• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 21:21:47
Алматы
+35°

19 Қазан, 2017 Әлеумет

«Бақытты болудан қорқамын...»

Бір ғана тілегім бар, өзіме мәлім...

Менен асқан бақытты жан жоқтай еді. Менің ғана өмірім қуанышты сәттерге тұнып тұр. Аспандағы күн мен үшін ғана сәулесін төгіп тұрғандай. Табиғаттың сұлулығы тек маған арналғандай. Ол адам тек мен үшін жаралғандай.

Көктөбенің кешінде келе жатырмыз адымдап. Діріл қаққан саусақтарымды қатты қысты да, «Қобалжыма» деп үнсіз ғана жымиып қойды. Ұяң екенімді жақсы білетін. Жүзіне тік қарай алмайтын едім. Сол үшін де бақытты болдым. Менің жанымды, ішкі сырымды одан басқа ешкім түсіне алмайтындай... Маған Алланың жіберген сыйы ғой бұл дедім. Алла адамды жаратарда оған жұп ретінде екінші жартысын бірге жаратады екен. Міне, менің жұбым – осы дедім. Бақытты екенімді дүйім жұртқа жайғым келетін. Мен сүйетін, мені сүйетін жанмен қол ұстасып бірге келе жатқанымды бар әлемге көрсеткім келетін.

Телефоным шыр етті:

 –Алло!, - дедім қобалжыған үнмен.

–Қалайсың, алтыным? Бүгін боссың ба?

«Бос болмасам да, сен үшін қалай да уақыт табамын» деп айтқым келгені...

–Иә, - дедім жай ғана.

–Онда дайын бол, кешкі сағат 8-де алып кетемін.

Жүрегімнің дүрсіл қаққаны-ай. Әр кездесуімізде алғаш рет кездесіп жатқандай қатты қобалжитынмын. Қобалжыған сәттерімде алақаным суланып кететін әдетім бар. Оның алтыны болғаныма 2 ай өтті. Әлі де суланып тұр құрғыр алақаным. Ол мұны да жақсы білетін. Алайда мән бермегендей, байқамағандай күй танытып жүрді. Сол үшін оған шексіз риза едім.

Кешкі сағат 20:00. Әдемі көйлек, жұпар иіссу, опа-далап, дап-дайын отырған қыз... Телефоным тағы да шыр ете түсті. Келіп тұр екен. Қобалжығаннан жүрегім алқынып тұр... «Жоқ, тоқта, қазір шыға салсам, менімен кездесуге асық екен деп ойлап қалады, өзге қыздар секілді біраз күттірейін» дедім де 20 минуттай отырдым терезеге үңіліп. Бірақ, шығуға асықпын. Құдайым-ау, шыға салсам несі бар екен десеңші? Қыз бала бірінші кезекте ар-намысын ойлау керек, ешқашан бірінші қадам жасамау керек, жігітке сезімін білдірмеу керек деген әпке-жеңгелеріміздің сөзін әбден сіңіріп өстік қой құлаққа. Нем бар еді соны естіп? 20 минутым 20 сағаттай созылып кетті.

Міне, уақыт келді дегенде әдеттегі ұяң қалпыммен есік алдына шықтым. Қолына гүл шоқтарын ұстаған мен үшін мінсіз жігіт мені тосып тұр. Сұңғақ бойлы, спортпен айналысатындықтан денесі де шымыр, түр-әлпеті келіскен, дәл менің идеалымдағы жігіт. Оның мінсіздігін түр-әлпеті ғана айшықтап тұрған жоқ, нағыз ер-жігітке тән мінезділігіне тәнті болатыным.Сабырлы, салмақты, ұстамды, ақылды, саналы, ең бастысы өзгеге деген сый-құрметі мен кішіпейілділігі шексіз еді.  Дәл сондай жігіт мені күтіп тұр. Иә, мені... Соны сезінудің өзі бір ғанибет, бір ғажап!

Әдеттегідей қол ұстасқан күйі Алматының көшелерін кезіп келе жатырмыз. Жаяулатып бірнеше шақырым жүрген екенбіз. Алматының көшелері, ағаштары, таулары бізге қызығып та, қызғанып та қарап тұрғандай. Оның жанында Алматыны жаяу аралауға дайынмын. Ең бастысы жанымда болса екен, қолымды қысып жанымда жүрсе екен...

Шаршағанымды үйге келгенде ғана байқадым. Аяқтарымнан күш кетіп, әлсіреп қалған екенмін. Оның жанында жүргенде шаршағанымды байқамаппын, сол үшін де бақыттымын.

Осы қалпында 4 жыл зымырап өте шықты. Сол сезім, сол Алматы, сол көше, сол талдар, сол тау... Тек өзгерген екеуміздің арманымыз, мақсатымыз. Себебі арман-мақсатымыз бір арнаға ойысты, екі жарты бір бүтін болуға асықпыз. Соны сезінудің өзі бір ғанибет, бір ғажап!

Ал дәл қазір неге мазасызбын? Жүрегім неге толқып тұр? Белгісіз бір үрей пайда болыпты. «Неге өзгелеріне бұйырмаған бақыт маған бұйырды?» деген ой мазалайды. Ерекше бақытты болғаным үшін бойымды алғаш рет қорқыныш сезімі ұялады. Түсініксіз сезім... 

Бір ғана тілегім бар, өзіме мәлім...

 Г. Ж.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір