейтін. Қазіргі таңда біз анализ жүргізіп жатырмыз, бәрі де бір қалыппен жүреді, жылдамдықты асырмайды, тоқтап қалмайды, қозғалыс әлдеқайда жылдам. Жүріп келіп, жіңішке жеріне келгенде бәрі тұрып қалмайды, бірқалыпты трафик сақталуда. Ал кептеліс уақытында орташа жылдамдық 23 шақырымға дейін төмендейді», - деді қала әкімі.

Оның айтуынша, Әл-Фараби көшесінде жылдамдықты азайту тек көлікті жоғары жылдамдықпен айдайтындарға ғана ыңғайсыздық тудырып отыр.

«Кім көлікті жарысып жоғары жылдамдықта айдағысы келеді солар қаланың сыртына барыңдар, Қапшағай тас жолы бар немесе басқа да трассалар көп. Бұған қарсы шыққандардың отбасында жол апатының құрбандары жоқ. Егер жақындарыңыздың бірі қандай да бір қайғылы жағдайға тап болғанда бұлай айтпас едіңіздер, біз үшін әрбір адамның өмірі маңызды. Жол апатының құрбандары – біреуінің ата-анасы, туысы, әпкесі, қарындасы, ал қарсылық білдіріп отырғандар үшін олар ешкім де емес. Бұл – өте үлкен трагедия. Адам өлімін азайту – бүгінде біздің басты мақсатымыз», - деді Бауыржан Байбек.

Айта кетейік, Алматы әкімі Бауыржан Байбектің бүгінгі халық алдында есеп беру жиынына Премьер-министрдің орынбасары Ерболат Досаев,  Парламент депутаттары мен министрлік өкілдері қатысты.

Ұсынған: Назерке Лабихан

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір