• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 14:31:16
Алматы
+35°

19 Қыркүйек, 2018 Сұхбат

"Бәсекелестікті сезсем, ерекше жігерлене түсемін"

Күні бойы қонақ іздеп, түнімен сценарий жазып, келесі күні ұйықтамай түсірілімге кірісіп кететін талай уақыт бастан өтті.

-Әсел, Сіз «Хабар» арнасындағы «Біз», «Орталық Хабар», «Жекпе-жек» «Бенефис-шоу», «Ана мен бала» сияқты ірі жобалардың жетекшісі, продюсерісіз. Ал осы арнадағы еңбек жолыңыз қалай басталып еді?

-Мен телевизия саласына студент кезімнен араластым. Ол кезде телеарна, телеконтент жайлы түсініктің өзі анағұрлым өзгеше болатын. Медиа кеңістікте телевизия аса доминантты рөлде болды. Мұнда бас сұғу да, өзіңді көрсету де оңай емес-тін. Десе де, журналистиканы оқыған көп жас маманның кәсіби жолдағы басты мақсаты камера алдында стенд-ап жасау, бағдарлама, жаңалық жүргізу болатын. Ал менің телеарнаға келудегі жоспарым ол болған жоқ.  Әу бастан телеөнімді әзірлеу, жарыққа шығару,  яғни, «ішкі кухня» жағы көбірек қызықтыратын.

Әсел Тұрсынғазина

Еңбек жолымды  редактор-сценарист ретінде бастадым. Ал 2007 жылы еліміздегі басты арнаның бірі «Хабарға» келіп, Серік аға Абас-шах басқарған ұжымға қосылдым. Кіл талантты жастардан жасақталған  сол құрам, қазақ телевизиясында айтарлықтай дүмпу жасады десе болады. Мысалы,  бүгінгі белді арналардың негізгі көрерменін жинап отырған түрлі студиялық ток-шоулардың алғашқы қарлығашы «Кеш қалмаңыз», «Таң қалмаңыз», «Дудар-айлар»,  байыпты сараптама мен агрессиялық монтаж арқылы күнделікті саяси-әлеуметтік, өзекті мәселелерді жаңа қырынан көпшілікке көрсете алған «Таразы», ақпараттық-сараптамалық «Арнайы репортаж», әскери-патриоттық «Айбын» бағдарламасы – сол кездегі жаңашыл, креатив жастардан құралған команданың ерен еңбегі дер едім. Мен де сол ортада шыңдалып, визуалды әлемнің сан түрлі құпияларымен таныстым, үлкен тәжірибе жинап, телевизияның қыр-сырын меңгеруге тырыстым.

Әсел Тұрсынғазина

-Астанадағы қызметіңізді «Сонымен, солай дейік...» ток-шоуынан бастапсыз. Бұл жоба көптеген жас журналистің бағын ашты, үлкен журналистикаға жол ашты. Одан бері зымырап қанша жыл өтті. Сол күндерге қайта оралсақ... «Сонымен, солай» дегеніміз «солай» болып шықты ма?

-Иә, бір топ жас арманымызды арқалап Астанаға келдік.  Ол уақытта мұнда жаңалықтар, шағын ақпараттық хабарлар болмаса, үлкен жобалар жоқтың қасы еді. Бұл барлық телеарналарға қатысты жағдай болатын. Серік аға сол олқылықтың орнын толтыру, бұрын-соңды болмаған контент жасау мақсатында үлкен тәуекелге барды. Өте аз шығармашылық топ, шектеулі техникалық ресурспен «Сонымен, солай дейік» деп аталатын Қазақстандағы алғашқы күнделікті әлеуметтік-қоғамдық ток-шоудың тұсауын кесті. Қиындықтар болды. Бірақ,  жоба аяққа тұрды.

Астанадағы кейіпкерлер мен  сарапшылар базасы осы ток-шоудың аясында қалыптасты. Бұны айтып отырған себебім, Астанадағы саяси элита мен зиялы қауым үшін алғашқы телевизиялық алаң осы «Сонымен, солай дейік» болды. Қызу пікірталас, түрлі кейіпкер, түрлі тағдырлар да осы жерде тоғысып жатты.

Әсел Тұрсынғазина

Күні бойы қонақ іздеп, түнімен сценарий жазып, келесі күні ұйықтамай түсірілімге кірісіп кететін талай уақыт бастан өтті.

Енді сіз сұрағандай оның  «солай» болып шығу-шықпауын бүгінгі көптеген ток-шоуларға, осы жанрдың трендке айналғанына қарап, баға беруге болатын шығар.   

-Кішкентайыңызда қандай едіңіз? Ерке болдыңыз ба, жуас па? Журналист боламын деген арман қалай және қашан дүниеге келді?

-Негізі, өте ерке, бұзық болғанмын. Оны бәрі біледі, әлі күнге еске алатындар да жоқ емес. Қайдан шыққан ой екенін білмеймін, шамамен 5-6 сыныптан бастап «журналист боламын» дедім. Неден басталғаны есімде жоқ, есейе келе, осы мамандыққа деген қызығушылығым арта түсті.

-Телевизияға, журналистикаға өкпелеген, кеткіңіз келген кезіңіз болып па еді?

-Журналистикаға келгеніме өкінген кездер болды. Студент шақта.  Небір мықты журналист, репортер,  қаламгерлерді көргенде, өзіме деген сенімсіздік болды. Бірақ, осы саладан еш кете алмайтынымды, маған басқа сала мүлде қызық емес екенін білдім. Сондықтан өзімді қамшылауға, еңбектенуге, өзімді жан-жақты сынауға тырыстым. Телевизия сан қырлы сала, іздеген, талпынған адам бұл жерден өз орнын табады. Мен де түрлі жанрда, түрлі бағытта жұмыс істеп көрдім. Адам өзін-өзі үнемі жетілдіріп отыру керек екенін түсіндім. Қазір еш өкінбеймін, өкпелемеймін. Қайта, телевизия деген тылсым әлемнің бір бөлшегіне айналып, қазанында қайнап, небір телевизия майталмандарымен бірге қызметтес болғаным үшін өзімді бақытты санаймын.

-«Адам жұмыс орнын әр 7 жыл сайын ауыстырып тұруы керек» деген ой-пікірді көзім шалған. «Хабарда» қызмет етіп жүргеніңізге биыл қанша жыл? Болашағыңызды «Хабармен» байланыстырасыз ба?

-Мен бұл пікірмен келіспеймін.  Адам қандай да бір салада тұрақты болса ғана сол саланың білгір маманына айналады. Мысалы, Жапон халқын алып қарайық, оларда еңбек саласында династиялық дәстүр жақсы сақталған. Атасы етік сүрткен, әкесі етік тіккен, баласы етік зауытын салып жатыр деген секілді. Өзіміздің түрік бауырларымызға қарайықшы. Ыстамбулда болсаңыз, білесіз, қарапайым сауда орны, мейрамханалардың маңдайшасында «бұл менің бабамнан қалған кәсіп» деген жазуды байқайсыз. Одан бөлек, егер сіз өміріңізде өлшеусіз маңызға ие сүйікті саланы, жақын туыстай болып кеткен ұжымды, жанашыр басшы мен  тап өзіңдей ойлайтын мемлекетшіл ортаны  тапқан болсаңыз, әлгі сіз айтқан «әр жеті жылда орын ауыстыру керек» дейтін ұғым өзінен өзі күшін жояды. Бірақ бұл – адам өзін-өзі жетілдірмесін, айналамен араласпасын,  тоқтап қалсын деген сөз емес. Қайта бір жерде тұрақты жұмыс істеген адам ұдайы ізденіс үстінде жүруі керек. Әсіресе, телеарна секілді сәт сайын құбылатын әлемде бәсеке бір минутқа да тынбақ емес. Сондықтан, мен қызмет ететін ортада түрлі жаңалыққа, креатив пен ізденістерге жол да ашық, мүмкіндік те мол.

Әсел Тұрсынғазина

«Хабарда» істегеніме 10 жыл болды.  Әзірге кететін ойым жоқ. Болашақты уақыт көрсетер. 

-Тележурналистердің еңбегі ұшан-теңіз, бірақ, көк жәшікке телміретін көрермендер саны азайып барады. Бәрі керегін ғаламтордан іздейді. Энергиямды босқа шығындап жүрмін деп ойламайсыз ба?

-Бізге бейімделу керек. «бізге» дегенде, мен жалпы еліміздегі телевизия саласын айтып отырмын. Біз қаласақ та, қаламасақ та әлемдік үрдістер, техникалық мүмкіндіктер, біз білетін телевизиялық өнімдерді тарату-қабылдау процесін өзгеріске ұшыратты. Енді ұшырата береді деп ойлаймын. Мысалы, батыс елдерінде кең таралған интернет арналар, кабельді телеарналар, сол HBO, Netflix, Amazon  секілді арналар бізде де ашылуы керек. Меніңше, көрермен визуалды өнімді пайдалануды тоқтатпайды. Бірақ сол өнімнің пішіні мен беру формасына қатысты бірқатар өзгерістер орын алады. Орын алып та жатыр. Дегенмен интернеттің өзі телеөнімдерді азық қылып отыр. Яғни, тарату алаңы өзгергенімен, өнім, оның жасалу процесі, ондағы кадрлар өз маңызын жойған жоқ қой? Демек, телесценарист, режиссер, продюсер, жүргізуші секілді өнімді жасаушыларға сұраныс та, талап та төмендемейді.  Ендеше, қайта бізге көбірек энергия керек.

Әсел Тұрсынғазина

Мен оны түрлі шетелдік өнімдерді зерттеу арқылы, трендтермен танысу арқылы жинауға тырысамын. Телеәлем қазір үлкен революция алдында тұр. Ол контент, техникалық талап, атмосфера түзу секілді бірқатар құбылыстарды қамтиды. Мен секілді телевизия саласының мамандары осындай жаңа үрдістер дендеп келе жатқан кезеңде үнемі тонуста жүруі керек деп ойлаймын.

-Доллардың өсуі рухани кедейленуімізге тікелей әсер ететін сияқты. Қалтасы тесік, уайым-қайғысы көп адам шығармашылыққа жақын жүретін сияқты еді, кезінде. Ал, бүгінде қылқалам орнына пышақ, Мұқағалидың поэзия жинағының орнына тапанша ұстап жүреді жастар. Біз осы қандай заманда өмір сүрудеміз? Неден қатты қорқасыз? Фобияларыңыз бар ма?

-Меніңше, рухани кедейлену яки кемелденудің доллардың өсіп-түсуіне еш қатысы жоқ. Адамдардың рухани деңгейі өз қалпында және әр адам өз өресі, ынта-талабына сай дамуда.  Мәселе қазіргі ақпараттық саланың бағытында. Лентаға шыққан он жаңалықтың тоғызы – негатив. Яғни, бізге көбіне тек жаман дүниені қалқып ұсынып отыр. Айнала атыс-шабыс, зорлық-зомбылық, өсек-аяңға толып кеткен сиякты. Әсіресе, ғаламторда ақпараттық хаос - бейберекетсіздік орын алып отырғаны белгілі. Осының бәрін көрген жастар айналаның бәрін жау көріп, тапанша мен пышаққа ұмтылмай, қайтеді?! 

Әсел Тұрсынғазина

Сондықтан қоғамға, жастарға мотивация, стимул, оптимизм беретін дүниелерді көбірек насихаттап,  пайдалы дүниеге қызықтыра алу бүгінде маңызды мәселеге айналғаны анық.  Фобия деуге болмас.  Пенде болған соң, Алладан қорқамын. Азамат ретінде еліміздің, ұлтымыздың болашағы, біртұтастығы үшін алаңдаймын. Бізден кейінгі ұрпақ та осындай тәуелсіз, тыныш елде өмір сүрсе деймін. Адам ретінде арсыздықтан, абыройсыздықтан қорқамын.

-«Лентаға шыққан он жаңалықтың тоғызы- негатив» дедіңіз. Сайттың журналисі болғандықтан, бұл сөзіңізді растаймын. Және осындай дүниелер көп оқылатындығын да айтқым келеді. Айтыңызшы, өзіңіз ақпараттық хаостан қалай қорғанасыз?

-Шыны керек, бұдан қорғанатындай нақты бір жүйе жоқ. Қажетсіз ақпаратты оқымау, айналып өту, қитұрқы тақырыптың «қармағына» түсіп қалмау – әр оқырманның өз деңгейі, мәдениетіне байланысты. Мен де пайдасыз жаңалықты ашпауға тырысамын. Жалпы, бұл да бір уақытша кезең ғой. Түрлі негатив, өсек-аяң арқылы оқырманды ұзақ ұстау мүмкін емес. Енді аз уақытта біздің ақпараттық бағыт басқа деңгейге өтеді деп ойлаймын.

-Мотивацияға мұқтаж адамсыз ба? Қандай дүниелерден өзіңізге күш-қуат жинайсыз?

Алдымен жақындарым маған мотивация, солар үшін алға ұмтыламын, жетістіктерге жетіп, барынша көмек берсем деймін. Сосын бәсекелестікті сезінсем, сөз естісем, сын естісем, ерекше жігерленіп, бар күшімді бойыма жинап, бар қабілетімді көрсетуге тырысатыным бар.

-Сын көтере аласыз ба? Әсіресе, телеарналарды көп сынайды ғой...

Сын кез келген адамға ауыр тиеді. Оның үстіне, бізде әділ, кәсіби сын өте аз екені рас. Көбіне жеке қарым-қатынас, жеке көзқарас, өкпе-наз араласып кетеді. Ал орынды, шынайы сын айтылса, әрине, қабылдаймын, іштей ой түйемін, қорытынды шығаруға тырысамын. Бірақ, сынға жауап беріп, айтысып, қарсы шыққанды ұнатпаймын. Арасында болмаса, көбіне үндемеймін. Бірақ, үндемегенім, келіскенім деген де сөз емес. Сосын сыннан қорықпау керек. Мүлде қаралмаған бағдарлама ғана ешқандай эмоция тудырмайды. Жұрт көрген, назар аударған дүниесін ғана талқылайды емес пе?! 

-Журналист миллионер бола алады ма немесе журналистің айлығы қаншалықты мардымды?

Журналистің байып кетуі сирек жағдай ғой. Өзім басым оған сене қоймаймын. Шерхан Мұртаза айтқандай, «журналистің арқалағаны –алтын, жегені - жантақ» емес пе?!  Қазіргі журналистер де бірнеше жұмысты қатар алып жүреді, қосымша сценарий жазады, материал дайындайды, әйтеуір нәпақасын табуға тырысады. Ал тележүргізушілердің жөні бөлек. Олар актер, асаба, шоумен болу арқылы да табысты болуы мүмкін. Бізге қарағанда, оларда мүмкіндік көбірек қой.

Әсел Тұрсынғазина

Әлемге танымал Опра Уинфри, Ларри Кинг, Гленн Бек, Джимми Киммел сияқты тележүргізушілер  немесе ресейлік Андрей Малахов, Ольга Бузова, Ксения Бородина, Ксения Собчак, Тина Канделаки сияқты миллионер-телемамандар да сол жан-жақты қызметінің арқасында табысты болып отыр.   Мұндай ауқатты мамандар біздің елімізде де жетерлік.

Бүгінгі таңда журналистер көбіне айлыққа емес, қаламақыға жұмыс жасайды. Яғни, қанша жұмыс жасасақ, сонша айлық аламыз. Кейде көп, кейде аз болуы мүмкін. Бірақ, шығармашылықтың адамы үшін дәл осы жүйе дұрыс деп ойлаймын. Себебі, ақша – басты мотивацияның бірі, еңбекқорлыққа, ізденіске, кәсібилікке ұмтылдыратын маңызды фактор.

 -Болашақта тренер-мотиватор ретінде өзіңізді көре аламыз ба?  Журналистиканы кәсіпке айналдырып жүрген әріптес-достарыңыз жайлы не айтасыз?

-Журналистиканың өзі  кәсіп қой. Ал кез келген кәсіптің мақсаты – табыс. Сондықтан өзін түрлі қырынан көрсетіп, блогер, тренер, ұйымдастырушы ретінде нәпақасын тауып жүрген барлық әріптес-достарымды қолдаймын.

Ал өзім тренер-мотиватор болуға әлі дайын емеспін. Ол – көп уақытты, ізденісті талап ететін жауапты міндет.  Жалпы, қызықты дүние екені рас. 

-Мықты журналист боламын дегендерге өз өмірлік тәжірибеңізге сүйене отырып, бағыт-бағдар болар ақыл-кеңесіңізді айтсаңыз. Тренинг-семинар ұйымдастырып, мыңдаған аудитория жинамас бұрын «Қамшы» оқырмандары өзіңізден осындай бұйымтай сұрайды.

-Болашақта «мыңдаған аудитория жинаймын» деп үміттенейік. Ал әзірше айтарым, студент кезде көп оқу, жан-жақты іздену керек, әрине. Ал жұмысқа келгенде, талмай еңбек ету, қиындықтан қорықпау, қашпау және кез келген жағдайда адал болу. Бір қарағанда, қарапайым дүние, бірақ, ең бастысы осылар деп ойлаймын. Сосын өз жұмысын ерекше жақсы көретін, жан-тәнімен кірісіп жасайтын адам қашан да мақсатына жететіні белгілі ғой.

-Алдыңызға келген студент «журналист бола аламын ба, білмеймін. Менен де мықтылар бар сияқты» деп күмәнданып тұрса, не дейсіз, қандай күй кешесіз?

-Мықтылар, әрине, бар. Бірақ,  «Боламын деген баланың, бетін қақпа, белін бу» деген. Кез келген адам қалаған мамандығына баруы тиіс. Міндетті түрде. Барсын, көрсін, өзін сынасын. Бұл сала өзі-ақ адамды шыңдайды. Әлсіз болуға жол бермейді және әр адамға өз орнын тауып береді. 

-Кімді ұстаз тұтасыз? Кімді шәкіртім дей аласыз?

-Ұстаздарым көп. Дегенмен маған толық сенім артып, маман ретінде өзімді сынауға, шыңдауға мүмкіндік берген Ринат Думанұлы Кертаев. Бойымдағы аз-маз қабілетті бағалап, ауқымды әлеуметтік, қоғамдық-саяси, ақпараттық-танымдық, ойын-сауықтық жобаларға салды, бағыт-бағдар берді. Өзгермейтін бір заңдылық бар. Адам мойнына жауапкершілік түскен кезде, оның басқа қырлары ашылады. Яғни, қандай да бір істі бастағанда қалт-құлт етіп, қателіктер жасайды, бірақ жүре бара қабілеті ашылады, ысылады, іске бейімделеді. Осындай жастарға жауапкершілік артатын басшы бар, артпайтыны бар. Меніңше, Ринат Думанұлы жастарға жауапкершілік арта алатын және істете алатын білгір басшы.

Шәкіртім деп біреуді айтуға әлі ерте деп ойлаймын. Алдыңғы буыннан үйренген, көрген-білгенімізді өзімізден кейінгі жастарға жеткізуге  барынша тырысамыз.

-Ал жаңа маусымда «Хабарда» қандай жаңалық бар?

- «Хабарда» сапалы өнімдер өте көп, оны көзі қарақты көрермен де, кәсіби білікті әріптестер де жақсы біледі. Жаңа басшымыз Алан Ғазизұлы Әжібаев мырза келгелі бірқатар жаңа жобалар ашылды. Мысалы, «Онлайн» қоғамдық-саяси бағдарламасы, «Зерде» және «Миллион кімге бұйырады?» интеллектуалдық ойындары жарыққа шықты, жуырда «Топжарған» вокалдық шоуы көрерменге жол тартады. Тағы бір жақсы жаңалық, Зейін Әліпбек, Айгүл Мүкей, Досымбек Қонысбекұлы, Марат Мұхамедсалиев сынды майталман мамандар эфирге қайта оралды.

-Дәл қазір өзіңіз жетекшілік етіп отырған «Ана мен бала» бағдарламасы ана мен баланың жай-күйін қаншалықты қамтып отыр?

Қазір әйелдерге арналған хабарлар көп қой, ал нақты ата-аналарға бағытталған, бала тәрбиесі мен күтімін жан-жақты қамтитын дәл осындай ток-шоу жалғыз десем артық айтқандық емес шығар. Өздеріңіз білесіздер, «Хабардан» шығатын контенттің дені өзіміздің авторлық өнім. Бұл да сондай төл жоба.

Әсел Тұрсынғазина

Хабарымызға мықты педиатрларды, ұстаздарды, психологтар мен дәрігерлерді шақырып, түрлі тақырыпта ақпарат, пайдалы кеңес береміз. Және оны құр сөзбен айтып қоймай, түрлі әдістер, реквизиттер арқылы көрсетіп, барынша түсінікті түрде жеткізуге тырысамыз.  Сондай-ақ, ұлттық тәрбие, дәстүр мәселесін де жан-жақты қамтып, осы бағытта еңбек етіп жүрген азаматтарды жиі шақырамыз. Қазақтың мақтанышына айналған ірі тұлғалар, батыр ұл, үлгілі отбасылар келіп, өмірлік тәжірибелері, бала тәрбиесіндегі құнды кеңестерімен бөліседі. Еліміздегі талантты, ерекше балалаларды көрсетуге жіті назар аударамыз. Әртүрлі мәселемен келген ата-аналардың мұң-мұқтажын қоғамға жеткізіп, мүмкіндігінше көмек те бердік.  Түрлі сайыстар ұйымдастыруға тырысамыз.

Әсел Тұрсынғазина

Мұның барлығы жас ата-аналарға, жастар мен жасөспірімдерге, қыз-келіншектерге  барынша пайдалы, сапалы өнім ұсыну мақсатында жасалып жатыр.  Эфирден тек шоу мен сенсация емес, пайдалы дүние іздеген адамға берері бар танымдық жоба деп ойлаймын. 

Жаңа маусымда бағдарламаның аясы кеңейді, студияға көрермендер қосылды. Енді сұрақ-жауап, пікір-таласқа да орын бар.

 

 

 

 

Zhazira Baidaly

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір