• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

28 Наурыз, 18:26:51
Алматы
+35°

12 Наурыз, 2018 Сегіз өрім

Әлеуетті әскер әлжуаз әнді шырқамас болар

Оларға нені айтқызып, нені қойғызу керектігін рота командирлері реттемесе, жетіскен екенбіз!

Қазақтың эстрада жанры кенжелеп дамып келе жатқандықтан, оны оңдырмайтын айтқыштар да көп. Сынауға сауаты жетсін-жетпесін, әйтеуір, ерінбегеннің бәрі емеурін білдіріп қалуға құмар. «Нашар», «быт-шыт», бытықы-шытықы... Жаза-жаза жауыр, айта-айта ақжем болған ол тақырыпқа соқпай-ақ, бұл жолы біз саптағы сарбаздар сарынының сиқына тоқталып көрмекпіз...

«Самолет ұшып барады-ей! Хей!

Қай жаққа барып қонады-ей? Хей!».

1977 жылғы ағам Қарағандыда Отан алдындағы борышын өтеп жүргенде, сарбаздар осы әнді екі жыл бойы «шырқапты». Екінің бірі, егіздің сыңары «ақын» атанып жүрген заманда мәтін авторына бәрібір ғой делік. Ал алда-жалда ел басына күн туа қалса, төбесінен зу-зу етіп күнде өтіп жататын әскери ұшақтың қай бағытқа кеткенін білмейтін Отан қорғаушылардан не үміт, не қайыр?! Оларға нені айтқызып, нені қойғызу керектігін рота командирлері реттемесе, жетіскен екенбіз!

Сонымен қатар, әлгілердің сарт-сұрт қадам басып бара жатып айтатын жұпыны «репертуарларындағы» тағы бір ән мынау болыпты:

«Қызыл гүлім-ай, қызықтырдың-ай!

Аппақ гүлім-а-а-ай, ардағымсың-ай!..».

Осы күні болса, шеп алдына Қайрат Нұртасты шығарып алып жүретіндей екен, ә? Ол баланың қырылдап-бырылдап орындайтын «инкубатор әндері» қорғаныс саласындағылардың арасында да хит шығар, бәлкім? Қазақ жауынгерлерінің босаң, болбыр «әндерді» орындап бара жатқанын елестетудің өзі қандай аянышты?!.

Оу, сонда, ерлік рухын шарықтата шырқайтұғын патриоттық әндердің пәрмені жоқ па?! «Жоққа жүйрік жетпейді» дейін десек, бар. Толып жатыр!

«Бейбітшілік сақталады» (әні – Ә. Еспаевтікі, сөзі – Н. Шәкеновтікі), «Армысың, айбынды сарбазым?!» (әні – Б. Алтаевтікі, мәтіні – Б. Смағұлдікі), «Жас ұландар әні» (әні – Е. Әміровтікі, мәтіні – С. Ақсұңқарұлынікі), «Сарбаздар маршы» (әні – Қ. Сәтиевтікі, сөзі – Қ. Смағұлдікі), т.б. арнайы әндеріміз ешкімнің тақиясына тар келмесе керек-ті. Орындай алса, оңды әнге зәру емеспіз. Тіпті, еліміздің түкпір-түкпірінде жас сарбаздардың жігерін жану мақсатында «Әскери-патриоттық әндер» фестивалі, «Әскери керней» атты патриоттық әндер байқауы, «Ерлік – ұрпақ ұраны» деген әскери-патриоттық әндер байқауы мен «ВИВАТ, Қазақстан!» әскери-патриоттық әндер фестивалі сынды көптеген сайыстар ұйымдастырылып жүр ғой. Қайда, солардың толыққанды нәтижесі?!

Нәзік жүректі («түкті жүректі» дегенді абайлап қолданатын деңгейге түстік) ұландарымыз шепте шіңкілдеп лирикалық ән орындамаса, қазіргі айналдырған бір жылдың ішінде махаббаттан мақұрым бола қалмас... Бауырына алты ішекті гитарасын басып алып, «уап-па-палатуға» үзіліс уақыттары да жетеді әрі-беріден соң! Ал негізінде қазақ жас қырандарының сапта саңқылдап айтуы тиіс әндері мыналар:

 

«Өзіңнің аспаның – қорғасаң,

Өзіңнің жазираң – толғасаң,

Ата Заң – өзіңнің айбарың,

Өзіңнің аймағың, байрағың,

Армысың, айбынды сарбазым?!».

 

«Сен маған жұмақ бағысың!

Бар әлем сені танысын!

Ант берем мәңгі қорғауға,

Алаштың арын, намысын!».

 

«Көк байрақ – арайлаған нұр таңымыз,

Жігіттің сынға түскен сұлтанымыз!

Дұшпанға қатал болған, досқа берік,

Жаужүрек Бауыржанның ұрпағымыз!».

 

«Қорғау үшін өмір көркін,

Бүгіннен де ертең нұрлы.

Болдырмаймыз соғыс өртін,

Достар берік сапқа тұрды!».

Міне, саған сауатты сарбаз әні керек болса!.. Патриоттық па, патриоттық! Рухты ма, рухты! Әсерлі ме, әсерлі! Демек, «ән түзелмей, сән түзелмейді». Өзге жұрттан үстіндегі алабажақ киімімен ғана ерекшеленбейтін әскердің аты – әскер болуы керек! Үкілеген үмітімізді «Отан қорғаушы» деген атқа лайық борышын өтеген баламыз ғана ақтай алмақ. Оларға сауатсыздық, әлжуаздық жараспайды.

Қазіргі кейбір арулар жігіттердің бұйрық бере сөйлегенін ұнатады. Ал ол үшін де көп жағдайда қатаң тәртіпті көріп, барлық сынға төселген, бойына патриотизм нәрін сіңірген мықты ұлдардың аз болмағаны абзал.

P.S. Сөз басында айтылған кім көрінгеннің орындауындағы эстрада айқайынан әскери әннің орны бөлек. Сондықтан оның мәтінін міндетті түрде талантты ақындарға жаздыртпаса болмайды. Бұлай дейтініміз, дамыған елдерде арнайы әскери ән, әскери әнұран, әскери марш жазатын маман-композиторлар мектебі бар. Олар ақындарды «маңдайынан шертіп жүріп» таңдайды. Себебі, жауынгерлердің санасын сергітетін, олардың сапта жүрген кезінде аяқ алысын, қимыл-қозғалысын ширататын қанатты әндер керек. Ондай қанатты ән кезінде өзімізде де болған. Бұрынғы қазақтар әні де, сөзі де мығым «жорық жырларын» шырқаған. Ондай жырды айтқан сәтте жасық жігіттердің өзі найзаға қалай жармасқанын білмей қалады екен. Сол құнымызды тәуелсіздік жылдарында түсіріп алмауға тырысайық енді!..

 

Еркеғали БОЛАТҰЛЫ

Erkegali Bolatuly

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір