• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 17:21:55
Алматы
+35°

14 Қаңтар, 2019 Экономика

"Алтын сейф" қайда сақталады?

1930 жылдары әлемнің көптеген елдері өздерінің алтын қорларын АҚШ-қа сақтауға берген.

 2009 жылы әлемдегі өндірілген алтын қоры 165 мың тоннаны құраған. Ақшаға шаққанда, құны 5 триллион доллардан асып түседі.

1930- жылдары әлемнің көптеген елдері немістердің басып алуынан қорқып, өздерінің алтын қорларын АҚШ-қа сақтауға берген, сол алтынның бәрі осы күнге дейін АҚШ-тың Федералды резерв банкісінің Кенттукки штатында орналасқан Форт Нокс қоймасында сақтаулы. Әлемдік валюта қорын АҚШ бақылайтындықтан, АҚШ Конгресінің рұхсатынсыз ол алтынды өзінікі болса да  ешқандай ел ала да, сата алмайды.

Дегенмен, Америка халқы мен АҚШ Конгресі мүшелері АҚШ-тағы алтын қордың сары майдай сақтаулы екендігіне күмәнді. 2012 жылы әлемдік БАҚ-тарда халықаралық нарықта  кәдімгі алтын құймалардан айыра алмайтын  жасанды құймалардың  пайда болғаны турасында сериялы мақалалар көптеп басылды. Америкалық «халық қалаулылары» алтын құймаларды  өз көздерімен соңғы рет 1950- жылдардың басында, 60 жыл бұрын көрген екен. Конгресмендер осы жағдайды қатаң сынға алға алып, із кесу органы тексеруді қолға алған. Ол туралы сәл кейін.

АҚШ-тың әлемдік алтын қорын уысында ұстап, жамбасына басып жатуы әлем елдерінің бәрін бірдей қанағаттандырып отырған жоқ. Мәселен,  Венесуэла 2011 жылы шетелде сақтаулы алтын қорын қайтаруға әрекет жасап көрді. Ештеңе шықпады. Алтын қоры жөнінен әлемде екінші орында болса да, Германияның алтынының көп бөлігі басқа елдерде сақтаулы. Атап айтқанда, неміс алтынының 31 пайызы Германияда, 45 пайызы АҚШ-та, 13 пайызы Англияда, 11 пайызы Францияда сақтаулы. Герман билігі шеттегі бар алтынын неміс жеріне алуға шешім шығарғанмен, АҚШ оны берген жоқ.  

Мақаланың бас жағында айтылған АҚШ алтынына қайта оралсақ. Форт Нокс деп отырғанымыз – АҚШ-тың алып әскери базасы. 1933 жылы АҚШ  Президенті  Франклин Рузвельттің жарлығымен америкалық азаматтарға алтын теңге, алтын құйма ұстауға тыйым салынған, сол себепті АҚШ азаматтары қойны-қоныштарына тыққан алтындарын Федералды резервке сатып, ол әлденеше есе байыған.  Молайып кеткен алтынын сыйдыра алмаған АҚШ билігі Кентукки штатынан «алтын сейф» құрылысын жүргізіп, армияның қорғауына берген.  Алдыңғы қатарлы әскери техниканың ең соңғы үлгісімен жарақтанған алып горнизон содан бері Америка Құрама Штаттарындағы ең үлкен қоймадағы алтын қорын (4 176 тонна) кірпік қақпай күзетеді. Бетонмен бүркелген қалың гранит қабырғалардың ішінде миллиондаған алтын құймалар бар. Оған тек қана салмағы 20 тонна тартатын болаттан жасалған есік арқылы ғана енуге болады. Ол қойма кез келген жарылысқа былқ етпейді, тіпті атом бомбасы жарылса да былқ етпеуі мүмкін. Ал әлгі есіктен АҚШ президентінің кіруіне де рұхсат жоқ. Оны тек қасиетті Қағбаның есігін ашқандай, ең сенімді деген он адам өз кілттерімен ашады. Біреуінің кілті сай келмесе, есік ашылмайды.

«Алтын сейф» үшін бұдан артық сенімді жер табылмас. Десек те, дәл осы сенімді жерге қатысты 2009 жылы қазан айында халықаралық дау туды. «Даудың басы – Дайрабайдың көк сиыры» демекші, дау қаржы министрлігінің қоймада жатқан бірнеше тонна алтынды Қытаймен есептесу үшін алғанынан басталды. Әрине, онда тұрған ештеңе жоқ, барлық алпауыт елдер өзінің сауда балансын қолдау үшін тұрақты түрде алтын құймаларымен есептесіп отырады. Әлемдегі алтынның алмасып отыруын арнайы комитет – Лондон бағалы металдар нарығына қатысушылар қауымдастығы бақылап отырады. Қытай жағы қажетті көлемдегі алтын құймаларын алып, оның ішінен бірнешеуін сынақ үшін тексерген. Металдың тазалығын білу мақсатында. Сөйтсе, америкалықтар жіберген  құймалар жасанды болып шыққан. Барлық сары темірге тек алтын жалатылған екен. Дәл осы құймалар Форт Нокста ұзақ жылдар сақталып келген.

Қытайлықтар бірден дау шығарып, америкалықтардың бетіне бес батпан ұятсыздығын шышғырып басты. Тексеріс басталды. Барлық құймалар нөмірленіп, Федералды Резервтік Жүйе  банкілерінен Билл Клинтонның билігі кезінде алынған болып шықты. Кәдімгі алтын құймалардан айыра алмастай етіп жасанды құймалар құйдыруға бұйрық бергені үшін Клинтон айыпталды. Құймалардың барлық партиясы қытайлықтардан қайтарылып алынды.

Қытай ізкесушілерінің мәліметінше, әлемдік нарықта осы жасанды құймалар сатылып келген. АҚШ осылайша бүкіл әлемдік қауымдастықтың аузын аңқайтып келген. Клинтоннан келген зардапты таразыға тартып жібергенде, ол 600 миллиард долларға тең болып шыққан. Биліктің ең жоғары эшолонында шыққан дауды америкалықтар Ақ үйдің аумағынан сыртқа шығармауға тырысып, жылы жауып тастады.

Жалған купюра жасау үшін арнайы қағаз, бояу, қалып (клише)  керек. Ал жасанды алтын жасау үшін алтынның салмағына сай металл қажет. Алтын жұмсақ болғанына қарамастан, өте-мөте  тығыз болып келеді: қорғасыннан екі есе, болаттан үш есе тығыз. Алтын бұйымдардан бұл байқалмайды, бірақ алтын құйманы қолына ұстаған адамның  оны  байқамауы мүмкін емес.

Арнайы қалыптағы таза алтын құйманың («London good delivery bar») салмағы  12,5 келідей (400 унция) тартады. Көлемі кәдімгі жазуға арналған кітапшадай. Ал болаттан жасалған жасанды құйманың дәл осындай көлеміне қарамастан салмағы екі есе аз болады.

Әлемде алтынның тығыздығына тең келетін екі ғана металл бар.  Біріншісі – уран, бірақ ол радиоактивті және қолға түсіру қиын болғандықтан алаяқтардың оң жамбасына келмейді. Екіншісі – вольфрам , алтыннан үш есе арзан тұрады әрі түсі өзгеше. Ал әлгі алтыннан айнытпай жасалған жасанды құймаларды алаяқтар химиялық тексерістің өзі айырып бере алмастай етіп құйған екен. Жыланның аяғын көрген қытайлар сонда да сенбей ішін ұңғып көрген ғой. Нәтижесі жаңағыдай.

Ал «Клинтонның алтыны» әлі күнге дейін Форт Нокста сақтаулы екендігіне және әлемді шыр көбелек айналып жүргеніне күмән жоқ. Биллдің өзі баяғыда тып-тыныш  демалысқа кеткен,  шу шығартпауды қатыны Хиллариге табыстаған болар бәлкім.

Конгресмендердің сұрау салуына Федералды резервтік жүйе басшылары өздерінде  ешқандай алтын жоқ екенін, ФРЖ  1934 жылдан бері алтынның бәрін қаржы мекемесіне өткізіп, орнына алтын сертификат алғандарын, сондықтан алтынға қатысты алаяқтыққа қатыстары жоқ екенін мәлімдеген.

Сонымен әлем елдерінің алтын қоры қайда сақталады десек, әр ел оны құпия ұстауға тырысады және мықты-мықты мемлекеттерге  бөліп-бөліп орналастырады. Десек те, негізінен әлем алтынының ең басым бөлігі АҚШ-та, Англия мен Францияда сақтаулы. Ресей де қазір осал емес, негізгі алтын қоры Мәскеудің өзінде сақталады деседі. 

АҚШ долларының алтын қормен қамтамасыз етілмегенін  жұрттың бәрі біледі. Сондықтан «көк қағаздың» сатып алу құны нөлге тең. Сол құны нөлге тең «көк қағазды» АҚШ станоктары күні-түні тоқтаусыз басып, оны әлем елдері жапатармағай сатып алып  жатыр. Ешкім күтпеген бір күні сол «көк қағазыңыз» шын мәнінде жай қағаз болып шыға келері айдан анық. Нағыз саф алтын сол кезде керек болады.

Төреғали ТӘШЕНОВ

 

 

 

Төреғали Тәшен

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір