• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 05:16:37
Алматы
+35°

15 Қаңтар, 2019 Оқиғалар

Әжесі 7 жыл құлдықта ұстаған 22 жастағы жетім: Білім алып, үйленгім келеді

Қазір мыңғырған малмен өмірін өткізген жас жігіт әпкесін паналап отыр.

Өз туысынан зәбір көрген семейлік жетім жігіт мал соңына салынып, одан қалса өзгелерге жалшылыққа жіберілген. Бала кезінде "ақыл-есі дұрыс емес" деп танылған жарымжан балаға апасы қамқорлық жасаудың орнына, қорлық көрсетіпті. Қазір мыңғырған малмен өмірін өткізген жас жігіт әпкесін паналап отыр. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлады.

Есенбек Рахметов ата-анасынан ерте айрылып, 15 жасында жетім қалған. Оны Қайнар ауылындағы нағашы апасы асырап алыпты. Алайда, алғашында "еш жамандық көрмейсің" деп уәдені үйіп-төккен туысы баланы лезде аурулар қатарына қосып, анықтама жасатыпты. Осылайша, аяқ асты есі дұрыс еместер қатарына қосылған бозбала қыстақта мал бағып, малайдың  қамытын арқалаған. 

“Қашқанда Ежік апам өзі демалысқа жібермеді. Мамырдан бастап өзім хабарластым талай. Бірақ жібермеді. 4-5 ай өтті, үндеген жоқпын. Сонымен кетуге тура келді. Демалысқа жібермесе кім шыдайды оған 1 жыл? 280 мыңды ағама қайтадан қайтар қарызыңды жауып берем. Мына апам ақшамды өтеп берсе болды”, – дейді құлдықта болған жігіт Есенбек Рахметов.

Есенбектің сөзінше мал бағумен бар уақыты өтсе де, оған берілетін тиын-тебенді нағашы апасы алып жүрген. Тіпті үстіне киер жөні түзу киімі жоқ екенін айтады. Былтыр 2 ірі қараны ұрлатып, қожалыққа 280 мың теңге қарыз болып қалған. Ал өзге қыстақтың адамдары талап етіп келгенде, апасы жетім жігіттің өзін саудалаған. "Малдың құнын осының өзін жұмсап өндіріңдер" деген көрінеді. Алайда жалшылықтан жауыр болған Есенбек  жақындарына қашып құтылыпты. Бірақ, нағашы апайы "мен жақсылықтан басқа жасағаным жоқ" деп азар да безер болды.

"Өзімнің туыстық парызымды өтеп отырмын. Басқа ешқандай ниетім жоқ. Қайта бұларды өмірге талпындырып, көзін ашып отырмын. Әке-шешесі бар кезде де оқымаған. 280 мың дегенді білмеймін. Керісінше, мен оларды киіндірдім, тамақ бердім, су бердім. Басқа ешнәрсені білмеймін" – дейді Есенбектің нағашы апасы Елшарбан Ахметова.

Ал Есенбектің туған әпкесі інісіне мүгедектігі үшін төленетін мемлекеттік көмекті әлі нағашы апайы Елшарбан Ахметованың иемденіп отырғанын айтады. Есенбек үйіне қанша барғанмен, төлқұжатын қайтармай әуре-сарсаңға түсіріп жүр екен. Полиция болса үнсіз. "Тексеру жұмыстары жүріп жатыр" деп сылтау айтумен құтылатын көрінеді.

“Ол тек ақша үшін ұстады. Бұған көмек үй беріледі, ақша беріледі. Соның бәрін өзі алғысы келді. Бұл баланы қараған жоқ. Бәрібір қыстаққа жіберіп, айлығын өзі алып отырды. Бізге тамызда қашып келгенінде карточкасын бірден бұғаттап тастадық. Ол кісніңі қолында паспорт болғандықтан ашып алыпты. Сөйтіп жиналған 4 айдың ақшасын алып алды” – дейді Есенбектің әпкесі Шолпан Құсайынова.

Есенбектің туған әпкесі дені сау бауырын "ауру" деп, жұмысқа жеккені үшін туысқаны Алшарбан Ахметоваға өкпелі. Қара жұмысқа салғаны былай тұрсын, аш-жалаңаш қалдырған дейді. Оның тапқан ақшасын қалтасына басып отыр деп налиды. 

“Аталған тұлға бойынша келетін болсақ, енді ол заңмен белгіленеді. Содан кейін арнайы комиссия қарайды. Әрине егер тағы басқа туыстары табылып, сол өзіне өтініш жасап осыған бір ықылас білдіріп жатса ол заңмен қаралып, тиісті жаңағы құзырлы органдармен келісе отырып, мәселе шешіледі” – дейді қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар мен азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі басшысының орынбасары Азамат Құрманғалиев.

Жауапты орган өкілдері бұл мәселенің ұзаққа созылмай шешілетініне сенімді. Егер ақыл-есі кем деп табылған тұлғаның өзге де жанашырлары табыла тұрып, қамқорлыққа алудан бас тартса, ол мемлекеттің қарамағына өтуі тиіс деген шешімді алға тартты. Ал жасы енді 22-ге келген жас жігіт білім алып, шаңырақ құруды армандайды.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір