• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Сәуір, 23:09:39
Алматы
+35°

01 Наурыз, 2018 Сегіз өрім

Бас қаланың байырғы тұрғындары да баспанаға жарымай отыр

Астанада кірпіштері үгітіліп, қауқиған қабырғасы қақыраған апатты жағдайдағы 228 үй бар

Қазақ үшін заман зары – баспана. Қарапайым бұқараның: «Айлығым шайлығыма жетпейді» деген жаттанды сөзі – пәтерақыға «жылап кеткен» ақшасынан қалған жарытымсыз тиын-тебенін тілге тиек еткендегі түрі. Біздің мәймөңкешіл әріптестердің «мемлекет тарапынан анаған анадай көмек көрсетіліп, мынаған мынадай жағдай жасалды» деген сарындағы сандырағы ызалы жұрттың санасын сансыратып тастады.

Шындап келгенде, әлеуметтік жағдай жасау дегеніміз – жастар мен жасамыстарға қолжетімді пәтер беру. Бітті. Ал әлгіндей «зейнақыны көтерді, мүгедекке арба сыйлады, айлыққа шайлық қосты» шеруіндегі «жанашырлықтар» – қаңғыбастың иығына бүтін шапан жапқандай ғана әсері бар алдамшы әрекет. Зейнетақы мен жалақыға қосылған бәлен теңгені күрт көтеріліп кете қоятын су, жылу, жарық, қоқыс, газ, телефон, интернет және тұтынар тауардың түген бағасы арқылы сыпырып алатыны бесенеден белгілі. Бірақ, басында баспанасы бар адамға басқа тұрмыстық тауқымет түк те емес. Жемқор басшыларының жемсауынан артылған адал нәпақасы жұмырына жұқ бола алады. Ал шын мұқтаж жандарды баспанамен қамтамасыз ету бас қаладан басталсын десек, мына мәселе тағы бас қылтитады:

үй

Астанада кірпіштері үгітіліп, қауқиған қабырғасы қақыраған апатты жағдайдағы 228 үй бар. Өткен ғасырдың 50-жылдары құрылысшыларға арнап уақытша салынса да, сол жарбиған жұтаң қалпында әлі тұр (кейбіреуі былтыр ғана сүріле бастады). Жарығы жиі сөніп, суы өшіп, байырғы тұрғындарды әбден әбігер етуде. Қыста кәріз желілері қатып қала беретіндіктен, жарытып тұрған жылуы да жоқ. Мұндай коммуналдық мәселесі өз алдына, «тарихи баспаналар» енді елеусіз жағдайға шыдамай, тұтастай омырылып тынады-ау!..

Тұрғындардың өздерінше жөндеу жұмыстарын жасап қойғандары еш пайда бермей келеді. Өйткені, ол үйлер қайта қалпына келтіруге мүлде жарамсыз. Жергілікті басшылардың «түгелдей сүріп тастап, орнына жаңадан салынып жатқан үйлерден береміз» дегендеріне 20 жылға жуықтады. Ал ондағы отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету үшін қалалық бюджеттен шамамен 40 миллиард теңге қаражат шығады екен. Әкімдік уәжіне сенсек, әзір ондай «батпан құйрық» болмай жатқан көрінеді. Сөйтіп, «Тайбурылдың шапқандағы тұяғының орны ошақтай болып омырылып қалады» деген ертегіге сенген шақшадай басымыздың мына жаңа заманның жаңа ертегісін әңкі-тәңкі қабылдап, шарадай болып отырған жайы бар.

Телеарнадан тәуір көрінетін жерлеріне қарап, былайғы бұқара «әлемге әйгілі елордамыз шынымен еңселі екен ғой» деп ойлайды. Сол жағалау солай сияқты болғанмен, оң жағалаудың оңып тұрғаны шамалы. Қаланың еңкіш тартқан бөлігі елу пайызды құрайды дегеніңе көгілдір экран әзірге сендіре қоймас. Балғымбек Имашевтің кезекті бір айтыста айтқанындай, «байлар үшін салынса левый берег, көп балалы қазаққа жер үй керек». Ал мыжырайған қос қабатты үйлер мен ішкі қабырғасы жүнтіктеліп, көгеріп кеткен жер үйдегілеріне бір бөлмелі болса да бір-бір жаңа пәтер қажет. Енді сәл шыдаса, ол да болып қалуы ықтимал екен. Қала билігі биыл Астанада көппәтерлі 150 ескі үйдің бұзылатынын уәде етіп отыр. Оның орнына 600 мың шаршы метр жаңа үйлер салу жоспарланған көрінеді. Бұл туралы жергілікті мәслихаттың алтыншы шақырылымы сессиясында елорда әкімі Әсет Исешекевтің өзі айтты.

Еске сала кетсек, Елбасының еліміздегі шағын қалаларды дамытуға баса назар аудару керектігін айтып, Үкіметке оларды дамыту бағдарламасын жасауды тапсырғаны аян. Қазақстанда қазір 87 шағын қала бар. Олардың 41-і аудандардың әкімшілік орталығы санатында. Қалған 46-сы ғана аудан орталықтарына жатпайды. Бұлардың ішіндегі өндіріспен айналысатыны – 14 қала. Ал 19 шағын қала – ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдейтіндер. Электр қуатын өндіретін 2, ғылыми-тәжірибелік орталық саналатын 3, сондай-ақ, емдеу-сауықтыру орталықтары қызметін атқаратын 3 қала бар. Алдағы уақытта бұл қалалардың коммуналдық салаларын дамытуға мемлекет қазынасынан 6 миллиард теңге бөлінбек.

P.S. Салыстырмалы түрде қарасақ, Астана орталығындағы 228 жаман үйде тұратындарға жаңа баспана беру үшін тек қала қазынасының өзінен 40 миллиард (!) теңгедей қаржы қажет болса, еліміздегі 87 шағын қалаға білдей бір мемлекеттің бюджетінен 6-ақ миллиард теңге аударылмақ! Неге десеңіз, бұл – бірінші кезекте баспана мәселесі шешілген халықтың жоғары жақтағы дорбаға қарап ауыз ашпайтынының дәлелі. Өйткені, кеше «өкімет өлтірмейді» дейтұғын қазаққа бүгінгі өкіметің «өз күніңді өзің көр» деп отыр. Ал өз еркімен сүйек-саяқ іздеп кететін итке де бір күрке керек қой, адам түгіл!..

 

Еркеғали БОЛАТҰЛЫ

Erkegali Bolatuly

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір