• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 22:55:17
Алматы
+35°

17 Қаңтар, 2019 Әлеумет

"Әулиелер өлмейді, олар тірі..." Әулие деп кімді айтамыз?

«Ислам» энциклопедиясында «Әулие - діни наным бойынша тірілердің тағдырына ықпал жасай алатын, қасиетті, киелі адамдар» деп анықтама берілген

Соңғы ғасырларда бүкіл қазақ қоғамымен және аяқ жетер жердегі алыс-жақын шет елдіктермен бір ауыздан «әулие» деп мойындалған адам –  Сопылық ілімнің аса көрнекті тұлғаларының бірі Маңғыстаулық әулие Бекет-пір ата.

«Әулие – Алланың досы, Алланың нұсқауындағы адам. «Ислам» энциклопедиясында «Әулие - діни наным бойынша тірілердің тағдырына ықпал жасай алатын, қасиетті, киелі адамдар» деп анықтама берілген.

Әулие туралы Құран Кәрім «Жүніс» сүресінің 62 аятында «Алланың сүйікті достарына (құлдарына) қорқыныш та, өкініш те жоқ» делінген. «Алланың сүйікті достары - әулиелер».

Қазіргілер «Әулие» деген сөзді арабқа телиді. Ақиқатында, Әулие – таза қазақ сөзі. Әулие – "әулеттің иесі" деген екі біріккен сөзден тұрады. Арғы тегі  «ауыл иесі (ие)» деген сөзден бастау алады. Күні бүгінде де бір атаның ұрпақтарын «пәленше, түгеншенің әулеті» деп жатамыз. Себебі, әулие – әулеттің басы, әулет – әулиенің ұрпағы. Шындығында да, әр адамның өз әкесі өзіне «әулие» саналады. Бірақ, әулие дәрежесі кез келген жанға беріле бермейді. Ол үшін сопылық жолдағы адамзаттың кемел адам деңгейіне көтерілудің даму жолдарының төрт сатысынан: шариғат, тарихат, ақиқат және мағрипат сатыларынан өтуі керек. Осы сатылардан өткендер, яғни ата-бабаларының тарихынан (жақсысынан да, жағымсызынан да) хабардар жандар, олар жіберген кемшіліктерді қайталамайды, тек қана жақсысын жалғастырады. Өткен тарихты білген жан алдын да болжай алады. Оларды біздің аталарымыз «көріпкел уәли» деп те атаған.

Қазақта мынадай мақалдар бар: «Әулие, Құдай емес, Құдайдан былай да емес», «Әулие аттаған оңбас». О, баста Алла Тағала адамды әулие болу үшін, өзіне дос-халифа, яғни жердегі орынбасары болуы үшін жаратқан еді. Айтылып отырған әулиелердің барлығы да осы өмірдің өзінде сол мақсатқа жеткен, Алланың үмітін ақтап, жердегі орынбасарлық дәрежеге ие болған жандар.

Маңғыстаудың «360 әулиелі киелі Маңғыстау» деп айтылуының сыры осы.

Әулиелер өлмейді, олар тірі. Ол туралы Қасиетті Құран Кәрімде мынадай аяттар бар:

«Алла жолында өлгендер өлі деп ойлама, әрине олар тірі. Раббыларының жанында олар ризыққа бөлендіріледі». Тағы бір аятта «Алла жолында өлгендерді өлі демеңдер, олар тірі, бірақ сендер сезіп біле алмайсыңдар». (Бақара сүресі, 154 аят ).

Қазақ халқының түсінігінде әулиелер қасиетті Құран Кәрімде  айтылғандай «тірі» саналған. Әулиелердің тірі екендігін Базар жыраудың мына жыр шумақтарынан көре аламыз:

       Мына бір шолақ дүниеден

       «Әулие өлмес» дер едім;

       Отқа салса, күймеген,

       Залымдардың өмірі

       Бір шарпуы тимеген,

       Арамды көңілі сүймеген;

       Дін мұсылман баласын

       Кереметпен билеген;

       Саһар тұрып жылаған

       Хақтан медет сұраған;

       Ол ерлердің тағаты

       Құдайына ұнаған,

       Баба түкті Шашты Шашты Әзиз,

       Ер Сейтпенбет, Мағзамнан,

       Марал ишан, софы Әзиз –

       Солардан да өткен сұм дүние...

Алпамыс батыр жырында бір перзентке зар болып жүрген Байбөрі бай Жаратқаннан бала сұрап бүкіл әулиені қыдырып, Баба түкті Шашты Әзиз әулиенің басында түнеп жатқанда түсіне әулие кіріп:

      Ей, бишара, мүгедек,

      Жаныңызға не керек?

      Дейсің ғой: «Маған ұл керек!»

      Әулиені қыдырдың

      Жердің жүзін сыдырдың,

      Маңдайыңа төбелеп.

      Әрқайсының әртүрлі

      Мәртебесі бір бөлек.

      Сен үшін бәрі қиналды,

      Бір жерге тегіс жиналды.

      «Бір ұл бер деп, - деп осыған»

      Бір жаратқан Құдайдың

      Дәргейіне жылады.

      Мен де тұрдым ішінде,

      Әулиенің күші де.

      Жаратушы жалғыз-ақ,

      Дәргейіне ұнады,

      Ұнағанын сонан біл;

      Бір қыз қосып сыйлады.

      Сексен сегіз серулер,

       Тоқсан тоғыз мың машайық

       Бәрінің көңілін қимады.

       Менің атым Шашты Әзіз,

       Қыламын десең ықылас,

       Жарылқады Жаратқан,

     Ей, бишара, көзіңді аш! – деп Байбөрінің тілегінің қабыл болғандығын, Жаратқан Иенің ұл беретіндігін оған қосып бір қыз сыйлағандығын айтады...

       Анау бір жолы аттанған

       Әскерді қырғыз қырғанда,

       Басынан оба қылғанда,

       Ол хабарды ел біліп,

       Көп батырмен сен жүріп,

       Көзіңнің жасын көл қылып,

       Қысылған әскер басының

       Қасына барып тұрғанда,

       Ақбоз атты шалғанда,

       Мойныңа кісе салғанда,

       Баба түкті Шашты Әзіз,

       Содан бата алғанда,

       Тілеуің қабыл болғанын,

       Басыңа Қыдыр қонғанын,

      Ұмыттың ба соны Абылай?!

Жырда аласапыран заманда Абылай ханның Баба түкті Шашты Әзиз әулиенің басына зиярат етіп, ақбоз атты құрбандыққа шалып, Баба түкті Шашты Әзізден бата алғандығы, одан соң ханның басына Қыдыр қонып, тілеуінің қабыл болғандығы баяндалады. Әулиенің тірі екендігін, тіріге қолдау көрсететіндігін бұл жырдан да анық байқауға болады.

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының «Өлеңмен берілген аят» атты өлеңінде әулиеден медет тілеп, бата алғандығы былай баяндалады:

               Шығып ек кешегі айда елімізден,

                Мекен-жай, қоныс қылған жерімізден.

               Хазіреттің ақ күмбезін зиярат қып,

               Қол жайып бата алғалы пірімізден.

Біздің бұл жолдардан көретініміз, Алла Құран Кәрімде «әулиелер өлмейді» деп ескерткеніндей, тіріге тірі қалай көмектесе алады, әулиелер де солай көмектесіп,  қолдап, желеп-жебемек. Демек, Қазақ қарияларының «Әулиелер қолдасын» деп беретін баталары және сыйынатындары бекерден-бекер емес.

Әулиелерге де, олардың молаларына да қиянат жасауға болмайды. М.Ж.Көпейұлы: «Өлген адамның ешкімге қиянаты жоқ, Кімде-кім маған қиянат жасаса, 7 жыл жүйкесі тозып, 7 жылдан кейін жұлыны үзіледі» деп ескерткеніндей, 50-жылдары атамыздың қабірін бұзған офицердің көп ұзамай қайтыс болуы, тіптен ұрпақсыз кетуі тегіннен-тегін болмаса керек.

«Ақылы бар адамға Алланың әулиелері туралы жаман ойлауға болмайды» (Аль-Имам ан-Науауи).

Ал Маңғыстаулық Бекет Ата әулие деп көзінің тірісінде-ақ мойындалған:

               Ақтауға келсең, ақ тілек айтып тойлап кел,

               Отбасын емес, Орданың қамын ойлап кел.

               Қазақтың Пірі – Әулие Бекет Атаның

               Әруағымен ойнап көр!» (Мэлс Қосымбаев, ақын, Маңғыстау).  

Сопылық ілімнің төрт сатысынан өтіп, әулие дәрежесіне көтерілу, бүкіл халықпен бір ауыздан әулие деп мойындалу – өте сирек кездесетін құбылыс. Ұлы Жаратушы Әулие болуды екінің бірінің маңдайына жазбаған. Атамыз қазақтың дәстүрлі дінінен мақрұм қалып, өзге дінге, өзге ағымға табынатындардың сопылық ілімді жақтырмайтыны осыдан.

Қожырбайұлы Мұхамбеткәрім

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір